Зат пен құбылысты атайтын күрделі сөздер орфографияда үш түрлі таңбамен беріледі:
бөлек жазу, дефиспен жазу және бірге жазу. Бөлек, дефиспен және бірге жазу – бұлар орфографиядағы сөздің жасалуын бекітетін дыбыстық емес графикалық таңбалар.
Бөлек жазу – сөйлемде сөз мағынасының дербестігін білдіретін, тіркесте сыңардың тура мағынада тұрғанын білдіретін орфографиялық таңба.
Дефис //қосарлық – күрделі сөз сыңарларының теңдігін білдіретін таңба және сыңарлардың жақындығын білдіретін таңба және бірге жазылудың алдында тұрған процесті білдіретін, сыңарларды қосушы орфографиялық таңба.
Бірге жазу – көрші сыңарымен бірігіп қана толық мағынаға ие болатынын білдіретін, сөзжасам процесін бекітетін орфографиялық таңба.
Сонымен, бірге, бөлек, дефиспен таңбалану - сөз мағынасындағы үдерістерді - мағыналық жылжу, ауысу, жалпылану, тарылу сияқты өте баяу процестерді таңбаламай тұра алмайтын емледегі жазу тұрпаты, дыбыстық емес графикалық белгі.
Біріккен сөздер – сөзжасамның бір тәсілі. Қазақ тіліндегі біріккен сөздер табиғи жолмен бірігеді және жасанды жолмен біріктіріледі. Табиғи жолмен бірігетіндер сөзжасамдық айналымда үнемі қозғалыста болады. Мысалы:
қолдың сыртынан киетін қабы<қолға киетін қабы<қолдың қабы<қолқабы<қолқап<қолғап деген сияқты процестерден «жылдап өткен» біріккен сөздер қазақ тілінде баршылық. Сондықтан қазақ тілінде бірге немесе бөлек және дефис арқылы жазылатын сөздердің арасында бірінің шекарасынан өтіп екіншісіне айналып жататын процестер тоқтамайды. Емле сөздігі оны кейде тіркеп үлгереді, кейде тіркелмей, бірақ жазу тәжірибесінде нормаға айналып отырады.
Қазақ тілінде бірнеше күрделі атаудың құрамында қайталанып, мағыналық, дамуға түсуі, сөйтіп, біріккен сөз жасаудың бір жолына айналған сыңарлар бар. Олар негізінен соңғы сыңар болып келеді. Және алдыңғы сыңармен біріккенде ғана зат не ұғым атауы болады. Ондай сыңарлар мыналар:
аралық, ара, ішілік, құмар, жанды, тану, таным, жай, хат, ақы, қап, бау, той және т.б.
Осылардың арасынан бұл танымдық мақалада қатардағы көпшіліктің қоятын бір сұрағы «
мекенжай сөзін дефиспен жазамыз ба, жоқ, бөлек жазамыз ба?»-ға тоқталайық.
Қазіргі қазақ емлесінде ж
ай сөзі тек мекенжай-да емес,
қонақжай, еружай тіркесінен бастап,
егінжай, орынжай, жағажай, саяжай, әуежай, жылыжай, кемежай, қонысжай (мекенжай, орын),
панажай (уақытша баспана.
), тұрақжай сөздерінде бірге жазылады. Бұл сөз қазақтың дәстүрлі сөзсаптамында «белгілі бір мекен, орын, тұрақ» және «үй, ғимарат» мағынасында жұмсалды және жұмсалады да.
Мысалы,
Ауылдың арғы шетінде едәуір оқшау тұрған жатаған жалғызбасты Дүрия кемпірдің жайы (Ә.Тарази Құйрықты.) дегенде үй, қора-қопсы, болса, бау-бақшасымен қоса атағаны. Бұл қолданыс жалпы мағынада жұмсала келе, алдынан анықтауышты талап ете бастады. Бұлардың алғашқысы
мекен сөзі болды. Бірақ
жай мен
мекен сөзі синонимдес болғандықтан қосарлама қос сөз түрінде 70-жылдардың ортасынан дефис арқылы жазылып келді (
мекен-жай).
Бірақ соңғы сыңар ретінде көмекші мағынаға көше бастады. Сөйтіп,
мекен-жай сөзі 2000 жылдардың басынан біресе дефиспен, біресе бірге жазыла келе, емле сөздігінде бірге жазылуы заңдастырылды.
Бұл сөздің жалпы мағынадан көмекші мағынаға, сөз жасайтын қызметке көшуі тек
мекен-жай сөзінде емес,
қонақжай, еружай, егінжай сөздерінен де көрінген еді. Мысалы,
Хұжра шәкірт жатқан жүз елу бар, Үшбулары және басқа қ о н а қ ж а й д а н. Айтуға зейінімнің хатта жетпес, Көргендер бейнесіне қалар қайран (Кердері Әбубәкір, Қазағым) дегенде немесе
Бізді үлкен мөлдір көл жағасына салынған аппақ тас сарайға, салтанатты қ о н а қ ж а й ғ а әкеп түсірді (М.Әуезов, Индия очерктері).
Шоқандар да осы көшемен жүріп қонақ сарайға жетті. Оларды «Әндіжан» деп атайтын қ о н а қ ж а й ғ а түсірді (С.Бегалин, Шоқан асулары) деген қолданыстарда
қонақжай сөзі қазақ тұрмысындағы «түпкі үй, төр үй, қонақтар отыратын бөлмені» және қазіргі «қонақүйді» атап отыр. Сондықтан еш күмәнсіз бірге жазылды. Сол сияқты
еружай да көшпелі қазақ тұрмысына тән баспана, «ұ
зақ жолда келе жатқан көштің аялдаған жеріне тіккен тұрағы, баспанасы», бірге жазылмаса түсініксіз болатын еді.
Жай сөзінің адамның тұрағы ғана емес, кез келген тұрмыстық орынды беруі
егінжай сөзінен көрінеді. Отырықшыланған қазақ тұрмысында «Егін егілген жер, егістікті»
егінжай деп атаған. Мысалы:
Мен ұшақ көлеңкесінің е г і н ж а й үстінен қалықтап келе жатқанын көріп отырмын (Ә.Әлімжанов, Махамбеттің жебесі).
Көкжиектен арайлап атқан таңның самал желі кең алқапты аймалап, е г і н ж а й сары алтындай толқиды (Ә.Нұрмағамбетов, Шығармалары).
Ол арада е г і н ж а й, аққан бұлақ, мол шабындық бар (Ш.Айманов, Қыран туралы хикая).
Белдерден аса бергенде, біресе е г і н ж а й, біресе табын-табын мал, біресе көрікті село алдыңнан шығады (С.Хайдаров, Азамат келбеті). Мұнда да
жай сөзі жалпы, көмекші мағынада тұр.
Сөйтіп, тәуелсіздік алған жылдардан бастап, қазақ сөзінде жиі қолданылатын
адрес, пляж, теплица, аэропорт, дача, стоянка сияқты орыс тілі сөздерін қазақша атағанда сөзжасамның осы үлгісіне салып,
мекенжай, орынжай, жағажай, саяжай, әуежай, жылыжай, кемежай, қонысжай (мекенжай, орын),
панажай (уақытша баспана.
), тұрақжай деп бірге жазып, жаңа сөздер жасалды және бұлар қазір белсенді қолданыста. Және жаңа қазақ емлесі бойынша аталған сөздердің барлығы бірге жазылады.
Құралай Күдеринова
А.Байтұрсынұлы атындағы
Тіл білімі институтының бас
ғылыми қызметкері, ф.ғ.д., профессор