«Тегінде адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселермен озады» (Он сегізінші қара сөзінен). Ұлы Дала небір тарихи кезеңдерді басынан кешірді: дәуірі аспандап тұрған кезі де көп болды; басына қара бұлт үйірілген шағы да аз болған жоқ. Бірақ, шаңырағы шайқалмады. Қабырғалы халық болып қалыптасып, еңселі елдігін жоғалтпады. Тәуелсіз Қазақстан болашаққа өрлеп барады. Тарих мысалына қарап отырсақ, бағы жанған алтын тақты ел болып, бірақ барынан айырылған, жер бетінен жоғалып кеткен ойрат, жоңғар секілді ұлттар көп болған екен. ЫНТЫМАҒЫ – ЫРЫСҚА ұласып, БІРЛІГІ – БЕРЕКЕСІНЕ айналған ҚАСИЕТТІ ҚАЗАҚ ЕЛІНІҢ құпиясы неде? Осы сұрақ қалың ойға жетелейді. Мақал-мәтел – халықтың өзімен бірге жасасып келе жатқан сан ғасырлық даналығының шежіресі, кестелі сөз түйіні. Ендеше, осыларға жүгінелік: «Білекті бірді жығады, білімді мыңды жығады», «Оқу – білім бұлағы, білім – өмір шырағы», «Жақсының – аты, ғалымның хаты өшпейді», «Білетінің бір тоғыз, білмейтінің тоқсан тоғыз», «Қарғыстың ең жаманы: өзің білме, білгеннің тілін алма» болып келеді. Бұдан шығар қорытынды: «Білімдіге дүние – жарық, Білімсіздің күні – ғарып». Бұқар жырау: «Ел бастау қиын емес, Қонатын жерден көл табылады. Қол бастау қиын емес, Шабатын жерден ел табылады. Шаршы топта сөз бастаудан қиынды көргем жоқ»,– деген екен. Түпкі сырына үңілсек: БІЛІМГЕ ҚҰШТАРЛЫҚ. БІЛІМСІЗ ӨМІР – ТҰЛ. Қазақ халқы көне замандардан бері қарай өзінің болашағын қашанда біліммен тығыз байланыстырып отырған. Соңғы малын сатса да, жас жеткіншекке міндетті түрде білім алып беру – БІЗДІҢ ҰЛТТЫҢ АТА-АНАЛАРЫ үшін әлі күнге дейін мойнындағы ең ерекше, ең бірінші парызы іспетті. Жасыратыны жоқ, БІЛІМ МЕН ӨНЕРГЕ деген айрықша құлшыныс кез келген халықтың маңдайына жазыла бермеген құбылыс. Талмұдқа көз жүгіртсек, еврей халқының дәстүрі Иудаизмнің үш басты ұғымына негізделеді. БІРІНШІ ҰҒЫМ – «эмуна». Бұл термин көп ретте «сенім» мағынасында аударылады, бірақ мәтіндегі мағынасына қарай кей жағдайда теология мен дүниетанымды да білдіреді. ЕКІНШІ ҰҒЫМ – «маасе», яғни «іс, әрекет». Негізінен «олар осылай жасау керек» және «бұлай етуге болмайды» деген нормаларға бөлінеді. ҮШІНШІ ҰҒЫМ – «лимуд» – «БІЛІМ БЕРУ» немесе «ОҚУ» деген мағынаны білдіреді. Әрі қарайғы ойымызды осы үшінші ұғым тұрғысынан өрбітсек. Сөзіміздің уәжі ретінде тәпсірден мысал келтірейік. Онда: «Заңнамаға байланысты мәселені қарау барысында сотта өз жауабына қолын қоя алмайтын, бұрыштама жаза алмайтын куәгерден алынған айғақтарды сот ісіне тартуға бола ма?» – деген сұрақ туындағаны айтылады. Яғни, бұдан 1800 жыл бұрын болған: «Еврей баласы неліктен қолын қоя алмайтындай сауатсыз болып қалды?» – деген тарихи қызу пікірталас оқу-білімге үйренудің жалпы жұртшылық үшін міндетті болғанына меңзейді. Ұлы Даланың ҰЛЫ ТҰЛҒАЛАРЫ көз алдымызға оралады. Ғұлама ғалым, күллі шығыс әлемінің жұлдызы ӘЛ-ФАРАБИДІҢ ОҚУ-БІЛІМ ТУРАЛЫ ТРАКТАТТАРЫНА үңілсек: «Ғылыммен айналыссам деген адамның ақыл-ойы – айқын, ерік-жігері – зор, тілек-мақсаты – ақиқат пен адалдыққа қызмет етуге талап жолында болуы шарт», – деп өсиет қалдырғанын көреміз. Данышпан Абай: Ғылым таппай мақтанба, Орын таппай баптанба... Болмасаң да ұқсап бақ, Бір ғалымды көрсеңіз. Ондай болмақ қайда деп, Айтпа ғылым сүйсеңіз, Сізге ғылым кім берер, Жанбай жатып сөнсеңіз? Дүние де өзі, мал да өзі, Ғылымға көңіл берсеңіз, – дейді. Оқу-білімнің негізгі көрсеткіші ЖАЗУ-СЫЗУ екені әмбеге аян. ҚАЗАҚ ЖАЗУЫ түп тамыры ықылым замандарға жетелейді. Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Ұлы Даланың жеті қыры» мақаласында: «Жауынгердің алтынмен апталған киімдері ежелгі шеберлердің алтын өңдеу техникасын жақсы меңгергенін аңғартады. Жауынгердің жанынан табылған күміс кеселердің бірінде ойып жазылған таңбалар бар. Бұл – Орталық Азия аумағынан бұрын-соңды табылған жазу атаулының ішіндегі ең көнесі», – деп жазды. АЛТЫН АДАМ келбетінен ҚАЗАҚ ЖАУЫНГЕРІНІҢ бейнесін көреміз. Оның бойынан табылған бұйымдар ТӘҢІРШІЛДІКТІ бейнелейді.
Осындай баға жетпес жәдігердің жанынан табылған кішкентай ғана күміс тостаған – жазу тарихымызда ерекше орын алады. Мұны зерттеуші ғалымдар әртүрлі оқып жатыр. ХАЛҚЫМЫЗДЫҢ ДАНАЛЫҒЫ көркем сөзбен кестеленіп бедерленгені даусыз. Әсіресе, Әзірбайжан Ұлттық Ғылым Академиясының археология және этнография институтының қызметкері Заур Гасановтың тұжырымы тіпті ерекше. Оның айтуынша, «Dört bul küz Sınglıyı ır – «Dünyanın dörd (küncü) tərəfindəki tayfalar Sınqlıya nəğmə qoşur», Uş yüz yığ anta ıçır – «Üç yüz ağlar gözlü and içir». Дүниенің төрт тарапындағы тайпалар Сыңлы атын жырлайды. Үш жүз ант-су ішеді. СЫҢЛЫ – «Алтын адамның» титулы болып табылады, мағынасы жағынан барлық ғұндардың императорына тиесілі «Чинг-лу» құдайы қанжармен бара-бар.
Әйгілі Күлтегін ескерткіші туралы Олжас Сүлейменовтің өткен ғасырдың 70-ші жылдары Жазушылар Одағының пленумында сөйлеген: «Вся эта академия не стоит этого камня, который мы уже никогда не найдем. Это был единственный памятник древнетюркского письма»,– деген сөзін сол кезеңнің контексінде алып қарағанда түсінуге болады. ЕРЛІК СӨЗ, ЖАН АЙҚАЙ. Әңгіме көне түркілердің 35 әріппен таңбаланған Орхон-Енисей РУНИКАЛЫҚ ЖАЗУЫ туралы болып отыр. Жер бетінен мүлдем құрып кетудің аз-ақ алдында тұрған еді. Енді ТӘУЕЛСІЗДІК арқасында көшірмесі елге жеткізілді. Ғалымдар бұл жазуды Мысыр перғауындарының қорғандарынан табылған шумер жазуларымен тұстас деген пікір айтады. Бұл түркілік сына жазуы бағзы дәуірдің қоғамдық-мәдени өмірінен, дүниетаным деңгейінен, тұрмыстық салт-дәстүрі мен өмірлік ұстанымдарынан хабар береді. Өмір керуенінде келе жатқан ӨРКЕНИЕТ ӨРІСІ. «Күлтегін» жырының негізгі тақырыбы – Күлтегіннің ерлігі. «Тоныкөк» жырында уағыз-өсиет, нақыл сөздер өте көп ұшырасады. Оның көбі күні бүгінге дейін қолданысымызда жүр. Мысалы, «Жұқаны бүктеу – оңай, Жіңішкені үзу – оңай», «Қол қосылса – күш өсер», «Өлімнен ұят күшті» деген мақалдар көзімізге оттай басылады. БІЛГЕ ҚАҒАН атауының өзі көп нәрсені аңғартады. БІЛІК, АҚЫЛ, ЕС. Түбі – БІЛІМ. Бабамыз әл-Фараби сусындаған Отырар кітапханасы, Талас жазбалары – халқымыздың телегей-теңіз тарихы, даладай көсіліп жатқан мәдениеті, аспандай заңғар өркениеті мен біртұтас мызғымас мемлекеттігі, көркем тілі мен құрыштай берік діліне қатысты құнды дерек пен дәйек. Сан ғасырлар қойнауынан бізге аманат боп жеткен мұндай көне жазба ескерткіштер ұлан-байтақ Қазақстанның барлық аймақтарынан табылып жатыр. Көне түркі қағанаттары халқының білімге құштарлығы, ішкі жоғары мәдениеті, тәртіпке беріктігі Ұлы Жібек жолының одан әрі қарай кең өріс алуын қамтамасыз етті. Тарих толқынында ізгі сабақтастықтың ешбір толас таппағанының тағы бір дәлелі: биыл Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің маңындағы Күлтөбе қалашығында жүргізілген алғашқы қазба жұмыстарының өзінде бірден екі көне кітап табылды. Алдын-ала болжамдар бойынша, олар араб графикасымен жазылған. 2002 жылы бұл жерден б.ж.с дейінгі ІІ ғасырға тиесілі 28 әріптен тұратын Қаңлы жазуы бар қыш тақтайша табылған еді.
Білімге байланысты мұндай құнды дүниелер Алтай, Ботай, Бозоқ, Тақсай, Беғазы-Дәндібай мәдениетіне қатысты археологиялық қазба жұмыстары кезінде де табылуда. Данышпан Абайдың: «Баламды медресеге біл деп бердім, қызмет қылсын, шен алсын деп бермедім», – деп жүргені адамзатқа арман болған асыл ойдың жаңа ғасырдағы жалғасы іспетті еді. Сөз жоқ, ФЕНОМЕН. Халқымыздың БІЛІМ ИГЕРУ сапарында мектеп пен білім беру орындарының қалыптасу жолдары мен білім беру форматтары әртүрлі болып келеді. Шәкірттер әр кезеңде араб тілі, дін, риторика, шығыс әдебиетімен қатар физика, химия, астрономия, ботаника, алгебра, геометрия сияқты пәндерді тереңдей оқып, ғылыми танымдарын қалыптастырып отырды. 1841 жылы Жәңгір хан Ішкі Ордада мектеп ашты. «Таудан аққан бұлақтың аяғы тартар теңізге», бұл бастаманың негізінде ғасырлар бойы қалыптасқан халқымыздың ОҚУ-БІЛІМГЕ ДЕГЕН ЫНТАЗАРЛЫҒЫ жатыр еді. Қазақтың талантты жастары жұлдыз болып жарқырады. Ғылым-білім, мәдениет пен әскер ісінде ТҰҢҒЫШТАР КОГОРТАСЫНЫҢ тағы бір шоғыры тарих сахнасына шықты. Атақты өлкетанушы, жазушы Сырым Бөкейхановтың Алматы қаласынан 2013 жылы басылып шыққан «Шәкәрім» атты ғұмырнамалық кітабы тарихи дәлдігімен өзіне ерекше назар аудартады. Автор барлық мәліметті Ахат Шәкәрімұлының аузынан тікелей жазып алған. Мазмұнына нұқсан келмес үшін қай тілде жазылды, сол қалпында үзінді келтіре кетейін: «Кунанбай большое внимание уделял образаванию и просвещению детей. Он открыл в местности «Ески там» и назначил учителем татарина Габитхана Габдыназарулы. В этой школе обучались дети аула и его сыновья. Впоследствии Кунанбай отправляет своих сыновей продолжать обучение: Ибрагим (Абай) поехал учиться в Семипалатинск, Халиулла учился в Омском кадетском корпусе, а затем окончил в Москве военное училище. Кунанбай был известным общественным деятелем. Он построил мечеть в Каркаралинске, в 1874-75 гг. совершил паломничество в Мекку, где построил дом для людей, приезжающих из мусульманских стран» (6-бет). Шәкәрім өзінің тіл үйренуі жөнінде былай деп жазады: Жасымнан жетік білдім түрік тілін, Сол тілге аударылған барлық білім. Ерінбей еңбек еттім, еңбек жанды, Жарқырап қараңғыдан туып күнім. Оятқан мені ерте – Шығыс жыры, Айнадай айқын болды әлем сыры. Талпынып орыс тілін үйренумен Надандықтың тазарып, кетті кірі. Тіл үйренуде анасы Төлебикенің тікелей ықпалы болған. Әрі қарай оқиық: «...Толебике сама взялась обучать Шакарима арабскому и турецкому языку. У братьев отца он стал учиться музыке – играл на скрипке. Увлечение музыкой приводит к тому, что он вместе с братьями создают домашний ансамбль» (11-12 беттер). Осы жерде назар аудармай қоймайтын бір деталь: Төлебике анамыздың араб, түрік тілдерін өзі білгені өз алдына, өзгеге үйретерлік жағдайда жетік меңгеруі. Ансамбль құрып өнер көрсетуі: өз алдына бөлек әңгіме. Есіме қазақ даласындағы әлемдегі ең бір күрделі аспап – СКРИПКА МЕКТЕБІ түседі. Жаяу Мұса осы аспапты еркін меңгерген. А.Жұбанов атындағы музыка мектебі мен Құрманғазы атындағы консерваторияда ұзын бойлы келген, келбетті Әйткеш Толғанбаев деген ұстазымыз болды. Ұлы Отан соғысына қатысқан адам. Алған жарақаты салдарынан тұтқынға түскен. Соғыстан кейін Италияның симфониялық оркестрінде ойнаған. Елге оралғаннан кейін ғұмырының біраз бөлігін сталиндік азаптау лагерінде өткізген. Екіншісі – Ақтөбе облысының тумасы Ғалымжан Әбсәламов, соғыс басталған жылы тұтқынға түсіп, содан өмірінің соңына дейін туған елін аңсаумен өтеді. Ол Венадағы, Париждегі музыкалық оқу орындарынан дәріс алған. Берлин консерваториясын, С. Рахманинов атындағы Париж консерваториясын бітірген. 25 жыл бойы Стамбул симфониялық оркестрінде жұмыс істеген. Тақыр жерге гүл шықпайтыны секілді, осының бәрі тегін бола ма. Қазақ сахарасында скрипка мектебінің ХІХ ғасырдың өзінде кеңінен таралғандығының бұлтартпас дәлелі. Шәкәрімнің өмір жолдарына одан әрі көз жүгіртелік: «В Семее он приобрел гармонь, шарманку и скрипку, на которой его играть научил какой-то русский музыкант. Он занимался также рисованием, работой по камню, проектировал и кроил одежду, изготавливал скрипки, домбры» (15-бет). Осыларды байқаған ұлы Абай «Менің қолым жетпеген ғылыммен енді Шәкәрім айналысатын болады, білім шоғырланған Стамбулға, Мекке мен Мәдинаға, Александрия кітапханасына барасың, барлық шығынын өзім көтеремін»,– деп шаттаныпты. «БІЛІМДІДЕН ШЫҚҚАН СӨЗ ТАЛАПТЫҒА БОЛСЫН КЕЗ». Аға өсиетін қабыл алған ақын, жазушы, философ, тарихшы, композитор Шәкәрім өмірінің аяғына дейін оны адал ұстанды. Ұлы Абай негізін қалаған реалистік әдебиет дәстүрлерін алға апарушы ретінде асқан білімі арқылы шыңыраудан шідер үзіп, шырқау биікке шарықтап шықты. Айта берсек, қазақ тарихында мұндай жаныңды жадыратар мысал жеткілікті. Кеңестік кезеңде Ұлы Дала төсінде кең қанат сермеген ғылым мен білім толығымен жоққа шығарылып, қазақ халқы надан, мәңгүрт болып көрсетілді. «Қазан төңкерісіне дейін қазақтың 0,2 пайызы ғана хат таныған», –дейтін жаңсақ, әрі жала жабылған пікір қоғамдық санада берік орнықты. Мұның түп себебі әліпби ауысуында жатқанына қарамастан, еш қысылмай-қымтырылмай: «Кеңес үкіметі қараңғы ұлттың көзін ашты», – деп жүргендердің қатары көбейе бастады. Сөйтіп, тұтас халықтың жасампаз тарихы сызылып тасталды. Өкінішке орай, солақай саясат мәңгі келмеске кетсе де, ел ішінде: «Ұлы Қазан төңкерісі қазақтың сауатын ашты!» – деген пікірді жақтаушылар әлі де кездесіп қалады. Бұл НАМЫСҚА тиетін жағдай. ҚАЗАҚ ҚОҒАМЫ БІЛІМ ЖОЛЫНАН АЙНЫҒАН ЕМЕС. ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың басында түркі халықтары арасында жандана түскен жәдитшілдік қозғалыс қоғамдық өмірдегі рухани тоқыраушылықты сынап, өздерінің ағартушылық бағыттағы күрес барысын патша өкіметінің отарлық саясатына қарсы бағыттады. Мағжан Жұмабаев, Бейімбет Майлин, Тайыр Жомартбаев, Бекмұхамед Серкебаев сияқты қазақтың зиялылары білім алған жаңа бағыттағы білім беру ошақтарының ішіндегі Орынбордағы «Хұсайния», Троицкіде ашылған «Расулия», Уфадағы «Ғалия» медресесі халқымыздың білімге деген құштарлығын мейлінше өтеп отырды. Аталған қалалардың ішінде Орынбор мен Омбы сол кезеңде туған халқымыз үшін атамекен болғанын айтып өткен жөн. 1912 жылғы «Айқап» журналының 14-ші санында Қарғалыдағы «Әмирия» медресесінде сол жылы 150-ден артық бала дәріс алғандығы туралы айтылады. Тарих ғылымдарының докторы, профессор Хайыржан Бекхожиннің бір еңбегінде «Ғалияны» бітірген 154 қазақ шәкіртінің төте оқу мектептерін ашып, бала оқытқандары жайында дерек бар. Якобиядағы оқу орнының қыз балаларға арнап ашылуы және білімнің жаңа жәдит үлгісінде берілуі халқымыздың қыз балалардың білім алу мүмкіндіктерін қарастырғанын көрсетеді. Ақсуда «Мамания», Қапалда «Якобия», Зайсанда «Қазақия» және «Ғизатия», Қарғалыда «Әмирия» және басқа да оқу орындарының болғаны, түлектерінің дені қазақ елін дамыту жолында жанын құрбан еткендігі туралы мәлімет көпке дейін құпия ұсталынды. Қазақтың БІЛІМ КӨГІНДЕ ҚАНАТ ҚАҚҚАН алтын дәуірлерін жасыру мүмкін емес. 2018 жыл бүкіл түркі әлемінде «МАҒЖАН ЖЫЛЫ» болып жарияланды. Қай дәуірде болмасын, ҚАЗАҚ ХАЛҚЫ ҚАНДАЙ ЖОҒАРЫ ЖЕТІСТІККЕ ҚОЛ ЖЕТКІЗСЕ ДЕ, ОНЫҢ ТҮП-ТАМЫРЫНДА ІЛІМ МЕН БІЛІМ ЖАТЫР. БІЛІМ – мақсатыңды бағындырар асулардағы баспалдақ. Тәуелсіз Қазақстан жастарына қажетті құрал – БІЛІМ. Тұңғыш Президентіміз-Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың 1993 жылғы 5 қарашада қол қойған «Шет елдерде кадрлар даярлау үшін Қазақстан Республикасы Президентінің халықаралық «Болашақ» стипендиясын белгілеу туралы» №1394 Қаулысы ата-бабамыздың ғасырлар бойғы арманы мен атқарып келген тарихи азаматтық абыройлы ісін ілгері жалғастыруда. Елбасының АҚ БАТАСЫМЕН 1994 жылы білім алуға «Болашақ» бағдарламасының алғашқы 187 стипендиаты шетелге аттанды. Күні бүгін «БОЛАШАҚ» бағдарламасының арқасында САН МЫҢДАҒАН ЖАСТАР әлемнің түкпір-түкпіріндегі дүние жүзінің ең үздік деген маңдайалды оқу орындарынан білім алып шықты. Ұлы Абай айтпақшы, «АДАМНЫҢ КӨҢІЛІ ШЫН МЕЙІРЛЕНСЕ, БІЛІМ-ҒЫЛЫМНЫҢ ӨЗІ ДЕ АДАМҒА МЕЙІРЛЕНІП, ТЕЗ ҚОЛҒА ТҮСЕДІ». Арыстанбек Мұхамедиұлы Дерек көз: Abai.kz