Қазақ тілінің орфоэпиясы теориялық тұрғыдан жан-жақты зерттеліп келе жатқаны белгілі. Алайда практикалық тұрғыдан дұрыс қоданылып келе ме? Қатаңдарды ұяңдатып, ал езуліктерді еріндік дыбыстармен айтып жүрміз бе? Әрине, бұл мәселелер оқыту тұрғысынан қолға алынуы керек және осы уақытқа дейін жарық көрген Орфоэпиялық анықтағыштар мен Орфоэпиялық сөздіктер басшылыққа алынуы керек деп ойлаймыз. Айталық, 1977 жылы 15 мыңға жуық сөздер мен сөз тіркестерінің айтылу нормасын қамтитын Қ. Неталиеваның “Қазақ тілінің орфоэпиялық сөздігі” жарық көрді. Сөздік авторы сөздердің айтылу нормасы үндестік заңына негізделетіндігін айтады. Ал 1981 жылы шыққан М.Дүйсебаеваның “Қазақ тілінің кысқаша орфоэпиялық сөздігінде” 5 мыңға жуық сөздер қамтылады. Автор сөз басында келетін
о, ө дыбыстарының алдынан
у, ал
е дыбысының алдынан
и және дауыссыз
р, л дыбыстарының алдынан дауысты
ы, і дыбыстарының бірі келетіндігін сөздікте көрсетеді. Бұдан сөздіктің алдыңғы сөздіктерден ерекшелігін әрі толықтырылғанын көруге болады. Сондай-ақ сөздікте қатаң дыбыстардың ұяңдануы, езулік дыбыстардың еріндікке айналуы, қысаң дыбыстардың редукциялануы сияқты орфоэпиялық заңдылықтар қамтылады. Ал кірме сөздердің орфоэпиясы жазылуы бойынша берілген.
Орфоэпияда сөздердің дұрыс айтылу нормасы үндесім заңдылығына яғни тіл үндесімі мен ерін үндесіміне негізделетіндігі белгілі. Себебі кез-келген тілдің орфоэпиясы оның басты фонетикалық заңдылығына сүйенеді. Осымен байланысты М.Дүйсебаеваның пікірінше, сөйлемдегі сөздер айтуда бірімен-бірі үйлесіп, жымдасып, түрлі дыбыстық үндесу заңы бойынша яғни орфоэпиялық заң бойынша айтылады. Тіліміздегі қатаң дыбыстарды ұяңдатып айту, ұқсас емес дыбыстарды біріне-бірін ұқсастырып, үйлестіріп айту орфоэпиялық нормаға жатады. Шындығында орфоэпиялық нормада дауысты және дауыссыз дыбыстардың үйлесімділігі және сөздер мен сөз тіркестерінің дұрыс айтылуы басшылыққа алынады. Осымен байланысты ғалым Н.Уәли орфоэпиялық норма дыбыс, буын, сөз, сөйлем ғана емес, мәтін деңгейін де қамтитындығын айтып өтеді. Расында кез-келген сөйлеуші ақпаратты мәтін түрінде айтатыны белгілі. Олай болса ойымыз екінші адамға түсінікті әрі қазақ тілінің сазына сәйкес болуы үшін кез-келген сөзді (речь) орфоэпиялық норма бойынша айтуымыз қажет. Ғалым Р.Сыздық өзінің зерттеуінде: «Бір сөздің екі түрлі дыбысталып айтылатындарының ішінде жергілікті ерекшеліктеріне (диалектизмдерге) қатыстыларын вариантты сөздермен шатастырмау керек. Яғни көптеген сөздердің әр жерде әр түрлі дыбыстық өзгерісі болғанмен, әдеби тілдегі түрінше айту – орфоэпиялық норма болады. Мысалы:
маңдай – маңлай, шаңырақ – шаңғырақ, киіз – кигіз, ие – еге (үйдің иесі), шатақ – чатақ, сияқты – сиықты, аула – әулі, жоңышқа – жоңырышқа, қабырға – қабыртқа, жоқ – джоқ, масқара – машқара, бес тиын – беш тиын, ас пісті – ас пысты, мысық – мышық, балалар – баладар сияқты параллель сөздердің алдыңғы сыңарлары әдеби норма да, екіншілері – жергілікті (диалектілік) варианттары. Бұлардың айтылуында әдеби нормадағы тұлғасын ұстау қажет» - деп орфоэпиялық норманы жергілікті тіл ерекшеліктеріне қарама-қарсы қоя отырып, оның әдеби тілдегі вариантын негізге алу керектігін айтады. Ал ғалым Н.Уәли орфоэпиялық норманың бірнеше түрін көрсетеді.
- әдеби тілдің орфоэпиялық нормасы жергілікті ерекшелікке қарама-қарсы қойылады;
- әдеби тілдің орфоэпиялық нормасы бейәдеби қарапайым сөйлеу тіліне тән дыбыстық элементтерге қарама-қарсы қойылады;
- әдеби тілдің орфоэпиялық нормасы ескі қазақ жазба тілінің дыбыстық элементтеріне қарама-қарсы қойылады;
- әдеби тілдің орфоэпиялық нормасы кодификацияланған жазба тілдік элементтерге қарама-қарсы қойылады [жұмұшшұ] – жұмысшы, [шэгара] – шекара, [кәсіб’ одақ] – кәсіподақ; [қашша] – қазша т.б. Шындығында жоғарыда айтылған нормаларды жинақтай келгенде, сөздердің орфоэпиясы үндесім заңдылығына бағынып, негізгі әдеби нормасы басшылыққа алынады. Орфоэпия үндесім заңдылығымен байланысты болғандықтан, ассимиляция құбылысы да негізгі мәселелердің бірі болып табылады. Айталық, алғашқы сөздің соңғы дыбысы дауысты, үнді не ұяң болып, кейінгі дыбыстың басқы дыбысы қатаң қ, к болса, қатаң дыбыстар айтылуда ұяңданып ғ, г дыбыстарына ауысады: ала гөл (ала көл), қара ғой (қара қой), атың гім? (атың кім?), көзғарас (көзқарас). Сол сияқты алғашқы сөздің соңындағы қатаң дыбыстардың әсерінен келесі сөздің басындағы б, г, ғ ұяңдары қатаңдап, п, қ, к дыбыстарына ауысады: жас қалым (жас ғалым).
Жазу мен айтудың өзара ерекшелігі барын ережелер арқылы көрсеткен Т.Шонанұлы «Түбірдің айақ дыбысы
н болып жалғаудың немесе келер сөздің бас дыбысы
б болса,
н дыбысы
м болып естіледі. Бірақ мұндай орында
м жазбай
н жазылады:
айтқанынан танбады».
Қорыта келгенде, орфоэпия мәселесінде шеттілдік сөздердің айтылым үлгісі жасалуы керек және төл сөздердің орфоэпиясы практикада жүзеге асыруды қажет етеді.
Жанар Жұмабаева
Ахмет Байтұрсынұлы атындағы
Тіл білімі институтының
ғылыми қызметкері,
филология ғылымдарының
кандидаты
Пайдаланған әдебиет:- Дүйсебаева М. Қазақ тілінің қысқаша орфоэпиялық сөздігі. Алматы, 1981ж.
- Уәли Н. Графика, орфография, орфоэпия. Алматы, 2018ж.
- Аралбаев Ж. Қазақ фонетикасы бойынша этюдтер. Алматы, 1988 ж.