«Кітап-Аманат» орталығы ашылды.
Партия бастамасымен ашылған орталықта болашақта тек кітаптар сатылып қана қоймай, авторлар мен баспагерлердің қатысуымен түрлі шаралар ұйымдастырылып отырмақ. Жаңа басылымдардың таныстырылымы мен талқылаулары да осы жерде өтеді. Игі шараға арнайы қонақ ретінде келген Мәжіліс депутаты Наталья Дементьева әбден күйреуге түскен кітап оқу мен оны тарату ісінің қайта қолға алынғанына, бұл іске партия бастамашыл болғанына қуанышты екенін айта келе: Осындай жоба біздің жастарымыздың кітап оқуға деген ынтасын арттыратын, сүйіспеншілігін, қызығушылығын арттыратын құбылыс болады деп ойлаймын. Өз басым мұғалім ретінде осы жобаға барлық жастарды қатысуға шақырамын, – деді.
Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің студенті Асылбек Құдайберген: Ш.Уәлиханов университетінің студенттері бүгін осы орталыққа өзіміздің комиксімізді сыйлағымыз келіп отыр. Бұл комикс Шоқан Уәлиханов жайлы. Оның өмірі жайлы. Қызықты, фентези жанрындағы жаңа комикс, оны біз биыл халықаралық байқауда таныстырған болатынбыз. Осы комиксті «Аманат» партиясының кітапханасына тапсыруға келдік, - деді.
Мұнда кітап сөрелерінен оқырмандардың талғамына қарай 400-ден астам түрлі жанрдағы еңбекті табуға болады. Орталықтың ашылуына жергілікті жазушылар да, оқырмандар да ризашылықтарын жеткізуде.