Биыл – Ұлы Жеңістің 75 жылдығы. Майданда мылтық дауысы толастап, көрер жарығы бар азаматтар еліне оралған қуаныш. Міне, осы қанды қырғында бәсіміз жоғары болып, бабалар намысы үстемдік танытып, фашистер тізе бүккен уақытты жыл сайын тойлап келеміз. Ел шетіне жау тигенде қару алып қарсы тұрған соғыс ардагерлеріне құрмет жасала бермек. Қазақ батырлары кеңестік армия қатарында аз ерлік көрсеткен жоқ. Ұлы Жеңістің 75 жылдығына орай біз көпшілік назарына орден-медальдардың, төсбелгілердің, түрлі марапаттардың мағынасын, салмағын, атағын таныстыруды, мағлұмат беруді жөн санадық. Осы тақырыптағы мақалалар «Жеңіс-75» желісі бойынша сайтымызда жарияланып отырады.
«СОЦИАЛИСТІК ЕҢБЕК ЕРІ» АТАҒЫ
Бұл атақ 1938 жылдың 27-желтоқсанында КСРО Жоғарғы Кеңес Президиумының бұйрығымен жасалды. Атақты берудің негізгі мақсаты – өткен ғасырдың 20-30 жылдары ауыр кезеңде ерен еңбек көрсеткендердің маңдай терін ұлықтау.
«Еңбек ері» атағын КСРО-ны дамытуға үлес қосқан, шаруашылық пен мәдени құрылыстағы аса үздік жетістіктері үшін еңбекте ерекше көзге түсіп, өздерінің аса үздік жаңашыл қызметтерімен қоғамдық өндірістің тиімділігін арттыруға, халық шаруашылығын өрге бастыруға, ғылым мен техниканы дамытуға үлес қосқан азаматтар алды.
50-жылдардан бастап бұл атақты мерейтойға да, еңбегі сіңгенге де, сіңбегенге де таратты. Сәйкесінше, марапаттың да абыройы төмендей берді. Уағында «Кеңес Одағының Батыры», «Батыр Ана» сияқты ордендермен шамалас даңқы бар «Социалистік Еңбек Ері» атағы осылай құлдырап келіп, 1988 жылы КСРО Жоғарғы Кеңесінің шешімімен бұл атақты беру мүлде тоқтатылды.
«Социалистік Еңбек Ері» атағын алған азаматтар «Ленин» орденімен, «Балға мен орақ» медалімен марапатталып отырды. Бұған қоса атақ алған азаматқа КСРО Жоғарғы Кеңесінің алғыс хаты да берілетін. Сондай-ақ, «Социалистік Еңбек Ері» атағын алған азаматтың туған жерінде қоладан құйылған бюсті орнатылып, үлкен құрмет көрсетілетін-ді.
Одақ көлемінде айтарлықтай салмағы бар атақты 1986 жылдың қыркүйек айына дейін 1 803 қазақстандық азамат алған. Оның ішінде осы атақты үш мәрте иеленген азамат – Дінмұхаммед Ахметұлы Қонаев. 1972, 1976, 1982 жылдары Қонаев «Социалистік Еңбек Ері» атағын алған.
Бұдан бөлек, «Социалистік Еңбек Ері» атағын Н.Алдабергенов, Н.Головацкий, Ы.Жақаев, Н.Кузнецов, Ж.Қуанышбаев сынды азаматтар екі реттен иеленген.
Сондай-ақ, қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі, классик жазушы, аңыз-тұлға Ғабит Мүсірепов те 1974 жылы «Социалистік Еңбек Ері» атағын алып, бейнетінің зейнетін көрген.
Қазақтардың Кеңес Одағы кезінде де досқа адал, дұшпанға қатты, еңбегінің бейнетін көрген халық екенін мына сандар әлем алдында дәлелдеп тұрғандай. Одақтас Республикалардың ішінде Ресей мен Украинаның халық саны көптігінен, әрі славяндық тегінен 9670/3651 адам осы атаққа ұсынылып, иегері атанған.
Одақ көлемінде «Социалистік Еңбек Ері» атағын алған азаматтар саны жөнінен ҚазКСР (1 803 адам) үшінші орында тұр. Бұл – батыр бабалардың еңбегінің жемісі, табан ет, маңдай терінің зейнеті.
Батырлар рухына мәңгілік тағзым!