Латын әліпбиінің жаңа нұсқасы Президент назарына қашан ұсынылмақ?
Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі Тіл саясаты комитетінің төрағасы Әділбек Қаба латын әліпбиінің жаңа нұсқасын Қасым-Жомарт Тоқаевқа қашан ұсынатыны туралы айтты.
«Жақын арада, қаңтар айында, біз өз ұсынымызды Үкімет жанындағы қазақ тілінің датын қарпіне өту жөніндегі Ұлттық комиссияға өткіземіз. Әліпбидің жаңа нұсқасы бекітілсе,1 наурызға дейін жаңа әліпби Президент назарына ұсынылады», - деді төраға Kaztube жобасына берген сұхбатында.
Әділбек Күнесханұлының айтуынша, Ұлттық комиссия қарауына қазақ әліпбиінің латын қарпіндегі нұсқасымен қоса пернетақта жобасы да бірге ұсынылмақ.
«Пернетақтаның үш нұсқасы болды. Біз соның ішінен ең қолайлы деп саналған біреуін таңдадық», - деп атап өтті Тіл саясаты комитетінің төрағасы Әділбек Қаба.
Төрағаның айтуынша, ҚР Мәдениет және спорт министрлігі қазақстандықтарды латын қарпіне көшіру мақсатында түрлі сабақтар мен қоғамдық шаралар ұйымдастыруды көздеп отыр.
Еске сала кетейік, 2020 жылдың 9 қарашасында мемлекет басшысы латын әліпбиін енгізу жөніндегі жұмыстарда асығыстыққа бой алдырмай, процесс сатылы түрде жүргені дұрыс екенін жеткізген.