Б.Көмеков туралы жазу, яғни оның ғылыми ерліктерін толық көрсету оңай емес. Халық өз батырларын біле бермейтіні тарихи шындық. Жалпы халық білмесе де тарих ғылымының айналасында жүргендер Болат Ешмұхамбетұлының ғылыми ерліктерін біледі. Оның барлық жұмысы ғылыми жағынан өте құнды.
Академик Б.Көмековтың ғылыми шығармашылық жолына қарасақ, 1975-1985 жылдар ерекше орын алады екен. Осы жылдары ол өзі және басқарып отырған бөлімі бірнеше бағытта бірнеше ғылыми жобаларды жүзеге асыруға қатынасады және оларды аса жоғары жауапкершілікпен орындап шығады.
1985 жылы 4 томдық қазақ және орыс тілдерінде жарық көрген Қазақ ССР энциклопедиясында 20 мақала жазып береді. 1984-1985 жылдары Б.Көмеков бөлімі Ш.Уәлихановтың 150 жылдығына орай, оның таңдамалы шығармалар жинағының 2 томын, толық шығармаларының 5 томдығын шығару Б.Көмековтың бөліміне тапсырылады. Бұл жұмыстардың бәрін ағамыз жетекшілік ететін институттың «Ежелгі және ортағасырлардағы Қазақстан тарихы» бөлімі абыроймен орындап шығады. 1985 жылы Алматыда 5 томдық шығармалардың толық жинағын, 1986 жылы Мәскеуде Ш.Уәлихановтың таңдамалы шығармалар жинағын шығарады.
Б.Көмековтың шығармашылығында 1978-1983 жылдары жарық көрген 5 томдық Қазақ ССР тарихының алғашқы екі томы, яғни Қазақстан тарихының ежелгі және ортағасырлардағы тарихы кезеңдерін қамтыған 1 және 2-ші томдары ерекше орын алады. Бірінші томға ағайымыз оннан аса мақала дайындаса, екінші томға тікелей жауапты болады.
1980 жылдардың ортасында 5 томдық Қазақ ССР тарихының авторлары Мемлекеттік сыйлыққа ұсынылып, жеңіп тұрған кезінде биліктегілер «үлкен ағаларға жол беру керек» деп, Б.Көмековтың аты-жөнін марапаттау тізімнен шығарады. Табиғатынан салмақты, сабырлы ғалым ағамыз бұған келісімін береді.
Жас болса да бас бола білген, ғылымға адал, жаны таза Б.Көмеков ғылыми ізденістермен қатар, ғылыми кадрлар даярлау ісіне де белсене араласады. Оған тарих, археология және этнография институты басшылығы өткен ғасырдың 80-ші жылдары үлкен сенім артып, институттың мамандандырылған Ғылыми Кеңесінің ғалым хатшысы етіп тағайындаса, Мәскеу қаласындағы Бүкілодақтық Жоғары аттестациялық комиссия(ВАК) Б.И.Көмековты Орта Азия мен Қазақстанда тарих ғылымының мамандықтары бойынша сарапшы ретінде бекітеді. Осы салада да ағайымыз өзіне тапсырылған міндеттерді абыроймен орындайды.
1994 жылы Б.Көмеков Ресей Ғылым Академиясының Шығыстану институтының Санк-Петербург бөлімінде «VIII-XIII ғғ. қыпшақ, құман және қимақ тарихына қатысты араб деректері» атты тақырыпта докторлық диссертациясын сәтті қорғайды. 1995 жылы профессор Б.Көмеков ҚР ҰҒА корреспондент-мүше, ал 2003 жылы ҰҒА академигі болып сайланады. Бұл дегеніміз оның ғылыми шығармашылығын мойындау және ғалымға деген үлкен құрмет болса керек.
Академик, тарих ғылымдарының докторы, профессор Б.Е.Көмековтың жалпы ғылыми жарияланымдарының саны 700-ден асады. Оның ішінде 40-тан аса жеке және ұжымдық монография, оқулық және оқу құралдары бар. Ғалымның ғылыми жетекшілігімен және кеңесімен - 7 ғылым докторы, 13 ғылым кандидаты диссертацияларын қорғаған. Сол жетеудің ішінде осы жолдардың авторы да бар. Көмеков шәкірттерінің бәрі ұстазы секілді ғылымда адалдықты ту етіп ұстап, Отан тарихының өзекті мәселелері бойынша тарихнамаға өз үлестерін қосуда.
Соңғы 25 жылда академик Б.Көмеков өз шәкірттерімен бірге Халықаралық Қыпшақтану орталығын ашып, Еуразия аумағындағы қыпшақ этносының тарихи мәселелерімен терең айналысып жүр. Ол осы тақырыппен айналысатын АҚШ, Венгрия, Түркия, Иран, Англия, Франция, Қытай, Жапония, Ресей, Болгария, Румыния, Украина, Армения, Грузия,Өзбекстан, Қырғызстан ғалымдарымен тығыз байланыс орнатқан. Ол бірнеше рет халықаралық деңгейде қыпшақтану мәселелеріне арналған конференциялар өткеріп, оның материалдарын жариялады.
Академик Б.Көмековтың Отандық тарих ғылымына сіңірген еңбектері мемлекет тарапынан ескерілмеді деуге болмайды. 2014 жылы ғалымдар үшін ең үлкен мемлекеттік марапат болып саналатын «Парасат» орденін кеудесіне тақты. Ал юбилейлік, тарихи оқиғалар мен тарихи тұлғаларға арналған және қоғамдық ұйымдардың медальдары қаншама!
Бүгінгі күндері сексеннің сеңгіріне шығып отырған академик ағамыздың күш-қайраты мен ерік-жігері бойында. Одан халқы әлі де талай ғылыми туындылар күтуде. Тараздағы мектепте, Ташкенттегі университетте өз қатарының алды болған, Бағдатта ел намысын жерге түсірмеген, Египетте қазақтың қандай екенін көрсеткен, Ленинградта бүкіл қазақ жастарының қандай болатындығын дәлелдеген, ал Алматыда болса, бүкіл жиған-терген білімін өз халқына еселеп, том-томдап сыйлаған Болат Ешмұхамедұлына қандай құрмет көрсетсек те өте лайықты тұлға. Нағаз қазақ үшін, қазақ ғылымы үшін жаратылған «аңыз адам» деуге тұрарлық.
Сөз соңында айтарымыз, академик ағайымызды жуық арада болар мерейтойын елі мен жұрты, тарихшылар қауымы, замандастары мен шәкірттері, әулеті мен отбасы ортасында атап өтіңіз дегіміз келеді. Мәриям апай екеуі немере-шөберелерінің қызығына тоймасын, елі аман, жұрты тыныш болсын демекпіз.
Б.Б. Карибаев,
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ
Қазақстан тарихы кафедрасының профессоры
М.К. Алдыбекова,
Тарих, археология және этнология факультетінің
7М02210 – мамандығының 2 курс магистранты