ҚР Премьер-министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов коронавирустың алдын алу мақсатында тоқтатылуы тиіс шаралар туралы мәлімдеме жасады. Баспасөз конференциясында ол қазақстандықтарды денсаулығын күтіп, гигиеналық талаптарды мұқият орындауға шақырды.
Тоғжановтың айтуынша, санитарлық-дезинфекциялық режим денсаулық сақтау, білім беру, халыққа қызмет көрсету орталықтарын, базарларды, сауда орындарын, қоғамдық тамақтану орындарын, вокзалдар мен әуежайларды қамтитынын жеткізді.
Сауда орталықтары мен базарлар жұмысын жалғастыра береді, бірақ сауда-ойын-сауық орындарындағы кинотеатрлар жабық болады.
«Бізде қоғамдық маңызы бар 19 нысан тіркелген. Қауіпсіздік мәселесі алдыңғы кезекте тұруы тиіс. Қазақстан азық-түлікпен өзөзін жарты жыл толық қамтамасыз ете алады», - деді Тоғжанов.
Оның айтуынша, коронавирустан қорқудың қажеті шамалы, тек қауіпсіздік шараларын мұқият орындаған абзал.
Бұдан бөлек, қазақстандықтарға адам көп жиналатын орындардан аулақ болуға кеңес берілді.
«Үйлену тойы, туған күн, мерекелер – маңызды шаралар, дегенмен адам денсаулығы бәрінен жоғары. Осындай мереке жасамақ ниеттегі адамдар жақсылап ойлануы тиіс. Біз көп адамға мол дастархан жайғанды жақсы көреміз. Менің ойымша, қонақтар санын қысқарту керек. Тіпті, осындай үлкен жиындарды кейінге қалдырған абзал», - деді Тоғжанов.
Қазақстанда дәстүрлі Наурыз мерекесі де өткізілмейді.
«Наурыз мерекесін тойлау – бұл дәстүр, бұл мереке. Бірақ біздің алдымызда адамның қауіпсіздігі мәселесі тұр. Бұл күні адамдар бір-біріне қонаққа барады, тойлайды. Біз ешкімге жиналмаңдар, тойламаңдар дей алмаймыз. Тек мерекені атап өтер кезде айналаң туралы, отбасың туралы кішкене ойланған жөн», - деді ол.