«Тірі болғанда 64 жасқа келеді екен, жарықтық» деген сөзді Есенғали Раушановтың адресіне айту өте ауыр. Жырдың символына айналып, айналасын түгел мойындатқан ұлы шайырды «өлді» деуге болмас. Онымен сырлас болған, дәм-тұздас болған әрбір адам кеуделерінде өз «Есенғалиын» сақтап алды.
Өзі сүйген, өзі ғұмыр кешкен Алматының бүгінгі ауа-райы ерекше құбылып тұр. Әлеуметтік желіде Есенғали Раушановпен түскен суретін жариялап, бірер ауыз естелік айтысқандардың қарасы қалың. Олардың барлығының көкейінде екі сезім бар: бірі – ақынды сағыну, жоқтау, екіншісі – өмірде осынау заңғар тұлғамен жолы түйіскеніне деген мақтаныш.
Күзгі ойлар
Ауылымның қонған жері - бұла қайнар,
Қайнардан су ішеді қылағай нар.
Мінгесіп қылағайға келіп қалды
Қараша,
Қауыс деген құдағайлар.
Келсең, кел, алағайлым, бұлағайлым,
Күлмеймін, қайғырмаймын, жыламаймын.
Бір күні қыс та жетер деймін іштей
Жабысып өркешіне қылағайдың.
Е, келсін, енді менің немді алады,
Қауіп емес енді маған жел-бораны.
Өзім-ақ кетем ертең тастап бәрін
Кең жылы ой, кезбе бұлақ, кер даланы.
Қоштасам аспаныммен, асқарыммен
Басынан бұлт асырмас асқағыммен.
Оралам бір күндері, мүмкін, қайтып,
Ол бірақ басқа әңгіме, басқа... мүлдем...
басқа... мүлдем!
Өз өмірін қалам ұшында өрнектеп өткізген ұлы ақынның жатқан жері жайлы, топырағы торқа болсын! Есенғали – әр қазақтың жүрегінде өмір сүре беретін мәңгілік тұлға.
Басып шығару