Биыл – Ұлы Жеңістің 75 жылдығы. Майданда мылтық дауысы толастап, көрер жарығы бар азаматтар еліне оралған қуаныш. Міне, осы қанды қырғында бәсіміз жоғары болып, бабалар намысы үстемдік танытып, фашистер тізе бүгіп, Рейхстаг төбесіне ту тігілген уақытты жыл сайын тойлап келеміз. Посткеңестік мемлекеттердің барлығы дерлік бұл мерекеге үлкен жауапкершілікпен, құрметпен қарайды. 75 жылдық мерейтой қарсаңында өтетін барлық мерекелік шаралар, әскери парадтар тоқтатылды. Себепкер – әлемді жайлаған індет.
Парад өтпей, шара ұйымдастырылмай жатса-дағы «Жеңіс» ұғымына деген құрмет, ерлікпен қаза тапқандар рухына тағзым толастамайды, өз мағынасын жоймайды. Ел шетіне жау тигенде қару алып қарсы тұрған соғыс ардагерлеріне құрмет жасала бермек.
Қазақ батырлары кеңестік армия қатарында аз ерлік көрсеткен жоқ. Бұл туралы шетелдік әдебиеттерде де көп мағлұмат бар. Намысты, рухы өр азаматтардың батырлығы бүгінгі өскелең ұрпаққа үлгі.
Ұлы Жеңістің 75 жылдығына орай біз көпшілік назарына орден-медальдардың, төсбелгілердің, түрлі марапаттардың мағынасын, салмағын, атағын таныстыруды, мағлұмат беруді жөн санадық. Осы тақырыптағы мақалалар «Жеңіс-75» желісі бойынша сайтымызда жарияланып отырады.
«ЖЕҢІС» ОРДЕНІ
«Жеңіс» ордені – ең жоғары әскери атақ. Аталмыш орден туралы бұйрық 1943 жылдың 8-қарашасында шыққан. Бұл атақ майдан даласында сәтті операция жүргізген әскери құрам басшысына, маршалдарға берілген. Кавалерлер аты Кремль сарайының алдындағы мемориалды тақтаға жазылып, сан жылдар бойы сақталып келеді.
Бұл орден өз тарихында 20 мәрте ғана табысталған. «Жеңіс» - Мәскеу зергерлік-сағат фабрикасында жасалған жалғыз марапат белгісі. Қалған наградалардың барлығы Мәскеу монета алаңында жасалды. Орденнің әрбір данасы үшін 300 грамм таза платина жұмсалған. Ал оны әрлеу үшін бриллиант пайдаланылыпты.
Кеңес Одағының ең жоғарғы әскери атағы саналатын орденнің 22 данасы ғана дайындалған. Оның ХХІ және ХХІІ деген нөмірі бар даналары ешкімге табысталмады. Өйткені, 1945 жылы «Жеңіс» орденін беру тоқтатылды. Десек те, араға 33 жыл салып, 1978 жылдың 20-ақпанында әскери атақты КСРО Орталық комитетінің Бас хатшысы Леонид Брежневке беру туралы шешім қабылданып, артынша шешім күшін жойды.
Георгий Жуков, Александр Василевский, Иосиф Сталин сынды тұлғалар – «Жеңіс» орденін екі мәрте иемденген азаматтар. Ең биік әскери наградамен бес бірдей шетелдік азамат марапатталған. Олар: Дуайт Эйзенхауэр (США), фельдмаршал Бернард Монтгомери (Великобритания), король Румынии Михай I, маршал Михал Роля-Жимерский (Польша) и маршал Иосиф Броз Тито (Югославия). Қазір «Жеңіс» орденінің көзі тірі бірде-бір кавалері жоқ.
Орден пішіні бес жұлдызды. Қос қапталында Ленин мен Сталин бейнесі салынған. Орденнің ортасында Спасск мұнарасының суреті бар. Төменгі жағында «Победа» деген сөз анық жазылған.
«Жеңіс» орденінің бірінші кавалері – маршал, 1-ші Украина фронтының қолбасшысы Георгий Жуков. Маршал Жуков 1944 жылдың наурыз-сәуір айларында Проскуровский-Черновицкая операциясын сәтті жүргізіп, Карпат тауларын өзіне қаратады. Міне, Украинаның оңтүстігін босатқаны үшін Георгий Жуков «Жеңіс» орденінің кавалері атанған. Кейін 1-ші Беларусь фронтын азат еткені үшін №8 «Жеңіс» орденіне екінші мәрте лайық деп танылды.
№2 «Жеңіс» орденін маршал Александр Василевский иеленді. Сондай-ақ, Александр Василевский №6 «Жеңіс» орденінің кавалері. Үшінші және бесінші орден Жоғарғы Бас қолбасшы Иосиф Сталинге бұйырған.
«Жеңіс» орденінің кавелерлері
1. Георгий Жуков (екі мәрте)
2. Александр Василевский (екі мәрте)
3. Иосиф Сталин (екі мәрте)
4. Иван Конев
5. Леонид Говоров
6. Алексей Антонов
7. Родион Малиновский
8. Кирилл Мерецков
9. Константин Рокоссовский
10. Семен Тимошенко
11. Федор Толбухин
12. Михал Роля-Жимерский
13. Иосиф Броз Тито
14. Король Михай I
15. Дуайт Эйзенхауэр
16. Бернард Монтгомери