Қазақ баспа ісіне 100 жыл жақындап қалды, дайындық қалай?
Тарихқа көз жүгіртсек, 1920 жылы 3-қарашада Қазақ АССР-і Орталық атқару комитеті «Қазақ мемлекеттік баспасын құру туралы» декреті қабылданыпты. Алғашқы қазақ баспасын құруға негіз болған бұл құжатқа биыл 99-жыл толып отыр.
Осылайша елімізде «Қазмембас» құрылып, газет-журналдар мен кітаптар басып шығарып, елді ақпараттандыру саласында тікелей жұмыс істегенін ескерсек, қазіргі Ақпарат және комуникациялар министрлігінің қызметін атқарғанын да байқауға болады. Міне, осы айтулы датаға орай еліміздегі ЖОО арасында қарашаңырақ аталған әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың 85 жылдығы қарсаңындағы шаралар аясында журналистика факультеті «Қазақ баспа ісі: өткені мен бүгіні» атты алқасөз отырысын өткізді. Оның жұмысына еліміздегі бұрыннан келе жатқан «Қазақстан», «Жазушы», «Мектеп», «Жалын», «Атамұра», «Жазушы», «Қазығұрт», «Алматыкітап баспасы» баспаларынан баспагерлер мен бас редакторлар қатысып, қазіргі жеткен жетістіктері мен кездесіп отырған қиыншылықтардан шығу жолдарын талқылады. Басқосуды ашқан журналистика факультетінің деканы Сағатбек Медеубекұлы баспаларға керекті редактор, корректор және безендіруші мамандар дайындауда өздері атқарып отырған оқу процесіндегі жаңалықтарға тоқталды.
Алғашқылардың бірі болып сөз алған «Қазақстан» баспасының бас директоры Әдия Садырова бүгінгідей басқосудың ұйымдастырылғанына ризашылығын айта отырып, қазіргі таңда көп баспа сауатты редактор, корректор және безендірушіге зәру екенін баса айтты.
Бұл мәселені одан ары қуаттаған «Қазығұрт» баспасының директоры Темірғали Көпбаев қазіргі қалыптасып отырған техниканың мүмкіндігі – гаджеттер мен интернет кітаптардың көбейуі дәстүрлі кітап оқу үрдісін төмендетіп отырғанын тілге тиек етті.
Алайда өз кезегінде сөз алған «Алматыкітап баспасы» бас редакторының орынбасары Альмира Сужикова аталған мәселелермен келісе отырып, әріптестерін оптимист болуға шақырды.
Әріптестерінің бұл пікірін «Атамұра», «Қазақ энциклопедиясы», «Мектеп» баспасынан қатысып отырған редакторлар қолдап, нәтижесінде осы алқасөздің қарары қабылданды. Үкімет пен заң шығарушы органдарға ұсынылатын бұл қарар қазақ баспа ісінің 100 жылдығын лайықты атап өту, баспаларды дамыту, оларға керекті білікті мамандар дайындау мәселелерін қамтыған оншақты ұсыныстан тұрады. Болашақта қарардың толық нұсқасын да сайтымызда жариялайтын боламыз.