Алматы қаласының әкімдігі 11-мамырдан бастап қаладағы жағдайдың қандай болатыны туралы пікір білдірді. Қала басшылығының мәліметіне сүйенсек, Алматыда карантин режимінің барлық талаптары сақталады.
«Блок-бекеттер жұмысын жалғастыра береді. Бұрын қабылданған талаптар қатаң сақталады. Жұмысқа тек рұқсат алған орталықтар ғана кірісе алады. Ал қоғамдық көліктің жұмыс уақыты 06:00-19:00 аралығында болады», - деп хабарлады әкімдік.
Қаланың бас санитарлық дәрігері Жандарбек Бекшин алматылықтарға карантин талаптарын бұзбауға, қатаң сақтауға кеңес берді.
«Қызметкерлерді қорғаныс құралдарымен қамтамасыз етуді тоқтатпау керек. Барлық қызметкер маска киіп, қолғап киіп, арнайы костюмдерде жүруі керек. Дүкендер мен шаштараздардағы қызметкерлер де міндетті түрде қорғаныс шараларын сақтауы тиіс. Барлық нысандар желдетіліп, ауасы тазартылғаны жөн», - деді ол.
Еске сала кетейік, 11-мамыр күні мемлекет басшысы Төтенше жағдай жөніндегі мемлекеттік комиссияның отырысында мәлімдеме жасайды.