Біз бұрын Дәуешовті дәулескер күйші ретінде көбірек танысақ, бүгін вице-министр қызметін тапсырған күні жаңа қырынан жақынырақ танығандаймыз.
Шын басшыны сайланғанда емес, осылай, қызметінен кеткен күні таниды екенсің.
Қай салаға салсаң да, өзінің адамдық қалпынан айнымай, адал да, байыпты басшы ретінде бағалана білген азаматтың қызметінен кеткеніне қынжылыс білдіргендердің көптігіне қарап отырып қайран қалдық.
Кеткен басшы тұрмақ, орнында отырғандардың өзіне оң сөзін көп қия бермейтін жамағат жабыла жақтап жатқанына қарағанда, бұрын қызметінен кеткендердің сыртынан айтылып жүрген сыпсыңның да шыны көбірек сыңайлы ма деген ойға қалады екенсің.
Біз де Нұрғиса Мұратұлымен вице-министр болып келген соң ғана жақын араласып кеткенбіз. Оған себеп - өнерді бөле-жармай, әдебиет, кітап, баспа істеріне де ерекше көңіл аударып, ұлт мәдениетінің сан тараулы саласына қосқан зор үлесіне өзіміз де куә болғанбыз. Солай ұлт жанашырының шынайы келбетін көргенбіз.
Көптеген игі бастамалардың басы-қасында болып, ұлттық өнерге шын жанашырлық таныта білген жанның талай уақыттан бері шешуін таппай келген күрделі мәселелердің де күжірейген жалын жатқызып, іске асырғанына қуандық.
Шенеунікпін деп шіренбей, қара домбырасын қолынан тастамаған күйі халқына адал қызмет ете жүріп, ұлттың жанын терең түсіне алған адамнан ғана шын күйші шығатынын, шынайы басшы шығатынын дәлелдеп берген.
Сол азамат бүгін лауазымды қызметін тапсырған сәтте, әлеуметтік желі бетін жауып кеткен қардай аппақ тілектің көптігінен біздегі көңіл де қуанған.
Бұл тұрғыда біз талай-талай аузы дуалы майталмандардың риясыз ақ батасын арқалаған азаматтың алдағы уақытта да қазақ руханиятына қызмет ете беретініне сенім білдіре отырып, алар асуының асқақтамаса аласармасына сенім артамыз!
Жарлы Байғанин