Сырдың бойында, Арал-Қазалы жағында Мырза Тоқтаболатұлы деген күйші өткен. Шал төртқара аталығынан болған соң, ел арасында «Шал Мырза» атаныпты.
Біз қасқаң қай тақырыпқа қалам тартпады дейсің? Сегіз жыл оқыған құттыханам – Құрманғазы атындағы Алматы мемлекеттік консерваториясын тамамдайтын 1995 жылы Сыр бойының күйлерінен дипломдық дұмыс жазып, кейін әлгі еңбегімді мүйізі қарағайдай академиктер З. Ахметов, С. Қирабаев, ұстазым Р. Бердібаевтардың көзі тірі кезінде, М. О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының Ғылыми Кеңесінде бекітіп, «Жиделі Байсын күйлері» деген оқу құралына айналдырып едім. Кейінгі 20 жылда Республика бойынша Сыр бойының күйлері тәліптерге осы кітап негізінде үйретіліп, домбырашылар түрлі сайыстарда Сыр бойының күйлерін осы оқу құралы бойынша орындап жүр. Десе де, әңгіме ауаны ол жайында емес, басқада.
Сол даңғайыр Мырзаның «Жалтаң қарға» деген күйі бар. Кезінде Арал аймағының Қарақұм мәнзілінде жасаған домбырашы Ақжол Кереевтің ақтығы Нұржаубай бауырымыздың орындауында үнтаспаға түсіріп едік. Сол шығарманың көне күннен жеткен вербальдық сыңары – аңызы былайша сыр шертеді. Жалпы, қазақ арасында, әлем халықтарының көне ұғымында қарға жайында тәмсіл көп. Қарға – адамға қойылатын ерекше есім. Құран Кәрімнің «Мәйда» сүресінің баяны бойынша бауыры Әбілді өлтірген алғашқы қылмыскер Қабылға әрекетін бүркеудің жолын көрсеткен. «Қисас-ул-Әнбия» аңызына айтқызсаңыз, Меккеге жасаған сапарында Адамға жолбасшылық жасаған. Кейбір халықтар үшін тотем, татулықтың, сондай-ақ жамандыққа қоса, жақсылықтың да нышаны. Марқұм Есенғали ағама талдатсаңыз «балапаны үшін қай нәрсеге де бас тігуші» қамқор құс. Біз ұсынған аңызға жақыны оның осы бейнесі.
Бір күні, топтанса бүркітіңнің өзіне бас салатын, «туған жерін тастап кетпейтін жалғыз құс» атанған сол қарқылдақ қара қарға жемтігін шоқып жатқан «аппағына» ақыл айтыпты:
– Заман қиындап кетті. Сақтық керек, қай нәрсені де екі шоқып, айналаңа бір қарарсың, – десе керек, аналық пейілмен.
– Ләббай, тақсыр! Айтқаныңызға құлдық. Шынымен де заманның сиқы жақсы емес. Бірақ біз екі шоқып айналаға бір қарағанша, бір шоқып, екі қарасақ қайтеді, – депті сөзін нығыздаңқырап. Бауыр еті баласының мұншама сұңғыла, сұмдығына қарға да разы болыпты. «Мынау сол, әлгі әккі қарғаның «аппағының» жалтаңдап отырып, жемтігін шоқып жатқаны» деп бебеу қағатын, ұлағатқа толы әлгі күй сарыны. Иә, жемсауы бар тіршілік иесіне жемтік керек.
Ол кезде, осы күйдің өзегіне өрілген астарлы ойды талдаған сонау бозбала шағымда қазіргідей жең ұшынан жалғасқан әлгі бір емі табылмай тұрған нәрсе жоқ, болса да ушыға қоймаған кезі еді-ау. Әйтпесе бұл күйді мүлдем басқа қырынан талдап, түсіндіріп беруші едік. Қарғаның «аппағы» айтпақшы, шынымен де мына заманы құрымағырың қиындап кетті, жігіттер. Қолына қарға тышқан қазақтарға бұрынғыдай балпаң басып талтаңдарға, жұрттың жайы мынау, жалтаң қарға. Ақ иттің артын иіскеп қара ит, қара иттің ізінде салпаң қаққан сары ит, оның аузын аңдыған сақ ит. Әйтеуір, Алла абырой бермесе, боғыңа дейін шұқылап, арасынан бірдеңе іздеген мың сан «ит». Ал барлық қасиет пен бейқасиеттің жиынтық бейнесіне айналған мифтік бейненің ақтығы – «аппағыңның» отырысы анау, басын ұстап, желке тұсын қасып!
Берік ЖҮСІПОВ,
Фольклортанушы
Дереккөз: фейсбук