Орталық клиникалық аурухананың дәрігерлері коронавирус жұқтырған қарт кісіге ота жасады. Бұл турады Денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі хабарлады.
81 жастағы қария коронавирус инфекциясын жұқтырған. Дегенмен, оның өмірін сақтап қалу үшін ота жасау қажет болыпты. Сондай-ақ, қарияның созылмалы ауруға шалдыққаны анықталған.
«Науқасты апта бойы отаға дайындадық. Бүгін эпидемиологиялық шектеулерді сақтай отырып, жабық репозицияға байланысты ота жасалды», - деп жазылған хабарламада.
Арнайы костюм, қолғап, маска мен көзілдірік дәрігердің қабілетін төмендететініне қарамастан ота сәтті өтті. Процесс сағаттан аса аяқталған.
«Қалыпты жағдайдағы отаның өзі – кәсіби мамандардың ең күрделі жұмысы. Бұл ота ортопедия бөлімінің басшысы Тәуекелов Қанат Тәңірбергеновичтің басшылығымен жасалды. Коронавирус жұқтырған науқастарға жасалатын мұндай операциялар Алматы бойынша біздің клиникада ғана өтеді», - деді бас дәрігердің міндетін атқарушы Гүлнар Құлқаева.
Айта кетейік, 3-мамырдан бастап Орталық клиникалық аурухана инфекциялық стационар ретінде жұмыс істеуде. Аурухана медицина қызметкерлерінің жаппай инфекция жұқтыруына байланысты карантинге жабылған.