(Балетке арналған либретто-аңыз)
Олар бұл дүниеге қонақ боп келді де, құйындай өте шықты;
Құдды, бірде қонып, бірде көшкен керуеншілердей…
Құрығы ұзын, сұм Ажал талай боздақтарды жалмап жұтқан;
Мынау опасыз дүниені кім мәңгі еншілер дейсің?..
«Қорқыт ата» кітабынан
Ермек АМАНШАЕВ
Жаратылыс
Өліара шақ. Аспан бура бұлттармен көмкерілген. Тымырсық. Төрткүл дүние толғағы жетіп, босанардай немесе ғажайып бір құбылысқа кенелердей алмағайып халде. Жер бетін қара түнек басқан. Барша пенде баласы, жан-жануар болашақ қауіп-қатерден, зобалаңдардан сескенгендей қалш-қалш ете қорқып, оның соңы үрейге ұласа бастады. Ысқырып-үскіріп аласұрған адуын жел жер-дүниені, тау-тас, орман-көлдерді ықтырып, жойқын гуілімен жасқап барады. Бір мезгілде орасан зор гүріл шығып, артынан күн күркіреп, аспан көгін шатыр-шұтыр найзағай осып, ұлы дүрмек басталды. Алапат да- уыл басталды. Барша тіршілік қорқыныштан бүрісіп, бірі үйшіктеріне, енді бірі індеріне тығылды. Дауыл күшейіп, аспаннан шелектеп нөсер жауды. Әлсін-әлсін найзағайдың от семсері аспан төсін тілгілейді, сойғылайды. Осынау астан-кестең, жаһаннамға жол тартқан дүниеде тек бір бейне-құбылыс қана жаны жай тапқандай сақылдап күліп, соңына қорқыныш пен үрей, өрт пен тасқын қалдырып, асыр сала ойнақтап жүр. Ол Перінің қызы Марту еді. Кейде аярлана сықылықтап, кейде жан түршігерліктей ессіз сақылдай күлген Пері қызының жаһанды жалпағынан басып, дүниені шыр-көбелек айналып, мың бұралған биінің өзі үрей шашқандай. Осынау дүние дүрмегінің алдында қорқыныштан тізелері қалтырай бүгілген адамдар қорғансыздықтан бүріседі. Жаратқанға жалбарынып, жарықты, сәулелі Күнді қайтаруды сұрайды. Аспан одан сайын екілене күркіреп, найзағай қосыла шатырлайды. Шатыр-шұтыр еткен найзағай уілдеп келіп, жер бетін солқ еткізе шарқ ұрады, одан дауыл ұрып, бықсыған түтін желмен ұйтқып, отқа ұласып, айқұш-ұйқыш өрт шалады. Қою түнек пен қорқыныш, үрей үстемдік алып, мәз болып, мұратына жеткен Пері қыз – Марту аярлана күліп, дөңгелене билеп ойран салады.
Кенет дүние сәл ғана тынши қалды да, ұлы гуіл қайта жанданды. Күн күркіреп, найзағай шатырлап жатқан осынау тымырсық сәтте қараңғы түнекті жарып өтіп, ғажайып бір отты шеңбер Жерге лапылдаған сәуле болып найзадай шаншылды. Сол от – сәуле тамыры терең, алып Қарағашқа түсті. Сол-ақ екен, Қарағашты от шарпыды. Ұлы дүрмек сол бойы есірген халде. Күн күркіреп, найзағай шатырлап, дүние түнек шырмауына одан әрмен бата берген.
Соңынан аспаннан шелектеп нөсер жауды. Тіпті, Пері қыздың өзі мынау әлемтапырықтан сескенгендей, дүниенің басқа бұрышына ығып кетті. Алып Қарағаш лаулап жанып жатыр. Алайда құйындата жауған төкпе нөсер отты тез өшірді. Міне, қараңғылықты қақ жарып, Күн шапағы да жарқ етті. Әлгі аспан сәулесі шаншылған Қарағаштан зеңгір көкке қосқабат кемпірқосақ өрледі. Адамдар Қарағашты айнала топтала бастады. Табиғат та азапты ауыр түстен оянғандай, бойын енді жаза бастады. Құдды, бүкіл тіршілік атаулы жанданып, қайта түлегендей. Кенет Қарағаштың діңгегінен жылаған нәрестенің даусы естілді. Адамдар сескеніп, ошарыла қалды. Нәрестенің шырылы шырқап барады. Адамдар аңтарылып тұрды да, демдерін ішінен алып, ағашқа жақындады. Араларынан бір әйел батылырақ қимылдап, ағаштың діңгегінен іңгәлаған нәрестені суырып алып шықты. Маңдайы торсықтай, үлбіреген жас сәби жаңа шыққан Күн шапағындай айналаға сәулесін шашты.
Дүниенің басқа бұрышында сайран салған Марту қыз мұны көре сала, адамдарға қарай құстай зымырады. Алайда Күн сәулесі, нұрын шашып шалқыған жарық Күн оның сиқыр амалдарын кері қайтарып, әсер күшін жоғалтып тастады. Перінің қарекет-амалы жарық барда әдірам қалды. Содан болар, ол көктен түскен сәулелі перзентті өздерімен бірге алып бара жатқан Ана мен адамдарға қарсы тұрып, кедергі жасауға дәрмені жетпеді. Құйқылжыта шыр көбелек айналып, босқа әуре болды.
Халық зеңгір көктен түскен көкшулан перзентке Қорқыт деп ат қойды. Өйткені ол дүниеге адамдардың зәре-құтын қашырып, қорқыта, үрейлендіре келген еді. Дүниені қара түнек басып, тымырсық тығырыққа тіреп, аспан күркіреп, найзағай солқылдап, нөсер жауып, өзендер сарқырап, әлемтапырықтан ұнжырға түскен кезде, сол үмітсіз жынойнақтан жарқ еткен сәуле боп шығып, жұлдыз боп жерге түскен таңғажайып құбылыс еді.
Қос құбылыс
Қорқыт адамдармен тез үйлесті: ер-тоқым мен ат әбзелдерін сайлап, құрал-сайман жасауды, от тұтатып, оны өшірмей ұзақ ұстауды, сөндірмей ала жүруді үйренді, кейде үйретті. Бертін келе көсегесі көгеріп, беделі асып, жаңа туған нәрестелерге бата беріп, ат қою мәртебесіне де ие болды.
Бірде ол түс көрді, түсінде ғажап іс көрді. Асатаяғы көкке тірелген бір ақсақал алшаңдай басып келді де, аян берді: «Адамдар тіршілік қамытынан белдері үзілердей азапта тіршілік кешуде. Түрлі қауіп-қатер, уайым мен мазасыздық, аң-құс, жыртқыш құзғындар, сұрамай келетін ауру-сырқау, өлім-жітім, тағы сол сияқты қиянпұрыс құбылыстар пенде баласының құтын қашырып, үрей мен қорқынышқа, шайтани үмітсіздікке белшесінен батырып, бақытсыздыққа душар етуде. Олар тіршіліктің баянсыздығына, жалған өмірдің қатыгездігіне мойынсұнуда. Сен қарағайдың түбінен қайырып алып, үйеңкінің түбінен үйіріп алып, қарағаштың тұтас бір бұтағынан – адамның даусын салатын, аспанда ұшқан құс пен жерде жортқан жәндік атаулыны әуенімен баурайтын, қасқырдың ұлығанын да, аққудың сұңқылдағанын да айнытпай салатын қоңыр дауысты, сазды аспап жаса. Сол аспаппен уайым-қайғысы жеті батпан халқыңды жұбат. Тіршіліктің баяндылығын паш ет, адамзаттың бір-біріне бауыр, туыс екендігін әйгілейтін, ізгілікке, имандылыққа, мейірім-шапағатқа шақыратын саз төгіп, тұрмыстың тауқыметін жеңілдетуге қол ұшын бер». Қорқыт өзі іңгәлап діңгегінде дүниеге келген Қарағашты тауып алып, оның бір бұтағынан қос ішекті, ыспалы аспап ойып, ішектерін ат жалының қалың қылынан үйіреді. Содан кейін Қорқыт күндіз-түні әлгі аспаппен бебеулетіп қат әлемнің бәрін шарлап, кейде оған «жын қашырған» бақсының құйқылжыған биін қосып, адамдардың бойындағы ауру-сырқау, түрлі кесапаттарды аластап, тәні мен жанын тазалап, алаңдаған көңілдерін мейірім мен махаббатқа, ізгілікке бөлеп, ғажайып сырлы, мұңды күйлерін сарнатады. Бүкіл дүниені өнерімен жұбатып, әуезімен тербеп, қасиетімен тәнті етеді. Аспанды қаумалай торлайтын қара бұлттарды таратып, шөлейтке жаңбыр жауғызып, өзендердің арнасын бұрып, желдің бағытын өзгертіп, түнекке сәуле түсіріп, неше түрлі ғажайып құбылыстар жасайды. Күйлерінің құдірет күші небір сәйгүліктерді басып озып, шартарапқа тарап, әлемді тербетеді. Қорқыт күй тартқанда аспанда ұшқан құс та, далада жортқан аң да, орман-көл мен жан-жануар да тоқтай қалып, бүкіл дүние мамыражай қалыпқа көшіп, мұңды да сырлы қоңыр күйлерге ұйиды. Сөйтіп, жаратылыс, тіршілік атаулы уайым-қайғыдан аз уақытқа болса да арылып, бейбіт күй кешеді.
Тек аласұрған Перінің қызы Марту ғана Қорқытқа ерегесіп, адамзатты адал жолдан тайдырып, бір-біріне айдап салып, араздастырып, күндес, бақас, жау қылып қырылыстырып, жер бетін қан-талас, жан-талас дүрдараздыққа, атыс-шабыс, майдан алаңына айналдырып, алқызыл қанға бөктіре береді. Адамдар арамзалыққа, күнәһарлыққа белуардан батып, жер-дүние азғындық шырмауығына шырмалады. Пері қызы күндіз-түні оларды адастырып, шатастырып, ажал құшағына айдап, біресе бүкіл жер-жаһанды тырмалатып, неше түрлі ор-апандар қаздырып, біресе орман-тауларын отқа шарпытып, Жер-ананы қайта-қайта сілкіндіріп, төсін отап жұтатып, қойнауын қопартып, енді бірде бір-бірімен таластырып, аспанға жетердей зәулім, биік мұнаралар салғызып, күнә мен имансыздыққа, тәкаппар менмендікке әбден бөктіреді. Таулар жанартау боп атылып, көлдер ақтарылып-төгіліп, жолдағыны жайпап басып, табиғат та бірде ашудан, бірде дәрменсіздіктен өті жарылардай, мең-зең дүбәра күй кешеді.
Дүние сөйтіп өзегінен қақ айырылып, екіге жарылды: бір жағында – жаһанды жаһаннамға, тозақ отына жағуға сүйрелеген Перінің қызы Марту. Дүниенің бұл жағы бірде қою, алқызыл, бірде күңгірт, түнек түстерге малынған. Тіршіліктің барлық ендіктерінде: адамдар арасында, жан-жануар, аң мен құс, жәндіктер, өсімдік-орман, тау-тастар – барлығының да арасында сарт-сұрт салғылас, бітіп болмайтын жағалас, қан майдан.
Ал дүниенің тағы бір шетінде – таңның атысынан күннің батысына дейін жаратылыстың құшағындағы қауымды береке-бірлікке, ізгілік пен игілікке ұйыстырған Қорқыттың қоңыр әуенді күйлері шалқуда. Айналаның бәрі үйлесім мен ырыс, береке мен шапағатқа ұйысқан. Жамырай салған құс әуендері, бозторғай шырылы, сайраған бұлбұл, көгорайда жайбарақат жайылған мал мен құс. Сырнайымен Қорқыттың күйлерін шартарапқа таратқан бейғам малшы. Жүздері жарқын, көңіл сарайлары ашық, рухтары көтеріңкі адамдар. Дүниенің сәулелі, жарық та жарқын тұстары белең алып, түнекті, қараңғылығы молдау тұстарын тықсырып, аластата бастағандай…
Иә, дүние осылай екіге жарылды. Екі кереғар құбылыс қасарысып, текетіреске, өліспей беріспеске көшкен. Құдіреті күшті күйші Қорқыт пен мың құбылған айбарлы, айлалы Перінің қызы – Марту.
ТҮС
Қорқыт бір күні тағы түс көреді, түсінде мынандай іс көреді: қара киімді әлдекімдер қолдарына күрек-кетпенін алып, жер қопарып жүр. Қорқыт олардың жанына келіп: «Не істеп жүрген жансыңдар? Жерді неге қазасыңдар?» – деп сұрайды. Әлгілер: «Біз көр қазып жатырмыз», – деп жауап береді. «Көрді кімге қазып жатырсыңдар?» – деп анықтап сұрайды Қорқыт. «Қорқытқа қазып жатырмыз,» – деп жауап береді көр қазушылар. Қорқыт түсінен шошып оянады. Жан әлемін мазасыздық билеп, көңіліне уайым ұялайды. Жалғыз өркешті, қасиетті қара нары – Желмаясына мініп, әлгі түсін төтенше жорып, дүние кезіп кетеді. Пәни дүниенің ана бұрышынан мына бұрышына, солтүстігінен оңтүстігіне, шығысынан батысына сабыла көшіп, жан аялдар жер іздейді. Бірақ, қай түкпірге барса да, өзіне көр қазғандар түсіне кіріп, жаны байыз таппай, сергелдеңге түседі. «Қорқыттың осал жерін енді таптым» дегендей, Пері қыз да қыр соңынан қалмай, Ажал кейпіне еніп, ізіне түсіп алады.
Қорқыт жер-жаһанның төсінен әлгі әзәзіл түсіндегі өзіне көр қазушылардан құтқаратын бір мекен тапсам деп аңсайды. Соны іздеумен ғұмыр кешеді.
Тау-тасты аралап, өзен-көлдің тұңғиығын сағалап, орман тұйықтарын тінтіп, жалпақ дала, шөлейт құмдарды асып, табан тоздырады. Оған қоса, жердің төрі – Жерұйықты іздеп, өз жұртына, халқына уайым-қайғысыз, қорқыныш-үрейсіз, «ертеңгі күні нені қорек қылам, қалай күн көрем?» деген мазасыз сұрақтардан ада, алаңсыз өмір сүретін жәннат мекен табуды армандайды. Соны табуды мұрат тұтады. Алайда қайда барса да, Қорқыттың көрі – алдынан сол баяғы әзәзіл түс, көр қазғандар мен құйтырқы Ажал биін дөңгелене билеген Пері қыз шыға береді. «Әуселеңді енді көрейін!» дегендей, Пері қыз бұрынғыдан бетер құтырынып, біресе аяр қулыққа салып, мың құбылып, жағадан алғандай болады.
Ақыры, нәтижесіз, құр сенделістен қажыр-қайраты қайтып, Жерұйығын таба алмай шаршаған Қорқыт Желмаясын жетектеп, ата-баба қонысына – дүниенің кіндігі – қасиетті, көне Сырдарияның жағасына келіп тоқтайды. Сәл белін суытып, демін алғаннан кейін, осы дүниедегі жан дегендегі жалғыз серігі – Желмаясын құрбандыққа шалып, оның терісінен сал жасайды. Сөйтіп, дарияның ағынын бойлап аға жөнеледі. Өзеннің қақ ортасында қобызын сарнатып, көкірегінде шемен боп қатқан сырларын ақтарып, мұңлы күйлерін тартып отыра береді.
Сулы-нулы жерге, арынды өзен ағысына кіре алмайтын Пері қыз болса, айналшықтап, күндіз-түні Қорқытты ториды. Осылай жылдар өтеді, ғасырлар алмасады. Қорқыттың қара қобызының шанағынан күмбірлей ақтарылған күйлер мәңгілік пен өткіншілік, баяндылық пен тұрлаусыздық, ел мен жер, махаббат пен ғадауат, мейірім мен төзім, сайыпқыран ерлер мен ездер жөнінде баян етіп, дүниеге шым-шымдап тарай береді. Сырдарияның үстінен әуелей ұшқан құс пен ну қамысын жағалаған аң мен тағы, айнала қоныстанған қалың ел, барша әлем оның күйлерін ұйып тыңдайды, рухани нәр алады. Дүн-дүние осылай әсем әуен мен мұңлы күйдің қуатымен тербеледі.
Тек, опасыз Перінің қызы Марту ғана тағат таппай шабылып, айла-амалдың түр-түрін қолданып, ойлағанына жетпей тынбайтынын байқатып, Қорқытқа мысықтабандап жақындай түседі. Пері қызы енді ирелеңдеген сұр жылан кейпіне еніп, Сырдарияның ортасында күй тартып отырған Қорқытқа әбден жақын келіп, оны айнала жүзіп жүр. Міне, тап сол кезде ақбурыл сақалы беліне оралған баба Қорқыт сәл тыныс тауып, күннің жылы шуағына маужырап, көзі ілініп кетеді. Осыны күткен Пері қыз сұр жылан боп келіп, Қорқытты шағып өлтіреді. Сөйтіп, дегеніне жетеді. Сол-ақ екен, бүкіл жаһанды дүрліктіріп, өз күшін, құдіретін паш ете асыр салып, билеп-төстей жөнеледі. Көл-көсір қуаныштан, құдды дүниені өзі жаратқандай астамсып, даурығады.
Ал, Қорқыт түс көруде… Сонау замандарда… адамдар жайлаған осы дүниеге пайғамбар – елші болып келіп, жер-жаһанды тасқын су басқанда, сол кесапаттан адамзатты аман алып шығам деп, Кеме-қайығын соғып, амал жасаған қасиетті Бабасы қол бұлғайды… Бұлдыр-бұлдыр сағым-тұман арасынан көне Сырдарияның асау толқындарын сызып өтіп, Жер бетіндегі дүниеден – келесі, мәңгілік дүниеге қоныс аудара, көшіп бара жатқан ежелгі бабасы қол бұлғайды… Кемесіне шақырады… Сол кезде, таусылмас мәңгі жолдың тармағындай – Көк пен Жердің арасындағы таңғажайып аспа көпір секілді Кемпірқосақ пайда болды…
Эпилог
Жер-дүние осылайша тағы бір Елшісінен айрылды. Қорқыт ғайыпқа сіңіп кетті. Ал Марту қыз алаңсыз ойран салып, құлашын жазды. Пенде баласының дәрменсіздігін, ғұмырының өткіншілігін, тіршілігінің баянсыздығын тағы бір мәрте ескерткендей, мысын баса құйын боп құтырады, дауыл боп ұйтқып, аласапыран кесапаттарды жаудырады. Ендігі Жерде оған төтеп берер күш жоқтай.
Бірақ, міне, жер-жерден Қорқыттың күйлері естіле бастады. Әуелі әлсіздеу шыққан күйдің дауысы бірте-бірте күшейіп, қатайып, дүниені кернеп барады.
Қасиетіңнен айналайын, киелі мекен көне Сырдың, Сырдарияның жағасында, ну қамысты төсеніш қылып, малдасын құрып алған бір тақиялы бүлдіршін Қорқыттың қара қобызының шанағын нәзік саусақтарымен қармай қаусырып, құлаққа таныс, жүрекке жылы қоңыр күйлерді аңыратып отыр. Қорқыттың күйлері! Кезінде Қорқыт бабаның қара қобызының шанағынан күмбірлей шыққан мәңгілік пен өткіншілік, баяндылық пен тұрлаусыздық, ел мен жер, махаббат пен ғадауат, мейірім мен төзім, сайыпқыран ерлер мен құлқынының құлы боп өткен ездер жөнінде баян еткен мұңлы, жұпар күйлер есіліп тарай берді, тарай берді. Сырдарияның үстінен ұшқан құс пен қамысын жағалаған аң мен тағы, айнала қоныстанған қалың ел, барша әлем оның күйлерін тағы бір мәрте ұйып тыңдай қалды. Күллі дүние осылай әсем әуен мен мұңлы күйдің қуатымен тағы да тербеле жөнелді… Жер бетіне бабаның құдіретті күйлері ырыс боп төгілді. Осы күйлер мынау екі дүниенің бірі – жер бетіндегі тіршіліктің де баяндылығын айғақтап, әлсін-әлсін Елшілерін жіберіп отыратын Жаратушыға деген сенімді нықтай түскендей…
Аспан төрін, зеңгір Көкті тағы да қою, қара, бура бұлттар тұмшалады. Сол-ақ екен, Күн күркіреді. Жай ойнады. Алапат дауыл соқты. Төрткүл дүние толғағы жетіп, босанардай немесе ғажайып бір құбылысқа кенелердей алмағайып халде. Жер бетін қараңғы түнек басты.
Тағы бір Елші келер ме екен?...
"Қазақ әдебиеті"сайтына сілтеме