ТАҢҒАЛДЫРҒАН ТУЫНДЫЛАР, ҚЫМБАТ КАРТИНАЛАР
Әлемде көздің жауын алатын көркем туындылар өте көп. Кереметтігімен есте қалатын мұндай еңбектің әрқайсысының өз бағасы бар. Расы керек, шығарма да сатылады. Ал олардың бағасы да шынайы әрі қымбат болуы мүмкін.
Ақиқатында, көркем өнер – бизнес. Ол – ақша. Қазір әлемнің шедевр туындыларын саудалайтын аукцион ара-тұра өткізіліп тұрады. Бұл – алыпсатарлық емес. Бұл өнерді бағалау, бизнес болғандықтан оларға «біреудің туындысын сатып алдың» деп еш кінә таға алмайсың. Сөйтіп, танымал суретшінің туындысы жер жүзін аралайды, тіпті ұзақ уақыт көрмеде тұруы да ықтимал.
Мысалы, әйгілі Третьяков галереясын өнерді бағалаған адамның бәрі де біледі. Ал Третьяков кім? Третьяков галереясы – орыс бейнелеу өнерінің Ресейдегі аса ірі мемлекеттік мұражайы. Оның негізін белгілі көпес-меценат Павел Третьяков қалаған.
Павел Михайлович Третьяков 1856 жылдан бейнелеу өнері туындыларын жинаумен айналысып, соның нәтижесінде 1892 жылы інісі Сергей Третьяков (1834 – 1892 жылдары) екеуі өздерінің жинаған жекеменшік картиналар қорын қоғам игілігі үшін сый ретінде Мәскеу галереясына өткізген. 1918 жылдан мұражай Павел және Сергей Третьяков атындағы Мәскеу қалалық көркемсурет галереясы деп аталады. Сол жылы 3 маусымнан Третьяков галереясы мемлекет меншігіне көшірілген. Бұдан кейінгі жылдары да Третьяков галереясының коллекциясы жеке қорлар мен басқа да бейнелеу өнерінің ең үздік туындыларымен үнемі молайтылды.
Третьяков галереясы қорында орыстың II-XVII ғасырлардағы иконалары, XVIII-XXI ғасырлардың аралығындағы кескіндемелік және ТМД елдері өнері шығармалары, орыс графикасы мен мүсін өнері туындылары жинақталған. Третьяков галереясының қоры кейінгі кезеңде де мемлекет тарапынан арнайы бөлінген қаржымен бейнелеу өнері туындыларын сатып алу арқылы толықтырылды. Галерея қорында 150 мың данадан астам экспонат бар. Жанында өңдеу шеберханасы, мұрағат, кітапхана жұмыс істейді. Ғылыми-зертханалық және насихат жұмыстары жүргізіледі. Мұндағы картиналар мен суретшілер салған көркем туындылар орасан зор байлық. Ал жоғарыда атап өткеніміздей, туынды да сатылады.
Бір ғана мысал, атақты Италия суретшісі Пабло Пикассоның «Терезе жанында отырған әйел» атты картинасы 1932 жылы Нью-Йорктегі Christie’s аукционында 103, 5 миллион долларға сатылған. Алғашқыда оның бастапқы бағасы 55 миллион долларға есептелген. Ал картинаның көлемі, биіктігі аса үлкен емес, Бар-жоғы – 1,5 метр. Бірақ даңқы жер жарған суретшінің туындысы арзан болмақ емес, сөйтіп, картина 103, 5 миллион долларға саудаланған.
Сондай-ақ одан бұрынырақта аталған аукционда Клод Моненің «Ватерлоо көпірі, Тұманның әсері» атты картинасы 48,45 миллион долларға сатылып кеткен. Жалпы көркем өнер туындысы болғасын, еңбек әртүрлі бағаланады. Суретші Клод Моненің «Қазір күл, бірақ түбінде біз басқаратын боламыз» атты картинасының бағасы қомақты бола қоймаған. Аталған картина 2,07 миллион долларға өз иесін тапқан.
Әрине, кез келген туынды бағалауға тұрарлық. Ал әлемнің керемет, көз жауын алар картиналарын сатып алып және қайтадан сататын миллиардерлер де бар. Осылай шедевр туындылар қолдан-қолға көшіп жүре береді немесе арнайы жасақталған көрмеде тұрады. Халық келіп көреді. Көркем картиналардан ләззат алады.
Тіпті аукциондар тарихында бұрын-соңды болмаған, бағасы рекордтық нәтиже көрсеткен туындылар да бар. Мысалы, атақты суретші Леонардо да Винчидің «Әлемді құтқарушы» атты картинасы 2013 жылы 450 миллион долларға сатылған. Мұны Forbes журналының бағалауы бойынша Ресей байларының ішінде алғашқы жиырмалықта тұрған миллиардер Дмитрий Рыболовлев аукционға қойған көрінеді. Ол кезінде «Монако» футбол клубының да қожайыны болған. Кипрдің Bank of Cyprus банкіне иелік еткен.
Одан ертеректе Дмитрий Рыболовлев Леонардо да Винчидің «Әлемді құтқарушы» картинасын 127, 5 миллион долларға сатып алған. Міне, атақты картинаны сатып, тағы байыды деген осы. Әлемде өнерді өлтірмейтіндер, жыл өткен сайын осылай бағасын арттыратындар бар. «Әлемді құтқарушы» картинасы Леонардо да Винчидің әлемге танымал картиналарының бірі. Біраз уақытқа дейін аталған туынды жеке иелікте болып келді. Тіпті «бұл картина жоғалды, ол жасырын саудада жүр» деушілер де болды. AP агенттігінің жазуына қарағанда, аталған картинаны көру үшін адамдар Нью-Йоркте күнұзақ кезекке де тұратын болған.
Жалпы өнер ешқашан өлмейді. Әлемде жоғары бағаланатын туындылар өте көп. Мысалы, Пабло Пикассоның «Алжир әйелдері» атты картинасы 2015 жылы 179,3 миллион долларға бағаланған. Бұл туынды қазіргі кезге дейін бағасы қымбат картиналардың бірі болып есептеледі.
Тағы бір мысал, қытай суретшісі Цуй Жучжо, негізінен, сияны жиі қолданатын суретшілердің бірі. 1981 – 1996 жылдары АҚШ-та тұрған уақытта ол ғажайып туындыларды өмірге әкелді. Цуй Жучжоның есімі әсіресе шығыста кеңірек танымал. 2013 жылы ол Жапонияның Сидзуока қаласында көрме өткізген. Айта кетер бір жайт, оның алпыстан астам туындысы 1 миллион доллардан астам бағаға сатылған. 2014 жылы «Қардағы пейзаж» атты туындысы 23,7 миллион АҚШ долларына сатылды. Бір жылдан кейін тағы бір картинасы аукционда 30,444 млн долларға өз иесін тапқанын айта кету керек.
Ал 2016 жылы оның алты бөліктен тұратын «Ұлы қарлы таулар» атты туындылары 39, 77 миллион долларға бағаланды. Бүгінгі күнге дейін Цуй Жучжо Азия аймағында картиналары ең қымбатқа сатылатын суретшілердің біріне айналып отыр.
Қысқасы, өнер өлмейді. Сату мен сатып алудан байлар да ләззат алады. Өнердегі сұлулыққа да дұрыс кейіпте сұқтана қарай білу қажет. Кереметті көре білген жөн. Өйткені таңғажайып туындылар қашанда бағаланады.
«Ана тілі» газеті