Елімізде коронавирус пандемиясына байланысты жарияланған Төтенше жағдай режимі тоқтап, карантин шараларын сатылы түрде жеңілдету жүргізіліп жатыр. Осы ретте Алматы облысында да бірқатар шаралар жүргізілуде.
Қала әкімінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, облыстың бас санитар дәрігерінің қаулысымен қалааралық және ауданаралық блок-бекеттер жұмысын тоқтатпақ. Тек коронавирус инфекциясының ошағына айналып тұрған аумақтар ғана бақылауға алынады.
Облыстың бас санитар дәрігері Қайрат Баймұхамбетовтің айтуынша, моншалар, сауналар, СПА, массаж орталықтары жұмыс істей бастайды. Қойылатын талап – қызмсет алушыларды жеке-жеке қабылдау.
«Мектепке дейінгі ұйымдарда кезекші бөлім жұмыс істей бастайды, шағын білім беру орталықтары жұмысын жалғастырады, аталған мекемелерде балалар мен қызметкерлердің денсаулығы әрдайым бақылауда болуы тиіс. Тұмау белгісі бар балалар мен қызметкерлерді ғимаратқа кіргізуге қатаң тыйым салынады. Арнайы мамандандырылған орталықтар да өз жұмысын бастайды», - деді ол.
Сондай-ақ, стадиондарға 50 адамға дейін қабылдауға рұқсат етілді. Тіпті, Қапшағай қаласындағы «Балдәурен» Республикалық оқыту-сауықтыру орталығы» да жұмыс істеуі ықтимал.
«Қоғамдық орындарға, өндіріс орындарына, әуежакйларға, балалар алаңдарына дезинфекциялық жұмыстар жүргізіліп отырады. Әрқашан өз денсаулығымызды күту үшін сақтық шараларын қатаң сақтауымыз керек», - деді облыстың бас санитары.
Аталған қаулы 2020 жылдың 18-мамырында сағат 08:00-ден бастап күшіне енеді. Талғар, Кеген аудандары мен Талдықорған қаласына аталған қаулы жүрмейді.