Көпшілік YouYube видеохостингідегі Аман Тасыған «Talklike» атты сұхбат айдарында кезекті қонақ елге белгілі әртіс, «Бауыржан Шоу» театрының директоры Бауыржан Ибрагим болды.
Өнердегі, қоғамдағы, саясаттағы жолы мен жас буынның қазіргі беталысы туралы сырлы сұхбат жасаған қос адамның арасында түрлі тақырыптағы әңгіме өрбіді.
Бауыржан Ибрагим өз кезегінде Нұрсұлтан Назарбаевпен, Иманғали Тасмағамбетовпен, Болат назарбаевпен достығын айтып, Тоқаевпен таныс еместігін, бірақ жақын күндері жолығуды жоспарлап отырғанын жеткізді.
Саяси структурадағы мансабы жайлы сұраққа «Демография – халық болашағы» атты партия құрып жатқанын, егжей-тегжейлі ақпаратты барлығы кемеріне толып піскенде жариялайтынын айтты.
«Мен демографияға үлес қостым. Жеті балам бар, бір әйелден емес. Үлкен әйелім түсінді, қазір көп әйел өз жарын басқа біреумен «қазақ үшін» деп бөлісе бермейді ғой», - деді ол.
Сондай-ақ, Бауыржан Ибрагим өзінен бала көргісі келетіндер туралы да сөз қозғады.
«Болады ғой, біреулер әзілдеп айтады, біреулер шынын айтады. «Шіркін-ай, сіздей азаматтан бір балам болса ғой» дегендер болды. Бірақ бетіме тура келіп, мен сенен бала туғым келеді деген жағдай болмады», - деп түйді ол.