Қазіргі ақпараттық-технологиялардың қарыштап дамыған дәуірі мен әлемдегі індетке байланысты карантин жағдайы әлем бойынша бір мезетте оқу үдерісінің онлайн форматқа ауысып, сандық технология мүмкіндіктеріне тәуелділігі барынша артқан кезеңде кез келген сала мамандарының бұл жаңашыл реформалардан озық жүруі міндетті екені дәлелденді. Ал тіл орталықтардың негізгі жұмысы тіл үйрету болғандықтан, елдегі қандай жағдай, қандай ахуал болғанына қарамастан өңірлік тіл орталықтары мемлекеттік тіл саясатын жүзеге асырып, тұрғындарға тіл үйрету жұмыстарын жасауға міндетті. Бағытынан жаңылмай, оқыту үдерісін тоқтатпай, оқытудың жаңа форматтары мен озық технологияларын қарастырып, тіл үйренушілерді қашықтан оқыту жүйесіне бейімдеудің барлық мүмкіндіктерін қарастыру арқылы тіл үйрету өте өзекті мәселелердің бірі, шынында күн тәртібінен түспейтін міндет болып тұр. Әсіресе, Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев айтқандай:
«Дауға салса-алмастай қиған, сезімге салса-қырандай қалқыған,ойға салса-қорғасындай балқыған, өмірдің кез-келген орайында әрі қару,әрі қалқан,әрі байырғы,әрі мәңгі жас, отты да ойнақты Ана тілінің» қадір қасиетін бүгінгі замандастарымызға сіңірте отырып, меңгерту тіл орталығы мамандарына артылған үлкен жауапкершілік пен сын екені белгілі.
Қызылорда облысының ішкі саясат басқармасының «Қызылорда облысының тілдерді оқыту орталығы» 2008 жылы құрылып, Сыр өңірінде ересек азаматтардың қазақ тілі, орыс және ағылшын тілдерін еркін меңгеруіне ықпал жасап, тегін курстар жүргізіп келе жатқан
коммуналдық мемлекеттік мекеме. Орталықтың тіл үйретудегі озат әдістемелік іс-тәжірибесі мен шеберлік мектебі қалыптасуы жолында ұзақ жыл басқарған Мусаева Нұрсауле Дүйсенбайқызының және білікті мамандар Әсел Манасқызы мен қазіргі таңда «Тіл-Қазына» орталығында қызмет атқаратын Лиза Қожаққызының сіңірген еңбектері орасан зор.
Орталық жұмысы
Оқу-әдістемелік және
Ғылыми-әдістемелік бөлімдер арқылы облыс көлемінде 7ауданда
*Оқыту курстарын жүргізу;*Оқу-әдістемелік құралдар әзірлеу; *Семинар-тренингтер, дөңгелек үстелдер, байқаулар, конференциялар т.б. іс-шаралар өткізу бағыттарында ұйымдастырылып, жүргізіледі.
Орталықта 26 тіл маманы жұмыс жасайды. Олардың 4-і ғылым магистрі.
2008 жылдан күні бүгінге дейін үш тіл бойынша 10 мыңнан астам ересек тұрғын оқыту курсымен қамтылып: мемлекеттік тіл бойынша – 6000, ағылшын тілінен – 2795, орыс тілінен – 1918, барлығы -
10713 тыңдаушыға курс сертификаттары табысталды.
Биылғы жылға жоспарланған 2520 тіл үйренушінің І жартыжылдықта 1421–і қамтылып, оқыту жоспары 56 ⸓ -ға орындалып отыр.
Тіл курстары 2020 жылдың сәуір айынан бастап елдегі эпидахуалға байланысты қашықтан оқыту режимінде жүргізілуде. Онлайн курстар топтары Wһatsapp, Телеграмм жүйелерінде жасақталып, сабақтар ZOOM платформасы және орталықтың
kzordatil.kz интернет порталы арқылы оқытылады.
Былтырғы жылы пандемия кезінде білікті маман Әсел Манасқызының бастамасымен Орталық мамандары қашықтан оқытуға арналған
kzordatil.kz интернет порталын жасақтаған болатын. Порталдың
e-learning бөлімінде мемлекеттік тіл, ағылшын тілі, орыс тілі курстарының сабақтары, сабақ презентациялары мен аудио-видеоматериалдары, жұмыс дәптерлері деңгейлер бойынша папкаларға салынып, орналастырылған. Бүгінде үш тілдегі деңгейлік курстардың барлық сабақтарын қажетті деңгейлер бойынша тіл үйренушілер өзі таңдап, уақыты мен мүмкіндігіне сәйкес қолжетімді әрі тиімді пайдалануда. Порталдағы бейнесабақтардың сілтемелері орталықтың ютуб каналына және инстаграмдағы «Тілдерді қашықтықтан оқыту» парақшасына да орналастырылған.
Ғылым-әдістемелік бөлім жұмыстарының бір бағыты – латын графикасындағы жаңа қазақ әліпбиіне көшуге байланысты шараларды ұйымдастыру, түсіндірме, насихат жұмыстарын жүргізу және тіл үйренушілерді жаңа әліпбиде жазу, оқу сауаттылығына дағды қалыптастырып, бейімдеу.
Аталған бағытта 2019 жылы
«Жаңа қазақ әліпбиі және емле ережелерін» үйретуге арналған оқыту бағдарламасы дайындалып, 40 сағаттық курстар жүргізілді. Курс дәрістері үшін орталық мамандары арнайы тапсырмалар мен жаттығулардан дайындалған
«Жаңа емле: жазу сауаттылығын арттыру құралы», «Жаңа қазақ әліпбиінде жазу дағдысын қалыптастыруға арналған жазу дәптері» атты 2 әдістемелік құрал әзірлеп, баспадан шығарылды.
Жаңа әліпби жобасын өңір тұрғындарына кеңінен насихаттап, таныстыру мақсатында облыстық «Қазақстан-Қызылорда» телеарнасының «Біле жүріңіз!» бағдарламасында
«Латын қарпін бірге үйренейік!» тақырыбында 3 минуттық 27 телесабақ түсіріліп, жыл бойы үздіксіз көрсетілді.
Газет оқырмандарының да жаңа әліпбиге көздағдысы мен қолдағдысын қалыптастыруға ынталандыру мақсатында облыстық «Сыр бойы», «Ақмешіт жастары» газеттерінде арнайы
«Латын қарпін үйренейік!» айдарымен байқау ұйымдастырылып, жыл бойы жазылым тапсырмалары жарияланып тұрды. Байқау тапсырмаларын тұрақты орындап, соңына дейін қатысқан үздік оқырмандар мен мектеп оқушылары жыл соңында алғысхаттармен, сыйлықтармен марапатталды.
Әліпби бекітіліп, емле ережелері тиянақталса, бұл еңбектердің барлығы қайта жаңғыртылады.
2019 жылы өткен республикалық
«Тіл форумы» қарсаңында орталық мамандарының әдістемелік сабақтары мен мақалалары жинақталып,
«INTELLIGENCE.KZ» ақпараттық, ғылыми-педагогикалық журналының №132 санында жарияланды.
Заман ағымына сай бүгінде әлеуметтік желідегі парақшалар арқылы тіл үйретудің ролі өте зор. Желідегі белсенді оқырмандарымыздың сұрауы бойынша Фейсбук, Инстаграмм парақшаларында да
«Easy English» ағылшын тілін жылдам үйрену,
«О русском по-казахски» орыс тілі грамматикасын үйрету айдарлары, қазақ тілінде сауатты сөйлеуді үйретуге арналған
«Сөздер сөйлейді», «Сөз қадірі – өз қадірің», «Проффесор сағаты» дәрістері тікелей эфирде, және
«Қатесіз жаз!» сауаттылық айдары желіде тұрақты жүргізілуде. Бұл дәрістердің әрбір шығарылымын желі қолданушылары асыға күтеді, сұранысы өте жоғары.
Жыл басында ел тәуелсіздігінің 30 жылдығына байланысты орталықтың
«Тәуелсіздікке тағзым – тілге құрмет» тақырыбында іс-шаралар жоспары бекітілген болатын. Карантинге байланысты шаралардың бәрі онлайн ұйымдастырылуда. Фейсбук, инстаграм парақшаларында арнайы хэштэгпен ұйымдастырылған онлайн шараларға жұртшылықтың қатысу белсенділігі мен қызығушылығы да күн санап арта түсуде. Атап айтқанда:
«Тәуелcіздікке тағзым –тілге құрмет» облыстық онлайн жыр мүшайрасына 24 үміткер қатысып, өнер көрсетсе, Астана күніне арналған
«Еңсесі биік Елорда», ұлттық домбыра күніне арнап өткізілген «Қос ішек» онлайн диктант шараларына 100-ге мемлекеттік қызметкер белсене қатысты. Сондай-ақ, тіл үйренушіледің ерекше белсенділігі мен қызығушылығын арттырған шаралар - Президент оқуға ұсынған 30 кітапты оқып, талдауға арналған заманауи
«BOOKTALKING» фоматындағы онлайн оқырмандар конференциясы мен
«Тәуелсіздікке 30 жыл - 30 ашық сабақ» онлайн сабақтар мен челлендждер жыл соңына дейін жүргізіліп, Тәуелсіздік мерекесінде қорытындыланады.
2018 жылы тыңдаушылардың оқылым дағдысын қалыптастыруға арналған жергілікті жазушылар шығармаларының қызықты сюжеттері бойынша тапсырмалар құрастырылып,
«Қызықты әңгімелер жинағы» шағын кітаптар сериясы баспадан жарық көрген болатын. Бұл әдістемелік жинақ та тыңдаушыларға бір сарынды сабақтан тыс, тапсырамаларының қызықтығымен ұнаған, сүйікті кітап болды деуге болады.
Орталық 2018 жылдан бері оқыту курстарының барлық жұмыстарын сандық жүйеге көшіріп, тыңдаушылардың сабаққа қатысуын қадағалау мен электронды журнал, фото, видео кері байланыс есебін тексеріп отыру үшін
GoogleDisk форматындағы деректер базасын жасақтап, пайдаланып келеді. Деректер базасында әр оқытушының оқытқан тобы жайлы мәліметтер сақталып,
GoogleForms сервистер жүйесіндегі сауалнама, тест онлайн диктан нәтижелері мен материалдары салынып отырады.
Адам тыңдау арқылы
тілді 42, қарым-қатынас арқылы 32, оқу арқылы 15, жазу арқылы 11 пайыз ғана меңгеретін болса, мультимедиалық технологияны пайдалану арқылы 100 пайыздық нәтижеге қол жеткізетіндігі ғылымда дәлелденген. Атақты ойшыл Әбу Насыр әл Фараби бабамыз:
«Адамға ең бірінші білім емес, тәрбие керек, тәрбиесіз берілген білім адамзаттың қас жауы» деп, тәрбие ісінде
«жұмсақ» және «қатты» әдістерді қолдану керектігін айтқанын білеміз.
«Жұмсақ әдіспен» тәрбиелеуде нақыл, өсиет сөздерді пайдаланудың тиімділігін атап көрсеткен. Тіл үйретуде қандай жаңа әдіс, технология болсын, ол белгілі бір тәрбиелік мақсатпен қабысып жатуы тиіс, сондықтан замандастарымызға мемлекеттік тілді үйретуде Әл Фараби әдісін ұстанып, тәрбиелік мағынасы зор ата-бабаларымыздың даналық сөздерін жинақтап, тіл үйренушілерге тыңдату арқылы тапсырмалар орындатып, өз пікірлерін жаздыру өте тиімді тәсілдердің бірі. Сабақтарда В1, В2, және соңғы уақытта А1, А2 деңгейлеріне арналған, ұлттық рухтағы жыр, терме, айтыс т.б. аудио, бейнежазбалар үзінділерін тыңдату арқылы тыңдаушыларға өз пікірлерін жаздыртып, тыңдалым, жазылым дағдсын қатар дамытуда «Комментарий» әдісімен жақсы нәтижелерге қол жеткізіп жүрміз. Осы әдісті әрі қарай сандық технология жетістіктерімен ұштастырып, мобильдік қосымша жасауды қолға алдық.
Қазіргі таңда орталық мамандары қазақ тілін тыңдалым дағдысы арқылы үйретуге арналған
«Тыңда! Түсін! Тіл үйрен!» мобильдік қосымшасы мен ағылшын тілін ойындар арқылы меңгертетін
«Spoken English» («Ағылшынша сөйлейміз!) әдістемелік құралын әзірлеу үстінде. Дайын өнімдер жақын арада «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының сараптамалық кеңесіне ұсынылды. Мобильдік қосымша сараптамалық кеңестен оң бағасын алып, жарыққа шығатын болса, болашақта қазақ тілін жаңа технологиямен әрі ұлттық рухта үйретуде қалың көпшілік игілігіне айналар құнды құрал болады деген сенімдемін.
Ләззат Ортаева
Қызылорда облысының ішкі саясат басқармасының «Қызылорда облысының тілдерді оқыту орталығы» КММ директоры