ҚОСТАНАЙ. BAIRAQ.KZ - «Nur Otan» партиясының «Қазақстан кітапханалары – заманауи білім орталықтары» партиялық жобасы аясында уақыт талабымен үндескен білім орталығы ашылды bairaq тілшісі Қостанай таңы газетіне сілтеме жасап. ҚР Парламенті Мәжілісінің Депутаты Ирина Аронованың Қарабалық ауданына жұмыс сапары аясында жаңа орталықтың "тұсауы кесілді". — Бастысы – жастардың жаңаша білім алып, оны дұрыс пайдалана білуінде. Технологиялардың келешегі зор. Сондықтан инновациялық білім алуға мүмкіндік жасау – мемлекет саясатының маңызды бағыттардың бірі. «Қазақстан кітапханалары – заманауи білім орталықтары» жобасының шеңберінде қазір елімізде кітапханалар осындай уақыт талабына сай білім орталықтарына айналып, тиісінше жабдықталып, электронды үлгіге көшірілуде,- деді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Ирина Аронова.
Мұнда түрлі әдебиеттермен, оқу құралдарымен қатар, кез келген ақпаратты онлайн-режимде алуға мүмкіндік жасалған. Орталық интернет желісімен, цифрлы технологиялармен, қажетті жиһаздармен толықтай қамтамасыз етілген. Келушілер үшін мұнда қажетті ақпарат алып қана қоймай, өзара ой-пікір, тәжірибе алмасуға, шығармашылық еңбекпен айналысуға да мүмкіндік зор.
— Кітапхана жүйесі қайта жаңғыртылуда. Классикалық бағыт бойынша кітап бұрынғыдай беріледі. Қазір бұл бағыттар басқаша өңге енуде. Яғни, халықпен жұмыс істеуге басымдық беріледі. Тіпті, оқырманның өзі өзгеріп, білімді адамдар саны арта түседі. Осындай коворкинг-орталықтардың кітапханада ашылып, түрлі қызметті жаңа жүйеде ұсыну цифрландыруды іске асыруға бағытталған кезекті қадам деп біліуміз керек деді, — кітапхана қызметкері Үміт Ғалеева.
Бұл орталық кітаптың, түрлі әдебиеттердің де қадірін арттырып, көпшіліктің өз уақытын тиімді өткізуіне септігін тигізері сөзсіз. Айта кету керек, бұл – өңірдегі осымен алтыншы орталық. Аудан тұрғындары халыққа қызмет көрсету орталығына жүгінбей-ақ, бірқатар қызмет түрін де ала алады. Әсел ҚИБАШ