Қазіргі әліпбидегі бұл әріптің біреуі кирилді қабылдаған кезде жазуымызға енген болатын. Яғни ұзақ ғасырлар бойы қолданыста болған араб жазуында да, одан кейін А.Байтұрсынұлы енгізген төте жазуда да, 1929 жылы қабылдаған латын әліпбиінде де бір й дыбысына екі әріп арналған емес. Бәрімізге белгілі, түркі халықтары кирилге көшкен кезде орыс әліпбиіндегі 33 таңбаны толық қабылдауға мәжбүр болды және әр тілдің өз ерекшелігіне сәйкес төл дыбыстарына қосымша тағы да таңбалар алды. Осы себептен қазақ тілі әліпбиі 42 әріпке негізделді. Емле ережелері де осы 42 әріпке лайықталып жасалуы қажет еді. Сол себептен, қаншама ғасыр бойы айу деп үш әріппен жазып жүрген сөзіміз аю, байу деп төрт әріппен жазып жүрген сөзіміз баю, ашшы деп төрт әріппен жазып жүрген сөзіміз ащы түрінде жазылатын болды. Й/и әріптері де емлемізге осылайша еніп кетті.
Латын графикасына негізделген жаңа қазақ әліпбиінде й/и әріптеріне неге бір ғана таңба алынды? Себебі:
Біріншіден, қазақ тілінде тек қана дауыссыз й бар, ұзын и деген жоқ. Ине, тай, киім, қайың дегенде бір ғана й дыбысы қолданылады. Фонетикалық сипаттамасы жағынан бұл сөздердегі й дыбысының ешқандай айырмашылығы да, мағына өзгертетін функциясы да жоқ. Сондықтан Орфографиялық жұмыс тобы ғалымдары төл сөздерде кездесетін бір дыбысқа екі түрлі таңба арнаудың қажеті жоқ деп шешті.
Екіншіден, қазақ тілінде 28 дыбыс бар. Оның тоғызы дауысты, он тоғызы дауыссыз. Бұл қазақ ғалымдары тарапынан айқындалған ақиқат. Егер й-ге екі таңба арналса, екінші таңбаны дауысты дей алмаймыз, себебі қазақ тілінде дауыссыз й ғана бар. Сондықтан Орфографиялық жұмыс тобы мүшелері тіліміздегі бір дауыссыз й-ге екі таңба берудің қажеті жоқ деп шешті.
Үшіншіден, егер й-ге екі таңба беру керек болса, онда у дыбысына да екі таңба арналуы керек. Себебі и мен у-дың қызметі бірдей. Бірақ олай бір дыбысқа қос таңбадан арнау әліпби түзу принципіне қайшы келеді.
Гүлфар Мамырбек
«Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми
практикалық орталығының
жетекші ғылыми қызметкері