Жеңістің 75 жылдық мерейтойы қарсаңында Алматы облысында Ұлы Отан соғысына қатысты ескерткіштерді жаңарту жұмыстары басталды. Аймақ басшысы Амандық Баталовтың бұйрығымен үстіміздегі жылы «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында 119 ескерткіш жөндеуден өтеді. Аталған жөндеу жұмыстарына облыс бюджетінен 150 миллион теңге бөлінген.
«Алматы облысында барлығы 2 363 ескерткіш бар. Оның 238-і – ҰОС батырларының құрметіне орнатылған. Біз олардың ерлігін құрметтеп, әрбір ескерткішке қамқорлық танытуымыз керек», - деді Облыстық мәдениет, архив және құжаттар басқармасының басшысы Марлен Көлбаев.
Айта кету керек, Алматы облысы Жеңістің 75 жылдық мерейтойын онлайн-тойлауды алғаш болып бастады. Белгілі өнер жұлдыздары онлайн-концерт берсе, орталық алаңда қызметтік көліктер «9-май» сөзін құрастырды.