Міржақып Дулатов: Абайды қадірлемеу - қазақтың кемшілігін көрсетуге жарайтын дүние
Абай сынды ақынның қадырын білмеу қазақ халқының зор кемшілігін көрсетуге толық жарайды. Себебі – қазақ басқа жұртпен үзеңгі қағысып, тең халық болып жасай алмауы, тарихи әдебиеті жоқтықтан. Тарихи әдебиеті жоқ халықтың дүнияда өмір сүруі, ұлттығын сақтап ілгері басуы қиын. Әдебиеті, тарихы жоқ халықтар басқаларға сіңісіп, жұтылып жоқ болады. Қай жұрттың болса да жаны – әдебиет, жансыз тән жасамақ емес. Қайдан өрбігенін, қайда өскенін, ата-бабалары кім болғанын, не істегенін білмеген жұртқа бұл талас-тартыс, тар заманда арнаулы орын жоқ. Сондықтан Абайдың аты жоғалуы мұнан кейін де шығатын Абайлар солай ескерусіз ұмытылуы ыхтималы – қазақтың жоғалуы, қазақ атты халықтың ұмытылуымен бірдей. «Қазақ» газеті. 1914 жыл