Әл-Фараби педагогикалық тұжырымдамасының заманауи интерпретациясындағы білім беру жүйесін цифрландыру.
12-13 ақпан күндері әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университетінде әл-Фарабидің 1150-жылдығын мерекелеу аясында "әл-Фараби педагогикалық тұжырымдамасының заманауи интерпретациясындағы білім беру жүйесін цифрландыру" атты 50-ші халықаралық ғылыми-әдістемелік конференция өтті.
Секциялық отырыстарда, мастер-класстарда, дөңгелек үстелдерде заманауи жоғарғы оқу орын бітірушінің болашағы мен құзыреттілік үлгілері, жоғарғы оқу орын оқытушысының білім беру сапасы, оқыту және аттестаттау жүйесі бойынша пікірталастар қызу жүргізілді. Сондай-ақ, спикерлер мен қатысушылар ЖОО оқытушыларының педагогикалық іс-әрекетін ынталандыруды, білім беру үдерісіндегі жаңа ақпараттық технологияларды, орта және жоғары білім беруде кадрлар даярлаудағы жаңа нысандарды қарастырды.
ҚР жоғары оқу орындары қауымдастығының басқарма төрағасы, э.ғ. д., профессор Абишев Али Ажимович өз баяндамасында оқытушылар жарқын болашақты қамтамасыз ететін дағдыларды сақтай алатын және дамыта алатын, заманауи сандық технологиялар мен тиімді өзара іс-қимыл жасауды үйренетінін атап өтті. Бұл ретте педагогтарға қойылатын негізгі талаптар кәсіпқойлық, технологиялық және әлеуметтік тәжірибе болып қалады.
Конференцияға қатысушыларды білім саласындағы ақпараттық технологиялардың әлемдік жаңалықтарымен таныстыра отырып, Robot Kit атты жасанды интеллект нәтижесін көрсетті. Адамға жасанды интеллектті оқытудың өзіндік алгоритмін қалай жасауға болатынын түсіндіруге мүмкіндік беретін ерекше әдіс презентациясының соңында А. Әбішев педагог қағазбастылығын азайтып, оған шығармашылық кеңістіктегі жаңа құралдар бере алатын қосымшаларды ұсынды.
Өз кезегінде Томск мемлекеттік университетінің біліктілікті арттыру және қайта даярлау орталығының директоры Велединская Светлана Борисовна сандық оқыту әдістемесін пайдалану керектігін атап өтті. Сандық оқыту педагогтан оқу процесін түбегейлі қайта құруды талап етеді.
Білім беру экожүйесін қайта құруды ҚазҰУ-дың оқу ісі жөніндегі проректоры Хикметов Асқар Құсупбекұлы ұсынды. Мектеп оқушының бойында оқуды жалғастыру үшін қажетті базалық қабілеттер мен дағдыларды дамытуы тиіс. Осыған байланысты мектеп пен ЖОО білім беру жүйесі даму мақсатына қол жеткізу үшін жобалардың жаңа форматтарын табуға тиіс. Әл-Фараби айтқандай: "Білім беру-адамның моральдық-адамгершілік және интеллектуалдық қасиеттерін дамыту және оның мақсатын іске асыру арқылы бақытқа жету."
Оқушының саналы түрде таңдау жасауы үшін университеттер оған қандай сандық білім беру қызметтерін көрсетуге дайын? Тәлімгерлік және өзара оқыту процестері өтетін экожүйеге ЖОО-нын қалай айналдыру керек? Оқыту нәтижесінде педагогтардың жауапкершілігі қаншалықты үлкен? Оқытушылар өз қызметін жоспарлау кезінде білім алу үдерісіне басқа агенттердің әсерін қалай ескеру керек?
Осы және басқа да сұрақтарға жауаптармен қазақ білім сарапшылар лигасының спикерлері, Алматы қаласының аудандық білім беру бөлімдерінің басшылары, орта мектеп директорлары бөлісті. Іс-шараның қорытындысы бойынша қазіргі тез өзгеретін, тұрақсыз заманда білім беру процесін одан әрі жетілдіруге бағытталған ұсыныстар қабылданды.
Әйгерім Әлжанова