Дәл осы аймақта короновирус жұқтырған бір адам қаза тапқан.
Хайнань провинциясының денсаулық сақтау комитетінің мәліметіне сүйенсек, короновирустың жаңа түрінен осы аймақта бір адам қаза тапқан. Бұл жаққа Ухань қаласынан саяхаттап келген 80 жастағы кемпір дүниеден өткен.
27-қаңтар күнгі жағдаймен екшеп қарасақ, Хайнань провинциясында 31 адам жаңа короновирусты жұқтырған, төртеуі өте ауыр халде жатыр.
Қазақстаннан Хайнань мен Үрімшіге қатынайтын әуе рейстері жаңа короновирустың аталған аймақтарға жетуіне байланысты тоқтатылған.
Еске сала кетейік, Қытай билігі Әлемдік денсаулық сақтау ұйымына Ухань қаласынан короновирустың белгісіз түрі табылғанын айтып, хабарлама жіберген.
Короновирус жұқтырған азаматтар Гонконгте, Тайландта, Жапонияда, Тайваньда, Макао мен Непалда, Оңтүстік Корея мен АҚШ-та, Вьетнам мен Канадада, Сингапур мен Малайзияда, Франция мен Австралияда анықталған.
Қытайда осы вирусты жұқтырғандар саны 2744 адамды құрап, 80 адам қаза тапқан.
Басып шығару