Латын әліпбиіне көшеміз дегеннен бастап «Қазақ тілінің дыбыстық табиғатына сай келмейтін кірме дыбыстар мәселесінің жағдайы не болады? Оларды болашақ әліпбиге енгізу қажет пе?» деген сияқты көпшіліктің көкейінде күпті сұрақтар кездескені анық! Ол дыбыстардың бірқатары –
«ц», «ч», «щ». Бұл таңбалармен жазылатын сөздердің барлығы тілдік қорымызға кеңестік дәуірде орыс тілі арқылы енгені белгілі. Тәуелсіздік алғаннан бері кірме сөздердің көпшілігі қазақ тіліне аударылып, дыбыстық үндесімге бейімделіп кетті. Бақытымызға қарай бұл дыбыстар жетілдірілген әліпбиге енгізілген жоқ. Бұл да біздің бүгінгі ұрпақ алдындағы міндетімізді абыроймен орындап, ұлттық ұстанымымызға тән емле ереже құруды ұмытпағандығымызды білдірсе керек. Бүгінге дейін ұсынылған жобалардың ішінде
«ц», «ч», «щ» дыбыстарын әліпбиге енгізуді құп көргендердің де болғанын білеміз. Олардың бірқатары ең оңай нұсқа ретінде дүниежүзіне ортақ дайын халықаралық фонетикалық алфавиттің таңбаларын алуды дұрыс деп таныды. Ал белгілі ғалым А. Байтұрсынұлы «Әліпби деген тілдің негізгі дыбыстарына арналған таңбалардың жұмағы» деп жазған болатын. Демек, әліби түзуде әріптердің тіл дыбыстарын нақты таңбалауына, оқуға және жазуға жеңіл болуына, үйретуге оңай болуына басты назар аударылуы қажет деген сөз.
Олай болса, жетілдірілген нұсқаны қазақ тілінің фонетикалық ерекшелігіне және әлемде қалыптасқан латын әліпбиін әзірлеудің қазіргі, заманауи тәжірибелеріне негізделіп жасалған деп айта аламыз. Жетілдірілген әліпбиден нақты екі нәрсені анық байқауға болады. Оның біріншісі, тіліміздің төл табиғатын сақтауы болса, екіншісі – латын әліпбиінің таңбалық жүйесіне негізделуі. Жалпы, әліпбиді тілдің фонетикалық сипатын таңбалау деп түсінсер болсақ, онда маңызды екі мәселенің де өзара сабақтастырыла шешімін тапқанын байқауымызға болады. Бұдан шығатын қорытынды, жетілдірілген әліпбидің барынша ғылыми негізге сүйеніп жасалғанын көрсетеді. Мәселен, тілдің дыбыстық ерекшелігіне орай, тиісті диакритикалар, мысалы, жіңішке дауысты дыбыстарға умлаут, ызың, қатаң дауыссыз дыбысқа седиль тағы сол сияқты латын әліпбиін түзудің теориясы мен практикасына сәйкес диакритикалар сәтімен қолданыс тапқан. Аталған нұсқада қазақ тілінің дыбыстары толық қамтылып, әрқайсысына жеке таңба беруге тырысқан. Алдыңғы әліпбидегідей бір дыбысты екі таңбамен беру тәсілі орын алмағанын көреміз. Мысалы,
ш дыбысы бір таңбамен берілсе, бұл нұсқада
ч дыбысына арнайы таңба берілген жоқ. Осыған дейін даулы болып келген
ш дыбысы Ş (седиль) таңбасымен берілді, бұл таңба әзербайжан, өзбек, түркімен, түрік және т.б. көптеген әліпбиде ызың дауыссызға қолданылады. Алдыңғы жобадағы SH диграфымен таңбаланған
Ш дыбысын Ş таңбасымен беру арқылы қазақ тілінің дыбыстық жүйесін айқын көрсететін әліпби жобасы тұтастай «бір дыбыс – бір әріп» принципіне негізделді. СҺ (Ч) таңбасы әліпбиден алып тасталды. Ч дыбысы қазақ тілінің төл сөздерінде кездеспейді, әдеби нормада жоқ. Ч-мен келетін шеттілдік сөздердің саны да аз әрі олардың қолданылу жиілігі де төмен. Бұл нұсқада қазақ тілінде қалыптасқан әліпби дәстүріне сай әріптердің реттілігі мен жүйелілігі біршама қалпына келтірілді. Осыған дейінгі айтылған ұсыныстар мен пікірлердің негізінде жетілдірілген қазақ әліпбиін көпшілікке оңай үйретуге, көздағдысы мен қолдағдысын тез қалыптастыруға, сондай-ақ оның емле ережелерін меңгертуге де қолайлы болмақ.
Қорыта айтқанда, латын әліпбиіне көшу тек таңбаларды ауыстыру емес, барынша тиімді жолдармен түзілген төл таңбамызды көріп, сезіну еді! Әлбетте, қазақтың
«ш»-сы тұрғанда
«ч» мен
«щ»- ны төрге оздырмай, төл дыбысымыз
«ш» әрпі
Şş (седиль) таңбасын иеленіп,
«ч», «щ», кірме дыбыстарын сахнадан шығарғаны барша қазақты қуантқаны сөзсіз.
Себебі
ч, щ таңбасымен келген кірме сөздерді ана тілімізге игеріп алуда
«ш» әрпінің құдіреті жетеді. Ал
ц таңбасы осыған дейінгі бекітілген әліпбиде болмағандықтан, халықтың көзі
S таңбасымен оқып, жазуға дағдыланып та қалған. Бұл таңбалардың кірме сөздерді ана тілімізге икемдеудегі қызметі өте жоғары.
С.Кенжемұратова
«Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-пракатикалық орталығы
Әдістеме басқармасының аға ғылыми қызметкері,
ф.ғ.к, доцент