«Nur Otan» партиясының «Бақытты отбасы» жобасы аясында балалар құқығын қорғау жөніндегі облыстық кеңестің Шиелі ауданында көшпелі отырысы өтті. Кеңес төрағасы Райкүл Байназарованың төрағалығымен өткен жиынға тісті сала басшыларымен іскер және көпбалалы аналар қатысты.
Кеңес барысында «Nur Otan» партиясы Шиелі аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Патима Маханбет, «Қамқорлық» дағдарыс орталығының директоры Жандос Тұсмағанбетов, Ақмая ауылдық округі әкімінің міндетін атқарушы Ұлжан Жосанова баяндама жасап, өзекті мәселелерді ортаға салды.
Жалпы ауданда жыл басынан бері, 1690 отбасының 9242 мүшесіне атаулы әлеуметтік көмек тағайындалған. Оның ішінде бүгінгі күнге дейін, 1238 отбасының 1-6 жас аралығындағы 1418 балаға кепілдендірілген әлеуметтік топтама беріліп келеді.
Сондай-ақ, аз қамтылған отбасылардың арасында мектепке баратын 3920 бала мектеп формалары мен мектепке қажетті құрал-жабдықтармен қамтылған.
Әлемді жайлаған пандемияға орай қолдауды қажет етін отбасылар саны да артқан. Алайда төтенше жағдай кезеңі аралығында халықты әлеуметтік қорғау мақсатында республикалық бюджеттен қаржысы есебінен АӘК алушылар қатарынан алты жастан он сегіз жасқа дейінгі балалар, барлық топтағы мүгедектер, оның ішінде зейнет жасындағы азаматтар, 16 жасқа дейінгі мүгедек балалар, мүгедек бала күтімімен айналысатын ата-аналар, жұмыссыздар, оның ішінде жұмыссыз мәртебесін жоғалтпаған жұмыспен қамту шараларына тартылған барлығы 7643 азаматқа әр жан басына 5567 теңгеден 169498,8 мың теңге көлемінде қаржылай қолдау көрсетілген.
Сондай-ақ, нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті қолдау аясындағы бағдарламалар нәтижесінде 2020 жылдың 11 айында 675 азамат мемлекеттік грантқа ие болған. Оның ішінде атаулы әлеуметтік көмек алатын 241 отбасы болса, көпбалалы отбасылардың саны 126-ны құрайды.
Мұны өткен жылдың осы кезеңімен салыстырып қарайтын болсақ, бүгінгі күні мемлекеттік грантты алған азаматтардың саны 301-ге, атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасы саны 206-ға, көпбалалы отбасылардың саны 104-ке, көпбалалы аналардың саны-74-ке көбейген.
«Бақытты отбасы» жобасының бір бағыты – аз қамтылған, тұрмысы төмен отбасыларды тұрғын үймен қамтамасыз ету. Өткен жылдан бүгінге дейін қолы ашық, қайырымды жандар, ауданға белгілі кәсіпкерлер, ұжымдар мен қоғамдық қорлардың қолдауымен тұрмысы төмен 10 отбасы баспаналы болыпты. Дәл осы күні жомарттықты жолдас, мәрттікті серік еткен кәсіпкерлердің демеушілігімен аз қамтылған, асыраушысынан айырылған 2 отбасы мен үйсіз жүрген қарт ана жаңа қоныс иелері атанды.
Жиын барысында кеңес төрағасы Райкүл Байназарова жомарттық танытып отырған азаматтардың еңбегіне өз ризашылығын білдірді.