"Бір тойым болатыны сөзсіз менің,
Дәл қай күні екенін айта алмаймын.
Бірақ, бірақ...", - дегендей Қазақстан Жазушылар одағы Басқарма төрағасының орынбасары, ҚР ҰҒА-ның корреспондент мүшесі, «Құрмет», «Парасат» ордендерінің иегері, белгілі ақын Бауыржан ЖАҚЫП бүгін, көктемде толған 60 жас мерейтойын тойлады.
Мамыражай мамыр айындағы туған күн жоғарыдағы өлең жолдарындай белгілі себептермен бүгінге жылжытылған болатын.
ҚР Ұлттық кітапханасында өткен алқалы жиынды кітапхана директоры Бақытжамал Оспанова ашып берді.
Алғашқы 4 кітаптың тұсауын Қазақстан Жазушылар одағы Басқарма төрағасы жазушы, Мереке Құлкенов, ҚР ұлттық ғылым академиясының академигі, т.ғ.д. Ғалымқайыр Мұтанов,
М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және Өнер институты директоры, ф.ғ.д. Кенжехан Матыжановтар кессе, белгілі ақындар: Иран-Ғайып, Әділғазы Қайырбеков, Маралтай Райымбекұлдарына тағы да бір кітаптың тұсаукесері бұйырды.
ҚР Ұлттық мемлекеттік кітап палатасы атынан сөз алған белгілі ақын Маралтай Райымбекұлы, жазушы Нұрымжан Мауыт Бауыржан ағаларының иығына оқалы шапан жауып, құттықтау хатын табыс етті.