2021 жылғы 10 ақпан күні Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі Тіл саясаты комитетінің тапсырысы бойынша Шайсұлтан Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы Қазақстан Республикасының Президенті Қ.Тоқаевтың «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласындағы тіл мәселесіне қатысты идеяларына орай «Мемлекеттік тіл – халықты ұйыстыру құралы» тақырыбы бойынша алқалы онлайн отырыс өткізді. Үкімет жанындағы Ұлттық комиссия мақұлдаған жетілдірілген латын графикасындағы қазақ әліпбиі мен емле ережелерін қоғамда кеңінен насихаттау мен жаһандану кезеңіндегі қазақ тілін дамыту мәселелерін талқылауды мақсат тұтқан бұл бас қосуға Қазақстан Республикасы Парламенті қос Палатасының депутаттары, Ұлттық комиссия жанындағы Орфографикалық жұмыс тобының мүшелері, орталық және жергілікті атқарушы мемлекеттік органдарының тіл басқармаларының басшылары, тіл оқыту өңірлік орталықтарының директорлары, ұлттық компаниялардың тіл бөлімдері басшылары мен мамандары, әлеуметтік лингвистика саласы ғалымдары және т.б. тіл мамандары мен жанашырлары қатысты.
Тіл саясаты комитетінің төрағасы Әділбек Қабаның алғашқы сөзінен-ақ аталмыш шараның өткір тұрған өзекті мәселені қозғап, шешу жолдарын қарастыруға берік бекінгені анық байқалды. Оның айтуынша, еліміздегі оқыту орталықтарындағы жұмыстың тиімді әрі жүйелі жүргізілуінің негізгі индикаторы білікті оқытушы екеніне қарамастан, мәртебесі анықталмаған орталықта мамандарды тұрақты ұстап тұру, бәсекелестік ортада материалдық және басқа да мәселелерін шешу бағытында шешімін табу керек жайттар жеткілікті екен. 2020 жылдан бастап еліміздің педагог мамандарының жыл сайынғы лауазымдық жалақысын 25 пайызға, сондай-ақ мәдениет қызметкерлерінің жалақысын 35 пайызға көтеру туралы берілген Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау барысында Тілдерді оқыту орталықтарындағы 454 оқытушы мүлде назардан тыс қалып отыр. Оның үстіне 9 өңірде бүгінгі күні басқармалар жабылып, тілдерді дамыту жөніндегі міндеттерді: ішкі саясат басқармалары
(Ақмола және Қызылорда облыстары), мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармалары
(Шымкент қаласы, Маңғыстау және Павлодар облыстары), мәдениет басқармасы
(Түркістан облысы), тілдерді дамыту және архив істері басқармасы
(Нұр-Сұлтан қаласы және Солтүстік Қазақстан облысы), Тілдерді дамыту және латын әліпбиіне көшу орталығы
(Алматы қаласы) атқарып келеді.
«Мемлекеттік тілді этносаралық қатынас тілі ретінде орнықтыруға бағытталған шаралар кешенін қабылдау мәселесі күн тәтібінде өткір тұр. Қоғамдық қатынастардың барлық салаларында мемлекеттік тілді қолданудың өрісін мейлінше кеңейтеміз десек, бірінші кезекте, қазақ тілінің білім беру саласындағы қолданыс аясын кеңейту қажет», – деді Әділбек Күнесханұлы.
Келелі кеңеске ұласқан отырыс үлкен екі тақырыпты қамтыды.
Біріншісі
«Латын әліпбиіне көшу: ұлттық бірегейлік және тілдік реформа» деп аталды. Тіл саясаты комитетінің төрағасы Әділбек Қаба «
Қазақ әліпбиін латын графикасына кезең-кезеңімен көшіру мәселелері» тақырыбында баяндама жасады.
Бұдан кейін А.Байтұрсынұлы атындағы тіл білімі институтының директоры, белгілі ғалым Анар Фазылжан
«Жетілдірілген әліпби жобасы мен емле ережелері ерекшеліктері жөнінде» айтып берді. Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты Мұрат Бахтиярұлы
«Латын графикасындағы қазақ әліпбиіне көшу – тілдік реформаның бастауы» туралы кеңінен сөз қозғады.
Шара барысында көтерілетін келесі өзекті әңгіме: «Мемлекеттік тіл: мәселелер және мүмкіндіктер». «Жаһандану кезеңінде мемлекеттік тілді дамытудың өзекті мәселелері» хақында Тіл саясаты комитетінің төрағасы Әділбек Қаба талдау жасады. «Тілге қажеттілік туғызудың бірінші жолы, әрине, әр азаматтың тілді үйренуге деген құлшынысын ояту, жағдай туғызу, орта қалыптастыру, патриоттық рухын, сүйіспеншілігін арттыру екені белгілі. Айта кететін нәрсе, бұл жұмысты мемлекет 30 жыл бойы тоқтаусыз жүргізіп келеді, – деді ол. – Белгіленген меже бойынша еліміз азаматтарының 90 пайыздан астамы әртүрлі деңгейде игергенімен, әлеуметтік зерттеулер бойынша 52,7 пайызы қазақша еркін сөйлеп, жаза алады. Ал енді қалғаны отыз жылда отыз ауыз сөз үйренбесе, тіпті ниеттенбесе, мемлекет кінәлі ме?».
Әрине, қоғам да өз тарапынан қажеттілік туғызу керек. Еліміздің әр азаматы өз бетімен үйренуге, таза сөйлеп, жазуға, өмірде қолдануға еріксіз мәжбүр болуы керек.
Ол үшін қайда барса да, алдынан қазақ тіліне деген қажеттілік шығуы тиіс. Соның бірі – көрнекі үгіт. Өткен жылы республика бойынша заң талаптарына сәйкес келмейтін 11 625 көрнекі ақпарат анықталып, 7 463-і (64,2%) түзетіліпті. Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Берік Әбдіғалиұлы осы оймен сабақтас
«Мемлекеттік тілді көрнекі ақпараттарда қолданудың заңнамалық мәселелері» туралы айтты. Одан әрі «Алматы» телеарнасының бас директоры Нұржан Мұхамеджанова
«Көрнекі ақпараттардағы мемлекеттік тілді қолдану проблемаларын анықтау, тіл қолданысын жүйелеуге әсері» жайлы әңгіме өрістетті.
«Тіл-Қазына» орталығы директорының орынбасары Айдос Абдыхалық тілге тиек еткен
«Мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту мәселелері. Азаматтардың қазақ тілін меңгеру талаптарын жүйелеу мәселесі» қатысушылар тарапынан үлкен қызығушылық тудырды.
Көпшілік назарына ұсынылған көкейтесті мәселелер бойынша келелі сөз, кемел пікір айтылды, тиісті ой түйінделді.
Отырыс соңынан арнайы қарар қабылданды.