Актер, режиссер, театр педагогы, өнертану ғылымдарының кандидаты, профессор, Қазақстанның халық әртісі және Достық орденінің иегері, елге танымал тұлға-Тұңғышбай Жаманқұлов NUR TILEY бағдарламасына берген арнайы сұхбатында әртістер өмірі туралы біршама шындықтың бетін ашты.
Актердің айтуы бойынша, халықтың өнерге деген ықыласы төмендеген. Тойға немесе басқосуға жиналған қауым кез-келген әншіге "осы әніңді айтшы, маған осы ән ұнайды" деп көңіл көтеріп отырады дейді. Осыған орай NUR TILEY бағдарламасының жүргізушісі Нұртілеу Иманғалиұлы өз ойын былай ашық жеткізді:
"Ежелгі қазақ дәстүрінде өнерпазды шақырған сұлтан оны аттан қолтықтап түсіріп, төріне шығарып, өзі төменде өнеріне қарап тамсанатын болған. Ал қазір қалай?! Қазір өнерпазды босағаға қойып, өзіміз төрде тамашалаймыз. Бұл, тіпті, қалыпты жағдайға айналды".
Сырлы сұхбатта өнер саласының бет-бейнесі айқын көрінді. Қасым-Жомарт Тоқаевтың қабылдауында болған Тұңғышбай ағамыз Мақпал Жүнісова, Асанәлі Әшімов пен өзінің айлығы 49000 теңгені құрайтынын айтып, өнер, театр саласында жүрген мамандардың көбі дерлік пәтер түгіл, ас-ауқат қамын ойлап қымсынып жүргенін жеткізген.