Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрі А.Райымқұлова үстіміздегі жылдың 26 маусымы күнгі сағат 16-00-де «Мемлекеттік тіл және БАҚ-2020» республикалық байқауы жеңімпаздарын Нұр-Сұлтан қаласы, Сауран көшесі,7/а мекенжайы бойынша онлайн режимінде марапаттайды. Қолына қалам мен микрофон ұстаған журналистердің дәстүрлі додасын Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің Тіл саясаты комитеті және Шайсұлтан Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы жыл сайын ұйымдастырады.
Байқау Ережесінің талаптарына сәйкес, ұсынылған журналистік еңбектердің мазмұны – мемлекеттік тілдің қызмет ету аясын кеңейту, мәртебесін нығайту, қазіргі ахуалын талдау және оған мониторинг жүргізуге бағытталуы шарт.
Жеңімпаздар «Үздік мақала», «Үздік телебағдарлама», «Үздік радиобағдарлама», «Үздік сайт мақаласы» номинациялары бойынша марапатталады.
Конкурсқа еліміздің түкпір-түкпірінен 56 журналист қатысып, 116 материал талқыға түсіп отыр.
Аталым бойынша жіктесе, төмендегіше болып шығады:
- «Үздік мақала» бойынша қатысушылар саны – 24, материалдар саны – 49;
- «Үздік сайт мақаласы» бойынша қатысушылар саны – 12, материалдар саны – 25;
- «Үздік радиобағдарлама» бойынша қатысушылар саны – 11, материалдар саны – 23;
- «Үздік телебағдарлама» бойынша қатысушылар саны – 9, материалдар саны – 19.
Елімізге белгілі қалам қайраткерлері мен танымал журналистерден құрылған Қазылар алқасының жақында өткен отырыста қызу талқылаудан кейін қабылдаған ортақ шешімі сол күні салтанатты түрде жария болады.
«Жүзден – жүйрік, мыңнан – тұлпар» шыққан биылғы жеңімпаздардың есімін қалың жұртшылық назарына жеткізуге асығайық!
Марапаттау рәсімін төмендегі сілтеме бойынша тікелей эфир арқылы көре аласыздар: https://us02web.zoom.us/j/8440048030, Идентификатор нөмері: 844 004 8030 (қажет болған жағдайда).