Шыңжаң — қытай тілінен аударғанда "жаңа шекара" деген сөз. Жоңғарға геноцид жасап, Шығыс Түркістанды басып алғанымен, Қытай әлі күнге бұл аймақты толық иелігіне айналдыра алмай келеді. Бұл провинция тарихта 3-4 рет Қытайдан бөлініп кеткені бар. Соның ең алғашқысы 1870-ші жылдары болды. Түбі тәжік Жақып-бек (Қоқан шпионы) сол жылдары ұйғырларды ұйымдастырып, көтеріліс жасайды. Қытайдың тұрақты армиясын талқандау ауыр болғасын, Жақып-бек бүкіл ғұмырын түрік тәуелсіздігі үшін соғысқа арнаған Кенесарының кенжесі Сыздық төрені көмекке шақырады. Сыздық төре бас қолбасшылыққа келгеннен бастап, Цин әскері түгел талқандалып, Шығыс Түркістан толық азат етіледі. Жаңа мемлекет ЖЕТІШАР деген ат алады.
Не керек, Шыңжаңдағы мұсылмандар қытай әсерін талқандап, аймақты азат етіп жатқанда одан 5 мың шақырым алыстағы Петерборда да үлкен мәжіліс ұйымдастырылды. Бұл жиналысқа кіл қолынан қан тамшылаған генералдар мен қызылкөз саясаткерлер бас қосты. Талқыдағы тақырып: «Сохранение в Кашгаре господства нынешнего владетеля или, напротив, ниспровержение его и восстановление власти китайского правительства». Азияның бір түкпіріндегі оқиғаның Ресей империясы үшін қаншалықты маңызды болғанын сол жиналысқа қатысып жатқан министр, губернаторлардан анық байқауға болатын еді. Атап айтсақ, Соғыс министрі Дмитрий Милютин, Түркістан өлкесінің генерал-губернаторы Константин фон Кауфман, Батыс Сібірдің генерал-губернаторы Николай Казнаков, Бас штабтың генерал-адъютанты, граф Фёдор Гейден секілді кіл кеудесінен салпыншақ төгілгендер еді. Бұл жиналысқа Бұқар, Қоқан, Хиуа хандықтарын талқандап, территориясын Ресейге қосып алған генерал-адъютант Кауфманда қатысты. Сондай-ақ кіндік Азияда 15 жылдан бері әскери һәм саяси тыңшылық жасаған, Шыңжаңға 2-3 рет экспедиция жасаған полковник Проценко дейтіндер де осы жиында баяндама жасап, пікір таластырды. Генерал-губернаторлардың дені Жетішаһар мемлекетін тірі қалдыру керек. Ертең күшейіп келе жатқан Қытаймен екі ортада буфер болады деп, сөйледі. Бірақ, министр-саясаткердің басым бөлігі – Жақып-бек әмір, Кенесары күшігі Сыздық төре құрған әмірлікті жою керек деген позицияға тастай беріктік танытты. Соның бірі Түркістанның генерал-губернаторы Кауфман Қашғар мемлекетінің не себепті өмір сүруге қақы жоқ екенін баяндамасында былай түсіндіреді: Себебі – Мұхаммед Жақып-бек Қашғар билігіне келгенге дейін-ақ, Қоқанның қолбасшысы болып, орыс армиясымен соғысып өткен. Былайша айтқанда, Ресейдің қас дұшпаны. Ол аз болса, 1868 жылы ағылшын, түріктен әскери-экономикалық көмек алып, арқа жүнін күдірейтін алған Жақып-бек түменбасы Кенесарин Сыздық төренің үгіттеуімен Бұқар әмірлігі екеуі Ресейге қарсы соғысуға уағдаласады. Осы мақсатта Тұрфан қаласында 9 мың таңдаулы әскерін сайлап, Жетісуді бөліп алуға жоспар түзген. Бірақ орыс әскерінің Бұқар хандығын аз уақытта талқандап тастауы, Жақып-бектің адуынды жоспардан бас тартуына әкелді. Осылай деп пікірін фактілермен дәйектеген түркістан губернаторы, енді Жақып-бектің мемлекетін қалай жоямыз деген сауалға мынадай қызық ұсыныс айтады: Қытайдан бөлініп қалған Шыңжаңды орыс жасағы басып алуы керек. Тек мұны бүкіл әлемге, Шығыс Түркістанды Қоқан хандығы жаулап алғандай етіп, қоқандықтардың туының астында жасау керек. Қоқан монархы Құдияр ханның атын пайдаланып, Жақып-бектің көзін жоямыз әрі Түркістан аталатын географиялық аумақтың баршасы біздің қолда болады деді. Мұнан бөлек Шығыс Түркістанды басып алу – Россияны экономикалық тұрғыдан да мол пайдаға кенелтуі де генерал, экономист-саясаткерлерді қыздыра түсті. Иә, Шыңжаң – керуен жолдың үстіндегі мекен еді. Әрі Қашғарды жаулап алсаң, Қытайға да, Ұлы Британияның Үндістанына қауіп төндіруге, сес көрсетуге болады деген дәлелді уәждер келтірілді. Не керек, 1871 жылы генерал Герасим Колпаковский 2 мыңдық таңдаулы жасақпен Шыңжаңның Іле аймағын басып алады. Тараншы сұлтанатын қиратып, территориясын Ресейге қосып алады. Осы оқиғадан соң, Александр ІІ Бейжіңге хат жолдап, бұл ешқандай да жаулаушылық еместігін дәлелдеуге тырысты. Керісінше Цин империясынан бөлініп қалған өлкені тыныштандырып, уақыт өте, негізгі иесіне қайтарып береміз деп уәде төкті. Шын мәнінде бұл бар-жоғы алдаусырату еді. Орыстар әліптің артын бақты. Қытай Шыңжаңды жайына қалдыра ма, әлде қарызға батып, қару сатып ап, Қашғарды бағындыруға келе ме?! Осыны көргісі келді. Қалай болғанда да, екі нұсқаға да жоспар бар еді.
Қадірменді оқырман, Цин шенеуніктері Шыңжаңға қатысты пікірлері екіге бөлініп, қызу талас жүргенін айтқанбыз. Провинция әкімдері мен министрлердің дені – «тайпин» көтерілісі және «апиын соғысы» Қытайдың әлеуетін талқандап тастағандықтан, Шыңжаңға жорық жасаудан бас тартып, Жақып-бектің формалды бағыныштылығына разылық танытайық десті.
Бірақ, Бейжіңде соғыс тілеген партия таласта жеңіп шығып, 1876 жылы Цин империясы Шыңжаң өлкесін қайтарып алуға бел буды. Дәл осы кезде Ресейдің де сыртқы саясаты өзгере бастады. Әне-міне Осман империясымен соғыс басталуы кәдік. Александр ІІ алыстағы Қашғардың шаң көтерілген шөл даласынан гөрі, Қара теңіз бен Балқанның бал бықыған территорияларын басып алуды көкседі. Сондықтан күллі «Шығыс Түркістанды жаулап алу» идеясынан да бас тартуына тура келді. Бірақ, сол түріктен жер тартып алам деген орыстың үміті дәме күйінде қалуы да мүмкін. Себебі Жақып-бек, бұл кезде өзін Осман империясының вассалы ретінде мойындап, Стамбұлдан «әмірші» деген титул алып қойған. Яғни, Түркияға Ресей соғыс ашар болса, Қашғар әмірі тыныш отырмайды. Орыс әлі де болса, толық игере алмай отырған Жетісу, Мәуренахр өлкесіне Жақып-бек қауіп төндіруі мүмкін. Ол кезде Ресей екі жақта соғысуға мәжбүр болады. 45 мыңдық ағылшын винтовкасымен қаруланған Жақып-бектің армиясы әжептеуір күш. Одан қалды, бұл армияны орыспен соғысып көрген, орыс генералдарының айла-тәсілін жақсы білетін, керек десеңіз бірнеше ұрыста жеңіп кеткен Сыздық төре, Махамбет датқа секілді тұлғалар басқарады. Иә, Қытай секілді империяның әскерін талқандап тастаған Жақып-бекпен санаспау мүмкін емес еді.
Жағдайдың қаншалықты ауыр екендігін генерал Венюков былай суреттейді. Эмоциялық реңкі сақталу үшін, баяндамасын аудармай беріп отырмыз: «Только Россия является препоной честолюбивому эмиру в его стремлении основать большое мусульманское государство в Средней Азии… С нашей стороны, конечно, нет никакого резона содействовать осуществлению его планов и, напротив, должно желать, чтобы усилению Еттишара был положен, наконец, предел. Всего бы лучше, по-видимому, было содействовать китайцам в нанесении ему хорошего удара с востока, для чего достаточно упрочить их положение в Чжунгарии и Хами и снабдить их оружием и другим военными запасами. Китайцы – соседи испытанного миролюбия и притом имеют одинаковый с нами интерес в Средней Азии: сдерживать волнения номадов, столь вредных для их оседлых соседей. Их соседство в Кашгаре было бы выгодно для нас уже потому, что заслонило бы нас от британской Северной Индии, откуда идут не только неприязненные нам внушения Якуб-беку, но и оружие, далеко превосходящее луки со стрелами и фитильные ружья среднеазиатцев…» Қысқасы, Бас штабтағы жиналыстың қорытынды сөзі, Венюковтың баяндамасы болды. Барлық спикер – Жетішаар мемлекетін жою керек. Қытайға осы тұрғыда көмекті аямау қажет деген ұстанымды бекітті. Иә, сол кездегі Ресей үшін, Цин империясының Шығыс Түркістанды билеп-төстеуі, орыстың кіндік Азиядағы иеліктеріне қауіп төндірмейтін еді. Бірінші өте әлсіз, екінші Шыңжаңның әманда бөлініп кету мүмкіндігі жоғары. Ал, Жақып-бектен келер зауал көп. Ол қазір, құдіретті мұсылман мемлекетін құруға талпынып жатыр. Ішінара жоспары жүзеге асса, Ресейге бағынышты түрік-мұсылмандарды еліртер еді.
ЦИН ИМПЕРИЯСЫ МЕН ЖЕТІШААР МЕМЛЕКЕТІНІҢ СОҢҒЫ СОҒЫСЫ
Ақтық айқас алдында орыс «саяхатшылары» екі жақтың да басшыларымен сөйлесіп, кім олар, қандай қасиетке ие, бәрін-бәрін түртіп ап, жоғарыға жөнелтумен болды. 1876 жылы Жетісу арқылы Николай Пржевальский шағын топпен Шыңжаңға енеді. Орыстардың бұл жүрісін Сыздық төре де, Жақып-бек әмірші де жақтырмайды. Бірақ, ызасын көрсетпеуге тырысады. Қытаймен шайқас алдында орыспен араздасып қалмас үшін «қашғар қожайыны» саяхатшыны қабылдап, сұхбат құрады.
Дәл осы уақытта орыстың тағы бір экспедициялық тобын бастаған Юлиан Сосновский Цин армиясын бастап келген Цзо Цзунтан генералдың лагеріне бас сұғады. Иә, Жақып-бек туралы, оның қолбасшылары, уәзірлері жайлы орыс тыңшылары там-тұмдап хабардар болса, ал қытайдың жазалаушы армиясы ның басшысы Цзо туралы ештеме білмейтін еді. Полковник Ю.А. Сосновский Қытай генералы жайлы: «Цзо мырза – бойы тапал, толық келген, 60-ты алқымдаған кісі. Байсалды түрінен ақылды кейіп байқалады» деген сипаттама қалдырыпты. Орыстармен кездесудің алдында Цин қолбасшысы «апиын» шегіп алғаны байқалады. Себебі, қадірлі елшілер келгенде дипломатия шарты бойынша, мейлінше сабырлы, салиқалы кейіп таныту орнына қытай губернаторы күлумен, меймандарды мазақтаумен болған. Мысалға, Иван, Александр деген орыстың есімдері қандай қызық деп күлкіге қарық болса, енді бірде еуропалық жазу үлгісін әжуа еткен. Одан қалды, тауда ұшып жүрген айдаһарларды көргенін айтып, мұңайған. «Ақымақ шал» боп көрінген Цзо Цунтан бірақ кездесуді өте сәтті нәтижемен аяқтайды. Әңгіме соңы – Шыңжаңға кірген қытай армиясына азық-түлікпен орыстар көмектеседі деген шартпен бекиді. Иә, Сыздық төренің басқаруындағы 45 мыңдық әскерге әрең нан тауып беріп отырған Шығыс Түркістан мұсылмандары қытайдан келген 90 мың солдатты асырай алмайтыны анық еді. Жергілікті жұрттың қолындағысын тартып ап, тонаушылық жасасаң да, мұншама көп армияға ол тапқаның түк болмайды. Ал, азық-түлікті ішкі Қытайдан тасу өте қиын шаруа. Екі ортада шөл дала жатыр. Сондықтан да Қытайдың 90 мың әскеріне азықты Ресей беретін болды. Орыстар бірден аванс сұрады. Цзо Цунтан екі арбаға күміс толтырып, азық сатып алуға жасақ жібереді. Олар Шыңжаңды Моңғолия арқылы айналып өтіп, Верныйға (қазіргі Алматы) келеді. 150 түйеге азық артқан керуен келген жолымен кері кетеді. Жетісулық қазақ-қырғыздардың шабуылынан қорғау үшін керуенге 200-ге тарта казак және моңғол кавалериясы еріп жүреді.
1876 жылдың жазында Жақып-бектің армиясы қытай әскері осы жермен өтеді-ау деген жолдың бойына орнығып, жауды күтіп жатыр еді. Алайда, Цзо Цзунтан тіке Қашғар армиясымен соғысудың орнына Шыңжаңды айналып, Ресей шекарасына қарай жүрді. Ресейге жақын ауданға барудың бір сыры – орыстан үздіксіз азық-түлік алып тұруға ыңғайлы еді. Екіншіден солтүстік бағытты дүнгендер қорғауы керек болған. Бірақ олардың әлеуеті әлсіз екенін Цзо генерал білді. Білді де, шабуылға шықты... Бірнеше күнде 90 мыңдық цин корпусы Үрімші қаласының іргесіне ілінді. Үрімші ауданын дұшпаннан Мұхаммед Бо Яньху есімді дұңған қолбасшысы бірнеше мың сарбазымен қорғауға міндет алды. Жақып-бек қорғанушы дұңғандарға көмек ретінде мың ұйғыр жігітін жіберіп, өзі әлі де болса, жалғыз аяқ жолмен қытайдың негізгі армиясы келеді деп, соны тосумен болды. 1876 жылдың 10 тамыз күні дұңған сарбаздары жауды ыңғайлы позицияда ұстап алмақ болып, жорыққа шыққан бетте 3 жақтан бірдей тиіскен жаудың шабуылына тап болды. 3 күн бойы соғыса жүріп, ұйғыр-дұңған сарбаздары Үрімшіге бір күндік Гумуди дейтін бекініске барып тығылады. Асығыс шегінгендіктен, ас-су алу ешкімнің есінде болмапты. Бекіністегі сарбаздар ашықса да, сыр бермеуге тырысады. 90 мыңдық дұшпан 5 тәулік бойы күндіз-түні тынымсыз шабуылдай бергендіктен, бекініс құлап тынады. Осы шайқаста Жақып-бектің ең мықты полковниктерінің бірі қазақ Әзімқұл қалмақтың оғынан мерт болады. Бұл өлім – Қашғар мемлекеті үшін құны тым ауыр өлім болып еді.
Гумуди бекінісінен тек жүз шақты батыр қан кеше жүріп, сытылып шығып кетеді. Ал қорған ішінде нағыз қырғын басталып еді. Цин корпусы қалашық басып кіріп, тұтқынға түскен 6 мың дұңғанды қырып тастайды. Үрімшінің айналасы терекке тербелген өліктер, өртенген үй-жайға толып кетеді. Қытайлықтардың аяр тірлігін көріп тұрса да, орыс көпестері шімірікпестен, кіл кәззаптан тұратын армияға нан, бидай жеткізіп тұра берді. Себебі 1 пұт астықты Цзо-Цунтан 40 есе қымбатқа сатып алатын. Қытайлар ағылшыннан қарызға алған ақшасын шашып-төгіп жүріп, Шыңжаңды кері қайтарды.
Шығыс Түркістанды өз уысына қаратып алғасын, Цин империясы, Ресейден кезінде басып алған Тараншы сұлтанатын кері қайтарып беруді талап етті. Орыстар бұл иелікті бергісі келмеді. Айдаһар мен аю арасында соғыс өрті тұтана бастады. Саясаткерлер, Шыңжаңды тұтас басып алуға болады. Бірақ, қиыр шығыста цин әскері басым, ол жақтан айырылып қаламыз деп шешім шығарады. Ресей патшасы амал жоқ, Тараншы аймағын кері қайтарып берді. Сол мекенде тұратын, қытайға қарсы соғысқан ұйғыр, дүнгендер, Цин билігі қайтып оралса, бізді өлтіреді деп, орыстарға өздерімен бірге алып кетуді жалына бастады. Генерал Кауфман бұл өтінішті құп алып, ұйғырларды Жетысуға алып келеді. Ал дүнгендерді Қордайға қоныстандырады. Бұл 1880 жылдар еді.
Нұрбек Бекбаудың парақшасынан