ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Тіл саясаты комитеті мен Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы termincom.kz сайтының youtube каналында «Әлеуметтік желі терминдерінің терминжасамдағы орны» тақырыбында онлайн-конференция өткізді. Бүгінде әлеуметтік желі әлем мойындаған ақпарат алмасудың бірден-бір құралы болып табылады. Десек, те әлеуметтік желі – ақпарат пен нарықты дамытумен қатар қазақ терминдерінің қоғамдағы орнын айқындаушы, ұлттық тілдің мәдениетіне ықпал етуші құрал. Аталған шара әлеуметтік желіде қолданылатын терминдердің терминжасамдағы орнын айқындауға, ұлттық тіл мәдениетіне ықпалын анықтауға бағытталды.
Онлайн-конференцияда А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының ғылыми қызметкері
Нұрлан Шүленбаев, Shonbay Online университеті PR & Media бөлімінің жетекшісі, SMM-manager, копирайтер
Ақерке Камал әлеуметтік желі терминдерінің қолданысы, оның тіл мәдениетіне әсері жөнінде ой қозғады.
Ақерке Беріккелдіқызы: «Ел мен елдің арасындағы ежелгі достық қарым-қатынастың болғандығы ана тіліміздің сөз байлығының құрамынан да айқын байқалады. Бір халық пен екінші халық ертеде тек мал-мүлік пен киім-кешек, ыдыс-аяқ сияқты заттарды ғана алмастырып қоймаған, соған қоса рухани байлық та бір-біріне молынан ауысқан. Соған байланысты бір тілден екінші тілге көптеген сөздер кірген. Сол себепті тіліміздегі қыруар кірме сөздерді қоғам тарихымен, қазақ халқының басынан кешкен даму тарихымен тығыз байланыстырып қараған жөн».