Бүгін ел дүрлікті, әлеуметтік желідегі толқу құдды бір теңіз үстінде сең жүргендей сыңай танытты. Бұған себеп – еліміздің бас санитары Жандарбек Бекшиннің сөзі еді.
Ол әлемді үрейлендірген жаңа коронавирустың Қазақстанға таяп қалғанын ескертемін деп сөзден сүрінді. Орысшалап «Наконец-то» деген оны қазақы аудитория «Келді-ау көп күттіріп» деген сөзі деп қабылдады.
Расында, коронавирустың елге таяп қалуы ықтимал. Өйткені, көрші Ресейде де жиырмаға тарта факт анықталды. Десек те, ол жақпен қарым-қатынас үзілген жоқ. Алыс-берісіміз бағзы қалпында жүріп жатыр.
«11-16 наурыз күні елімізде алғашқы факт анықталуы мүмкін. Кез келген жағдайға дайын болуымыз керек. Егер коронавирус анықталса, алдын ала даярланған шараларды қолданамыз», - деді Бекшин.
Оның сөзін 200-ден астам адамды, оның ішінде коронавирус жайлаған мемлекеттерден келгендерді карантинге жатқызып, бақылауда ұстап отырған Алматы қалалық Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Тілеухан Әбілдаев толық қабылдамайтын түр танытты.
Журналистер сұрағына «өзі жауап берсін» деген ол әзірге жағдайдың бақылауда екенін, секем алатындай факт анықталмағанын жеткізді.
Бүгінде ел құлағы елеңдеп, министрдің «Б» жоспарынан үміттеніп, Бекшиннің «көптен күткен қонағы» келмесе екен деп тілеп отыр.
Еліміздің атқамінерлері коронавирус хақында қол жуудан ары асып ешқандай пікір білдіре алмай отыр.
Сабын кірді алар, коронавирус кімді алар?!