Жұматайдың қасына тағы бір талантты жас қосылды. Ол – Есенғали Раушанов.
Есімде, бәрі есімде,
Көлдер де, самал желдер де,
«Бестөбе» жақтан бесінде
Келелі түйе келгенде...
Желінқап тартқан інгендер
Ботасын іздеп боздайтын.
Түтіндік салған түндерде
Түйекеш бір сыр қозғайтын...
Сары үлек гәптің басы еді,
Соңы да осы бар уақ,
Сары үлек – оның Әселі,
Сары үлек – қолдар аруақ.
Құтыртып әзіл-оспақты,
Салатын күй ғып ысқыра:
Қайыта барып қоспақты
Қайта алмай қалған тұсты да.
(«Бастау» жинағы).
Ақынның қолтаңбасы көрініп-ақ тұр. Тұма суы сықылды, мөп-мөлдір. Жас ақынның алғашқы кітаптың өзінде-ақ қалыптасып, буыны бекіп қалғаны байқалады. Иә, осылай сөйлеу, жас өнерпаз жөнінде сөз қозғалса “буыны қатты, қатпады” деп бағалау әдетке айналған. Әттпесе, “жас ақын, қарт ақын” деген ұғым жоқ. Ақын ғана бар. Уақыт, жылдар – тұрмыстың, өмірдің ой-шұқырын танып білу үшін керек шығар, ал өлең ұйқастыру үшін сақалдың ақ болуы шарт емес. Есенғали тұрмысты да жақсы біліп, танып үлгеріпті.
Құла тай үзіп шылбырын,
Құдағи сасып жүгірді:
Құнан боп қапты-ау құрғырың,
Құданың аулы «бүлінді».
Бүлігін сосын өршітіп,
Құлатай үйірге ұмтылды,
Керзі етікпенен жер шұқып
Ер жетіп қалған ұл тұрды.
Қандай әсерлі, қандай нәзік! Әсіресе, Құла тайдың тентектігі туралы жырдың соңғы жағы сұлу қызға айналған тұста ақын арқалана түседі:
Қырғыздан келген қыл шылбыр,
Сырғызған жабу – ол дайын.
Жас дәурен, сен де жырсың бір,
Қай мақамменен толғайын?
Шағыр бураның шудасын
Ширатып алып бөстектен,
Шеребеменен жуғасын
Шежімдеп тұсау еспеп пе ең?!.
Тұманды сайға ап барып
Тұсауды құнан жоғалтты,
Іздеген болдық – таппадық,
Таптадық жасыл қолатты.
Тұңғиық көзді тұнық қыз
Отыр ғой, міне, өмір-ай.
Тұсауды іздеп жүріп біз
Тұсалып қалған едік-ау.
Рас, шынайы жыр. Кім-кімді де иландыра алады. Көркем сөздің күш-қуаты деген осы: парасат-білік пен шешімнің шеберлігі ой-қиялды қозғамай қоймайды. Өмірдің титтей ғана эпизоды, юмор да, мұң да бар, өлең өкініш формасында аяқталғанымен – кермек ештеңе жоқ. Е.Раушановтың «жылқы жануар» жөнінде тағы бір өлеңінен үзінді келтіре кету мақұл.
Күміс жалын құшайын
Күйкі-мұңнан арыла.
Зымырандай ұшайын
Зауал ауа тағы да.
Бедеу құмдар безеріп,
Жата берсін жолымда.
Шаршатты гой сөз еріп,
Шаң қалсыншы соңымда...
Ортақ емес бір көрме,
Қоспа кілең шобырға,
...Бөлек шаба білгенге
Бөлек болсын орын да.
Жылқы десе, әсіресе, сәйгүлік ат десе, құлағы елең қақпайтын қазақ жоқ. Тұрмыс қалпы солай, қан солай. Жақсы ат жайлы жыр әрқайсымыздың-ақ делебемізді қоздырады. Мына алынған үзінді де кісі сөгетін шумақтар емес. «Бөлек шаба білгенге бөлек болсын орын да» деген түйін өте орынды. Дұрыс талап. Өнерпаздың, өнердің талабы ежелден солай болған. Әттең, «зымыран» дегені не? Ескі жыр-қиссалардың «зымыран деген бір құс бар» дегенді естіген ек. Егер сол құс болса – ол біздің көрмеген құсымыз. Көрмеген құсымыздың қалай ұшатынын да білмейміз ғой.
Есенғали түйе тұрмысын жақсы біледі, соны жырға қосады.
Жабуын Ойсылқараның
Жазы кеп алмастырады...
Немесе:
Күркіреп бұлттар желер әрлі-берлі
Жараған жазғытұрым буралардай.
(Бура – қыста қаңтарда жаранады).
Немесе:
Інгеннің сан шудасы секілденіп,
Ұйысқан шалғыныма бір аунайтын, -
деп те;
Қара нардың қазығында
Қара бота айналады, -
деп те; толғайды.
PS: 46 жастағы Жұмекен ақынның 23 жастағы Есенғали ақынға берген бағасы. Мақала 40 жыл бұрын жазылған. Жас Есенғалиға Жұмекен арнаған сөз, Жұмекен артқан сенім еді бұл. Ол былайғы марапаттың бәрінен құнды, әрі биік еді.
Сол биіктен Есенғали түскен жоқ. Қазағын онан соң да 40 жыл жырлады. Ұлтының ұлы ақынына айналды. Ол жалынды жігіт, жаны отты ақын еді. Сергек жігіт еді, серке жігіт еді. Қалың елі қазағының қабырғасын сөгіп, мезгілсіз қайтты.
Ол алыстан оралған ағайынды бауырына тартатын. Жақын жүрдік. Тете іні ретінде “тентек әзіл” айтатынбыз. Бірде Мереке аға екеуі ауылдас үлкен топқа қонақ болып отыр екен. Көлденең келіп сәлем бердім. Реті келгенде: “Есағам Абай атам сыяқты ақын” дедім.
-Өййййй қоййй ондай сөзді,- дейді ғой. Ал мен: “Абай атам өзі ақын, өзі бай. Есағам да солай-өзі ақын, өзі бай!” деймін...
Ол биік ақын және жағдайы үшін жалтақтамаған жігіт еді...