Павлодар облысының экс-әкімі Болат Бақауовтың үстінен қозғалған қылмыстық іс сотқа жетті. Сот процесі 27-мамырға тағайындалған.
Сот кабинетіндегі құжаттарда Бақауовтың «қызметтік өкілеттілігін қылмыстық құқық бұзушылық әрекеттерде пайдаланғаны үшін» айыпталғаны туралы айтылған.
Үстіміздегі жылдың қаңтар айында Бақауовты қамауға алғаннан кейін ҰҚК мәлімдеме жасап, Павлодар облысының экс-әкімі «қызметін асыра пайдалану» бойынша күдікті екенін жеткізген. ҚР ҚК 362-бабында бұл айып дәлелденген жағдайда күдікті 5-10 жыл аралығында бас бостандығынан айырылатыны айтылған.
17 қаңтарда сот ісі бойынша тың мәліметтер пайда болды. AksuTransLogistik компаниясының салық бойынша кешенді тексерісінің қорытындысында 2014-2018 жылдар аралығында 200 миллион теңгеге қатысты құқық бұзушылық байқалған. Компания бұрынғы әкімнің туысына тиесілі. Қазір аймақтың бұрынғы басшысы тексеру шараларына үстемдік етті деп айыпталып отыр.
Ол аймақтың Мемлекеттік кірістер департаментінің қызметкерлерін салық көрсеткішін 3-5 миллион теңгеге дейін түсіруге мәжбүрлеген. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында күдікті екі ай мерзімге қамауға алынған. Бір айдан соң бұл үкімді үйқамаққа өзгертті. Себеп – күдікті азаматтың өзін нашар сезінуі. Тергеу төрт ай бойы жүргізілді.