Бүгін ТМД мемлекеттері өкілдерінің қатысуымен XVIII «Искусство книги» байқауының қорытынды жиналысы өтті. Кеше онлайн форматта өткен қазылар алқасының талқысынан кейін жүлделі орындар бойынша нақты шешім шығарылып, хаттама жасалды.
Қорытынды отырысқа Армения Республикасынан Ұлттық кітапхананың Халықаралық жобалар координаторы Маргарэт Асланян, Беларусь Республикасынан Ақпарат министрлігінің Баспа ісі және полиграфия ісі басқармасының басшысы Владимир Андриев, Қазақстан Республикасынан Ұлттық мемлекеттік кітап палатасының директоры Әділ Қойтанов және «Балалар әдебиеті» баспасының директоры Шайзада Байкенова, Кыргыз Республикасынан Мемлекеттік кітап палатасының директоры Момункулов Койчымбек (Фатима Тайлаковна), Ресей Федерациясынан Цифрлық даму, байланыс және бұқаралық ақпарат құралдары министрлігінің БАҚ-тағы мемлекеттік саясат басқармасының басшысы Александр Воропаев қатысты. Тәжікстан Республикасының Мәдениет министрінің орынбасары Абдурахимзода Бозор интернет мәселесі бойынша байланысқа шыға алмады.
Қазылар алқасының мүшелері ортақ мәмілеге келген соң байқау төрағасы – ҚР Мәдениет және спорт вице-министрі Нұрқиса Мұратұлы Дәуешов түркі жұртының рухани орталығы – Түркістан қаласынан онлайн байланысқа шығып, барша қатысушыларға алғыс білдірді.
«Мен кешеден бері сіздердің талқылау отырыстарыңызға қатыса отырып бір нәрсеге көз жеткіздім. Ол – жұмыстың әрбір сәтінен достықтың лебі сезіліп тұратыны. «Искусство книги» байқауы – осындай достық қарым-қатынастарды тереңдетіп, бір-бірімізді тануға мүмкіндік беретін ауқымды іс-шара. Сіздердің еңбектеріңізге табыс тілеймін», - деді ол.
Байқаудың қазылар алқасы Мәскеу халықаралық кітап көрмесі аясында байқау жеңімпаздарын салтанатты түрде марапаттау шарасын (онлайн өтуі ықтимал) талқылап, егер дәстүрлі форматта өткен жағдайда басқосуға уағдаласты.
Басып шығару