Басқа тілдер, мысалы, француз, ағылшын немесе орыс тілі сырттан сөз қабылдағанда, шеттілдік сөздер осы тілдердің фонетикалық, грам-матикалық заңдылықтарына бағындырылып енгізіледі. Ал біз шеттілдік сөздерді түпнұсқадан емес, орыс тілі арқылы қа¬былдаймыз да, енді оларды қазақ тілінің табиғатына орай таңбаласақ немесе айтсақ, құлағымызға оғаш естіледі. Себебі, кирилл әліпбиі бойынша жазылған емле ережесінде тіліміздің заңдылықтары толық сақталмағандықтан, орфографиялық ережемен сөйлеу санаға әбден сіңіп кеткенін баршамыз білеміз. Кейінгі ұрпақ үшін бұл қалыпты жағдай болғанмен, қазақ сөзінің дыбыстық ерекшелігін білетіндер үшін орфографиялық ереже негізінде сөйлеудің құлаққа түрпідей тиетіні сөзсіз. Сондықтан да жаңа әліпбиге ауысудағы мақсаттың бірі – тіліміздің төл табиғатын қалпына келтіру.
Қазіргі ұсынылып отырған латын графикалы әліпбиден орыс тілінің 7 әрпі, 2 айырым белгісі (ч, щ, ю, я, е ц, э, ъ,ь) алынып қалды. Соған сәйкес емле ережелері қабылданған соң көптеген кірме сөздерді, терминдерді тіліміздің ерекшелігіне сәйкес икемдеп айтатын және жазатын боламыз, бұл тың жаңалық та емес. Дегенмен де акут жобалы әліпбидің емле ережелерімен оқыту курстарын өткізгенде, кірме сөздердің игеріліп жазылуына байланысты қарама-қайшы пікірлер көптеп айтылып, пікірталасқа ұласқан сәттер де болды. Түрлі әлеуметтік топтардың көзқарасына, әр өңірдің менталитетіне байланысты жаңа жазудағы ерекшеліктерді қабылдау деңгейі бірдей болмады. Әрине, бұл қалыпты жағдай. Жаңалықты бірден қабылдау оңай емес екені де рас. Көз шалымы, қол дағдысынан басқа шеттілдік сөздердің айтылуындағы өзгерістерді қабылдау, әсіресе, кейінгі буын үшін оңайға түспейтіні анық. Ашық қарсы пікір айтушылардың бір тобы шеттілдік терминдерді еш өзгеріссіз қалдыруды ұсынады. Олардың айтуынша, біздің тіліміздің артикуляциясы шеттілдік сөздерді түпнұсқа тілінде айтуға әбден бейімделіп, жетілген, оны қайта қазақшаға икемдеп айтып, жазудың қажеттігі жоқ. Ал басқа пікірді қолдаушылар қазақ тілінің төл табиғатын барынша сақтау мақсатында жаңа әліпбиді енгізетін болғандықтан, шеттілік кірме термин сөздерді барынша өз тілімізге икемдеп, тіліміздің дыбыстық ерекшелігіне сәйкес айтып, жазбасақ болмайды. Өйткені, барлық шеттілдік терминдерге балама таба алмаймыз, қазіргі жаңа технология тасқынымен келіп жатқан жаңа терминдер көбейген сайын тіліміздің сол тасқынға жұтылып кету қаупі де күшейе бермек. Осындай екіұдай пікірдің ортасынан қандай ортақ шешім қабылдау керек?!
Акут диакритикалық белгісімен бекітілген әліпби нұсқасын сынамадан өткізгенде, емле ережелерінде барынша тіліміздің заңдылықтарын сақтауға қадам жасалды, яғни, бұрынғы орыс тіліндегі сөздерге тән дыбыстардың орнына қазақ тіліне тән дыбыстар мен әріптерді қолдану ұсынылды. Мысалы, mеdisinа, lüks, jеntılmеn, parkiŋ және т.б. Бірақ бұл емле ережелері жобасының талас тудырып, әлі де жетілдіруді қажет ететін тұстары баршылық.
Өткен ғасырдың басында-ақ тіл тазалығын сақтап қалуға үлкен алаңдаушылық білдірген лингвист ғалым А.Байтұрсынұлы: «... сөз әуезділігі сөз ішіндегі дыбыстардың құлаққа жағымдылығы, ол дауысты, дауыссыз дыбыстардың оңтайлылығына байланысты; сөйлеу әуезділігі – сөйлемдердің құлаққа жағымдылығы, ол сөйлемдердің тізілуінен көрінеді»,- деген еді. Жоғарыда ұлт ұстазының ой-пікірі тағы да бір ой елегінен өткізіліп, жетілдірілген әліпби жобасы бекітілгеннен кейін емле ережелерінің жобасы қайта сынамадан өткізілуі тиіс деп ойлаймыз. Атап айтсақ, ережеде ё әрпі ö әрпімен таңбаланатыны, ал қосымшалар соңғы буынның үндесіміне сәйкес жалғанатыны дұрыс жазылған. Ал мысалдарға назар аударайық: manövr, bruselöz, aktör, amöba. Кірме сөздерді осылай игеруден біз не ұтамыз?! Бұл менің ғана сұрағым емес – сынама сабақтарында көпшіліктің де қойған сұрағы. Мектеп оқушылары жатқа білетін үндесім заңын еске алатын болсақ, мына игерілген терминдер тіліміздің заңынан алшақтап кетіп тұр ғой. Дұрысында: mänöbır, bürsülöz, äktör, ämіöbä болуы тиіс. Әрине, «Бұлай сөйлей алмаймыз, бұл бір ғасырға кері шегіну болмақ» деушілер де табылар. Онда айтып жүрген нұсқаға жақындатып, manоbyr, bursylоz, аktор, аmiоbа деп, сөздерді бірыңғай жуан буынға алмастырып, ережеде: «ё әрпі сөздің жуан, жіңішкелігіне байланысты о немесе ö әрпімен таңбаланады» деп жазу керек болады. Қалай болғанда да, жуан буын мен жіңішке буынды араластырып, кірме сөздерді қазақ тіліне бейімдедік деп айта алмайтынымыз анық, мысалы: älbom, pälma, büldozer, büldog және т.б.
Емле ережелері жобасында: «§89. ск, кт, пт әріп тіркестерімен аяқталған сөздерге қосымша ı, y әріптері арқылы жалғанады: disk, diskısı, diskıge; relikt, reliktısı, reliktıge; pakt, paktısı, paktıge; fakt, faktısı, faktıge; konsept, konseptısı, konseptıge; evkalipt, evkaliptısı, evkaliptıge» деп берілген. Осындағы пт әріп тіркесіне қосымша жалғаудың күмәнді тұстары бар. Мысалы, resept сөзіне ілік септігінің қай қосымшасын жалғаған дұрыс (-tıŋ, - tınıŋ, tısınıŋ)?! Біздің тіл заңдылықтарына орайластырсақ, екі дауыссыз дыбысты қатар айту мүмкін емес, түбірдегі соңғы t айтылу барысында түсіп қалатындықтан, жазуда да ескермеуге болады: reseptıŋ, resepter, resepke, reseptı, resepte, resepten, reseppen, тәуелдік жалғауын қабылдағанда resebı, resebınıŋ және т.б., яғни ешбір қазақ баласы «Därınıŋ reseptısın berşı» демейді, «Därınıŋ resebin berşı» дейді.
Ғалым Р.Сыздықтың «Қазақ тілінің анықтағышында»: «Сс, лл, тт, пп, ст, кст, сть, зл, кк дыбыстарына біткен жалпы есімдер атау күйінде өзгеріссіз жазылады да, оларға қазақ тілі қосымшалары жалғанғанда соңғы дауыссыз дыбысы түсіріліп жазылады: кросс, кросқа, кросы, съезд, съезге т.б.» деп жазылған. Бірақ соған қарамастан, қазіргі жазуда ала-құлалық орын алып отыр. Жазарман қауымның көпшілігі журналисттер, граммдық, металлы деп жазып жүр. Олай болса, жетілдірілген әліпби жобасы бекітілгеннен кейінгі емле ережелерінің жобасын сынамадан өткізбей, бекітуге ұсыну асығыстық болар еді.
Ойымызды жинақтай келе айтқымыз келгені:
Әр сала өкілдері салалық терминдердің жаңа әліпбиде таңбалануына, игерілуіне назар аударып, өз орталарында талқылап, зерделесе. Қазақ тілінің дыбысталу жүйесіне, әуезділігіне қайшы келетін тұстары болса, ұсыныс-пікірді тиісті орынға әлі де жеткізуге болар деп ойлаймын.
Лингвистикалық реформа бір күннің, яки бір жылдың жұмысы емес. «Көш жүре түзеледі» дегендей, әлі де талқыланып, атқарылар жұмыстар жетерлік. Ең бастысы, Алаш зиялылары айтқандай, әліпбиіміз бен емле ережеміз бұқарашыл болып, ана тіліміздің табиғилығын сақтап қалуға қызмет етсе екен дейміз.
Б.Ысқақ, Ш. Шаяхметов атындағы «Тіл-қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы Терминология және ономастика басқармасының басшысы, ф.ғ.к.
Басып шығару