Бүгінгі таңда қазақ жазуын латын графикасына ауыстыру қарсаңында қазақ ұлттық әліпбиін бекіту мен емлесін жазу сияқты басты шаралармен бірге, ұлттық пернетақта жасау да маңызды мәселе болып отыр. Өйткені қазіргі заман – ақпараттық технология заманы, яғни мәтінді компьютерде теру арқылы жазу әрекеті басым бағыт алып отыр. Осы ретте қазақ ұлттық пернетақтасын жасау бойынша елімізде, арнайы мемлекеттік ұйымдарда, ғылыми орталықтарда талқылау жұмысы қызу жүргізілуде. Соның бірі – Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-қазына» ғылыми-практикалық орталығында өткен жиын (14 желтоқсандағы орфографиялық, әдістемелік, ақпараттық топ мүшелерінің кеңейтілген отырысы).
Аталған жиында пернетақтаның екі нұсқасы талқыланды.
1-ші нұсқа – IT мамандары ұсынып отырған ағылшынның QWERTY пернетақтасын сақтай отырып, пернетақтаның оң жақ бұрышындағы символдар тұрған үш қатардағы орындарға пернетақтада жоқ төл әріптеріміздің бір шоғыр болып қойылуы:
2-ші нұсқа – А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтында Қолданбалы лингвистика бөлімі қызметкерлерінің қазақ тіліндегі әріп және әріп тіркесі жиілігіне негіздеп жасаған статистикалық пернетақтасы:
Пернетақтаның 1-ші нұсқасында ағылшын пернетақтасы сақталып, пернетақтада жоқ қазақ төл әріптері пернетақтаның бір бұрышына орналастырылған. Ал, 2-ші нұсқасында қазақ әріптері мен әріп тіркесіне негізделіп, жиі кездесетін әріптер пернетақтаның саусақтар басуға ыңғайлы ортаңғы тұсына екі қолға бөлініп орналастырылған. Мұнда ағылшынның QWERTY пернетақтасындағы әріптердің орналасуы сақталмайды. Әріптердің орналасуында қазақ тіліндегі мәтін теру мүмкіндігі ескеріледі. Жиі кездесетін әріптердің ортаңғы сұқ саусақ басатын орындарда тұруы және жиі кездесетін әріп тіркестерінің бір-бірінен алшақ орналасуы екі қолға ыңғайланып орналастырылуы мәтінді ыңғайлы әрі тез басуға мүмкіндік береді.
Аталған жиында QWERTY пернетақтасын сақтап, пернетақтада жоқ қазақ әріптерін шеткі символдар тұрған орынға қоюды ұсынатын 1-нұсқаны қолдаушылар тарапынан төмендегідей уәждер айтылған болатын. Мақалада осы уәждерге қатысты пікірлерімізді көрсетпекпіз.
Уәж: «Жастар транслитерациямен жазып QWERTY пернетақтасының орналасуына үйреніп қалды».
Біздің пікіріміз: Жастардың арасында 2006 жылға дейін транслитерациямен жазу сәнде болды. Бұл құбылыс Қазақстанда ғана емес, басқа да мемлекеттерде орын алды. Бұл кезең – тетікті (кнопокалы) ұялы телефондар заманы еді. Біріншіден, қазақша мәтінді кирилмен немесе латынмен тергенде, терілетін мәтін ұяшығындағы сөз не сөйлем ұзындығы кирилде ұзақ, латында қысқа болып тұрады. Бұл – сыйымдылығы жағынан латынша терілген мәтінге кирилге қарағанда символдар (таңба, әріп) көбірек кетеді деген сөз. Екіншіден, латын қаріптерімен 160 символ, ал кирил қаріптерімен 70 символдан тұратын «смс» мәтіннің құны бір баға болған. Осыған орай, кирил қаріптерімен жазылған 70 символдан тұратын мәтінге қарағанда, латын қаріптерімен жазылған 160 символдан тұратын мәтін әрі көлемді (көп сөз жазылған), әрі ойды, мазмұнды беру жағынан тиімді әрі арзанға түсетіні байқалады. Демек, кириллицада жазылған мәтіннің құны латынмен жазылған мәтінге қарағанда 2 есе қымбат болды. Үшіншіден, телефонда әрбір санға арналған тетікшелерде 3 немесе 4 әріптен қойылған. Мысалы, латынның «C» әрпін жазу үшін «2» санын 3 рет басу керек. Ал кирилде «Г» әрпін басу үшін «2» санын 4 рет басу қажет. 4 – Ч (Что-4to), 9 – Я (Гуля-Gul9) деп тетікшелерді басу уақыты мен ұялы телефон бірлігін үнемдеу мақсатында ч-ның орнына 4-ті, я-ның орнына 9-ды ауыстырып жазып жүрді. Сол кезеңде жастар ыңғайлы және арзан жағына өту барысында ұлттық әліпбидегі әріптерді траслитерациямен терді.
Қазір ұлттық пернетақтамызды жасауда 2000-2006 жылдар аралығында ұялы телефон тетіктері арқылы транслитерациямен жазған жастарға QWERTY пернетақтасы ыңғайлы деп айту қате. Айтылып отырған транслитерациямен жазған жастардың пернетақтасы мен QWERTY пернетақтасы екі түрлі пернетақта! Пернетақтаны жастар ғана емес, әртүрлі жастағы адамдар да қолданады. Төл әріптерімізді пернетақтаның кез келген жеріне орналастырсақ та, қайтадан үйрену процесі орын алады
Уәж: «QWERTY пернетақтасының негізінде ұлттық пернетақтамызды жасап, W, X, C әріптерін пернетақтамызда қалдыру қажет. Сол кезде ағылшынша да, қазақша да раскладканы ауыстырмай тере береміз. W, X, C әріптері пернетақтамызда тұра берсе, формулаларды теру ыңғайлы болады».
Біздің пікіріміз: Бір де бір ел әліпбиінде жоқ әріпті ұлттық пернетақтасының маңызды жеріне орналастырмаған. Әліпбиімізде жоқ әріптерді пернетақтамыздың маңызды жерінде қалдырып, ағылшынша тергенге, формула теруде ыңғайлы немесе шетелдіктер біздің пернетақтамызда өз сөзін тергенде ыңғайлы болсын, қазақ пернетақтасы басқа тілде теруге ыңғайластырылсын деген пікір ұлттық пернетақтамызды жасауда ғылыми тұрғыдан болсын, логикалық тұрғыдан болсын және ұлттық тұрғыдан да қате пікір. Қазақ пернетақтасы мәтінді тек қазақ тілінде теруге ыңғайлы болуы қажет. QWERTY пернетақтасын негізге алып, W, X, C әріптерін қалдыру арқылы формулаларды теру ыңғайлы немесе ғасырды таңбалайтын сандарды (XXI) беруде ыңғайлы деп айту дұрыс емес. Формулалар тек осы 3 таңбаның негізінде тұрмайды. Формулаларды теру үшін арнайы «формула конструкторы» бар. осындай күрделі формулаларды пернетақтаның ешқандай раскладкасымен теру мүмкін емес.
Әзербайжан елінің әліпбиінде W әрпі жоқ. Сондықтан оның орнына әліпбиіндегі төл Ü әрпін орналастырған.
Грузия елі пернетақтасына W, X, C немесе одан да басқа шет тілдердің әріптерін формула жазу үшін ыңғайлы болсын немесе ғасырды көрсетуге ыңғайлы болсын деп кіргізген жоқ.
Кирил пернетақтасында мәтін теру кезінде кейбір символдарды қою үшін QWERTY пернетақтасына өтіп, керек символды қойып, қайта кирил пернетақтасына өтетінбіз. Мысалы, {}[] < > `~ символдарды қойғанда. Әлем бойынша барлық елдер пернетақталарында кем дегенде 2 немесе одан да көп раскладканы пайдаланады. Біз бір раскладка ғана жасаймыз деген пікір қате. Себебі, бір раскладкаға салсақ, мына {}[] < > `~ символдарды арнайы орнатумен (специальная вставка) ғана қоя аламыз. Бұл символдар сирек қолданылатын символдар қатарына жатпайды. Төл әріптерімізді қалай орналастырсақ та, бағдарламашылар тек ағылшын QWERTY пернетақтасын қолданады. Бағдарламашылардың Қазақ QWERTY пернетақтасына көшуі мүмкін емес. 1-ші жоба (қазақ әріптері оң жақ шетке бір шоғыр болып орналастырылған)
қабылданған күннің өзінде де пернетақтамызда ағылшын стандартты QWERTY пернетақтасы, ұсынылып отырған 1-ші жобаның Қазақ QWERTY пернетақтасы және ЙЦУКЕН пернетақтасы раскладкалары болады. Ағылшын стандартты QWERTY пернетақтасын алып тастай алмаймыз. Себебі, әр тілдің өз пернетақтасы бар. Өзге тілде мәтін теру үшін сол тілдің ұлттық пернетақтасының раскладкасына өтеміз. Мысалы, ағылшын, қытай, араб, түрік және т.б. Ал ұлттық пернетақтамызда тіпті туыстас та емес екі тілдің мәтіндерін бір раскладкамен теру мүмкін емес. Қазақ және ағылшын әліпбиі екітүрлі. Аталған тілдер әліпбилерінің символдары бір-біріне толық сәйкес келмейді. 1-ші жобадағы Қазақ QWERTY пернетақтасын қабылдасақ, ұлттық пернетақтамызда екі QWERTY пернетақтасы (бірі ағылшынның, бірі қазақ) болады. Бұл тиімсіз.
Араб елінің пернетақтасында басқа тілдің әріптері орналасқан жоқ. Осындай басқа да мысалдар өте көп.
Бұл елдердің барлығы 2 немесе одан да көп пернетақта раскладкасымен қолданады.
Уәж: «Шетелге тапсырыс бергенде QWERTY пернетақтасын ғана тапсыра аламыз».
Біздің пікір: Шетелдегі пернетақта шығаратын ұйымдарға бұйымдарының өткені жақсы. Қандай пернетақта нұсқасын жасап берсек, сату үшін сол тапсырыс берілген өнімді шығарады.
Уәж: «QWERTY және ЙЦУКЕН пернетақтасы жиілікке негізделіп жасалмаған, тек механикалық тетіктер бір-біріне айқасып қалмас үшін жасалған. «20 жыл» зерттеліп, пернетақтаны жиілікпен жасағандағы пернетақта тиімділігі дәлелденсе де, қолданылса да, әлемге тарамай, қолданысқа енбей қалды. А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының Қолданбалы лингвистика бөлімі 2-ақ жыл зерттеп жасаған жиілікті пернетақтасы да қолданысқа енбейді».
Біздің пікір: QWERTY пернетақтасының алғашқысы басу мәшенкесіне ыңғайластырылғаны рас.
Екіншіден, ағылшынша тергенде екі қолға бөлініп орналастырылғаны да бар.
Август Дворак пен Вильям Диллидің жиілікке негізделген зерттеу жұмысын жүзеге асыру кезінде АҚШ өз әліпбиін басқа графикаға ауыстырмады және оған дейін халық QWERTY пернетақтасын қолданып келді. Ол кезде адамдар пернетақтаның жаңа нұсқасына қайта үйренгісі келмеді. Сондықтан көпшілікке үйреншікті QWERTY пернетақтасы қалып қойған.
QWERTY пернетақтасы қазақ тілінде мәтін терушілердің барлығына үйреншікті емес. Ағылшын тілінде мәтін терушілер аз. QWERTY пернетақтасы көзге үйреншікті болғанмен, мәтін теруге қол дағдыланбаған.
Біз латын графикасына өтіп жатырмыз. Осы тұста пернетақтамызды жазу жылдамдығын арттыруға лайықтап алғанымыз дұрыс болмақ. Жиі кездесетін әріптерге ыңғайланған пернетақта жаңа болғанмен, адамдар оған да үйреніп, болашақта қазақ мәтіндерін теру тез әрі ыңғайлы болар еді. Өйткені жиілікке негізделген пернетақтаның ғылыми негіздері (жиі кездесетін әріптердің пернетақтаның қолға ыңғайлы бөлігінде орналасуы, жиі тіркесетін әріптердің орналасу реттілігі, олардың екі қолға бөлініп орналастырылуы және т.б.) бар.
Уәж: «Ешқандай ел жиілікке негізделген пернетақта жасаған жоқ»
Біздің пікір: Бұл пікір де қате! Түрік елі жиілікке негізделген F пернетақтасын (оң қолға 51%, сол қолға 49% күш жұмсайды) 1955 жылдан бері зерттеп, қолданып келеді.
Олардың осынша жыл ішінде F пернетақтасына толық көшпеуінің себебі – басында QWERTY пернетақтасын пайдаланды. Түрік елі 1928 жылдан бастап латын графикалы түрік әліпбиіне көшті. Бірақ пернетақталарын о бастан зерттеуге толық мүмкіндіктері болмай, дайын QWERTY пернетақтасын негіз ретінде алған.
Біз қазір басында бәрін реттеп алсақ, Түрік елі сияқты жарты ғасырдан артық уақытымызды жоғалтпай, болашаққа ыңғайластырып пернетақтамызды жөндеп алар едік.
Көп адам мысалға келтіретін Apple компаниясы шығаратын пернетақталарының оң жағында сандар жоқ (орналастырылмаған). Бұл компания жылдан-жылға жаңалық ашып отырады. Мысалы, олар барлық құрылғыларында 3D иконкаларды бір күнде 2D иконкаға айналдырып немесе 3,5 мм-лік наушниктарды қолданыс айналымынан алып тастады. Адамдар оған да үйреніп келеді. Демек, кез келген жаңа өнімге үйренуге болады. Сол сияқты жиілікке негізделген пернетақтада басуға да адамдардың үйреніп кетуге мүмкіндігі өте мол.
Уәж: «Бұрынғыдай сандардың және символдардың орнына ЙЦУКЕН негізіндегі пернетақтаға латын негізіндегі қазақтың төл әріптерін орната салу керек».
Біздің пікір: Сандардың орнына әріптерді кірістірмегеніміз жөн. Бұл жағдайда әріптер 4 қатарда тұратын болады. Санды оң жағынан басуға келмейтін пернетақталар да бар. 2 мм ештеңе шешпейді деуге болмайды. Бір күнде бір-екі бет мәтін теретін адамдарға қарағанда, 150-170 беттей мәтін теретін адамдар үшін сол 2 мм де маңызды. Сандар әріптерге жақын қатарда орналасуы қажет. Себебі, мәтін теруде сандарды теру жиі кездеседі. Мысалға, қазіргі ЙЦУКЕН пернетақтасында ноутбукпен қазақ мәтінін теру кезінде санды теру үшін раскладканы қайта-қайта ауыстыруға тура келеді. Бұл пікір бойынша жасалған пернетақтаның да қазіргі пернетақтадан ешқандай артықшылығы жоқ.
Уәж: «Кейбір пернетақталарда Enter пернесін екіге бөліп, тағы бір перне орнатқан, сол пернеге төл әрпімізді орнатайық».
Біздің пікір: Enter пернесінің шетінен бөлініп алынған пернеде мына символдар (/ | \) орналастырылған. Бірақ пернетақталардың басқа нұсқаларында бұл символдар Enter пернесінен бөлек орналасуы мүмкін.
Стандартты пернетақта көп жерде қолданылады. Біз ол стандарттан ауытқып, басқа пернетақта жасауымызға да болар еді. Бірақ стандартты пернетақтаны қолданғанда Enter пернесінен бөлінген пернеге төл әрпімізді қойсақ, пернетақтаның басқа нұсқаларында төл әрпіміз әртүрлі орналасып, көшіп жүреді. Яғни ұсынылған 1-ші нұсқадағы үстіңгі сандар тұрған қатардың оң жағына қойылған і әрпі 1-нұсқа бойынша үстіңгі сандар тұрған қатарда, бірде Enter пернесінен бөлінген пернеде, бірде Enter-дің үсті, сандар қатарының астындағы аралықта әртүрлі пернетақталарда ауысып орналасатын болады.
Уәж: «Бүкіл әлем QWERTY пернетақтасын қолданады. Сол пернетақтаны қалдыра салайық».
Біздің пікір: Бүкіл әлем бір пернетақтаны қолдануы үшін әлемде бір ғана тіл болуы керек. Әліпбиі латын графикасы негізінде жасалған елдердің пернетақтасында әріптерді орналастыру кезінде айырмашылықтар бар екені көрінеді. Мәселен, олардың бірқатарын көрсетейік, Неміс және Австрия пернетақтасы:
Неміс және Австрия пернетақтасында Y пен Z пернелері өзара орнын ауыстырған. QWERTY пернетақтасын негізге алса да, өздеріне ыңғайлы нұсқасын жасаған.
Франция пернетақтасы:
Франция елінің пернетақтасы AZERTY-де QWERTY сақталмай, Q-дың орнына А, W-дың орнына Z орналастырылған.
Латыш пернетақтасы:
Латыштар өз ұлттық пернетақтасында екінші раскладкаға ŪGJRMV әріптерін орналастырған.
Демек, QWERTY пернетақтасы барлық тілде сақталған дей алмаймыз, тіпті туыстас еуропа тілдерінің өзінде пернетақтасында айырмашылықтар көрінеді.
Қазіргі кезде пернетақтаны күнделікті қолданатын адамдар мен көптеген сала мамандары QWERTY пернетақтасының кемшіліктерін түсініп, өздеріне ыңғайлы пернетақталар раскладкасын ойлап шығаруда. Латын қаріпті қазақ әліпбиіне көшуімізге байланысты пернетақтамызды да дұрыстап алуға өте жақсы мүмкіндік болып тұр.
Уәж: «Ұлттық пернетақтамыз өзге елдің қолданушыларына да, ағылшынша мәтін басуға да ыңғайлы болуы керек»
Біздің пікір: Қазақ домбырасы – қазақты басқа елден ерекшелейтін ұлттық аспабы. Сол сияқты бүгінгі заттық мәдениет белгісі ретінде ұлттық пернетақтамыздың да өзіне тән ұлттық айшығы, түр-тұрпаты болуы керек. Ұлттық пернетақтамыз ағылшын мәтінін теруге ыңғайластырылмауы керек. Қазақ ағылшынға ешқашан да айналмайды. Сол сияқты бағдарламашылар тіліне бейімдеудің де қажеті жоқ. Бағдарлама тіліне бейімдеу дегеніміз – ол пернетақтаны, тіпті әліпбиіміздің өзін компьютерге бейімдеу дегенді білдіреді. Біз пернетақтамызды бір салаға ыңғайластырып емес, бүкіл қазақ халқына ыңғайлы етуді жөн көреміз. Әлемдік тәжірибеге сүйеніп, дұрыс нәтижелерді сұрыптап алуымыз керек.
Ұлттық пернетақта жасауда мемлекеттік деңгейде шешіп алатын ең маңызды мәселе – қазақтың ұлттық пернетақтасын жасауды принципке алу. Екіншіден, соған сәйкес пернетақта үлгілерін жасаумен айналысқан мамандарды бір орталыққа жинап, жұмыстарын үйлестіру (яғни әркім өз нұсқасын ұсынып, бірін таңдап, сонымен шектелуге болмайды).
Айман Жаңабекова,
А.Байтұрсынұлы атындағы
Тіл білімі институтының
ғылыми қызметкері, ф.ғ.д.
Дархан Тоқмырзаев,
А.Байтұрсынұлы атындағы
Тіл білімі институтының
инженер-программисі