Тірісінде сәлем беріп суретке түсе алмаған соң, басына барып, тасына сүйеніп тұрған түріміз. Кейде бұл дүниеден қайтып кеткен кісіні іздейсің. Оның істеген ісі - айтқан сөзі жаныңа серік болады. Жалғыз емес сыяқты, қасыңда қолдаушың бар сыяқты сезінесің. “Аруақ шақыру” деген сол шығар.
Шымкентке жолым түссе көңілін жайып күтіп алатын жігіттер көп, соларды ертіп алып қала іргесіндегі қабірстанға соғам - Тәшкен бағытына шығаберістегі жол жиегінде Тәшенов жатыр.
Сіз де сөйтіңіз. Бес-алты ауыз сөз айтып, бес-он минут аялдайсыз. Ары қарай сол бір сәттеріңіз көпке дейін есіңізден кетпейді. Өзіңізді ірі сезініп жүресіз. Ол - жақсы сезім.
ps: Еске түскен соң қосып қояйын.
Тәшеновқа Ғабит (Мүсрепов) айтыпты дейді: “Сені биік мансабыңнан алды. Ал бізде қайта отырғызатын билік жоқ. Бірақ сен қамықпа, біз саған жақсы орын дайындадық. Ол - БАР ҚАЛАҚТЫҢ ЖҮРЕГІ. Сен онда мәңгі қаласың. Ол жерден сені ешкім алып тастай алмайды” депті. Ғабең біліп айтқан.