«Басқаға залалын тигізген жан өз
қасіретінің отына өртеніп өледі».
Альбер Камю,
Нобель сыйлығының лауреаты
Жаяу адам жатып қарайтын, аттылы кісі түсіп қарайтын ару қыздай ақ мақта өсірген Жетісай жерінің намысты қолдан бермейтін еңбекқор халқы, үстіміздегі тышқан жылының табысты да берекелі болуының негізі бүгіннен қаланатының жақсы біледі. Кетпеніме батпан құйрық іліне ме деп қысы-жазы бір дамыл таппайтын диқан қауымының «ақ алтынымен» мақтанатындай-ақ орны бар. Өйткені, мақта шаруашылығы – бүкіл Мырзашөл тұрғындарының күнкөріс көзіне айналғаны баршаға аян. Кейінгі бірнеше жылдардың жүзінде жер еміп өскен ауыл адамдары бір мақтаға байланып қалмай, қосымша табыс көзі ретінде қырыққабат, қызанақ, қияр, қауын-қарбыз т.б. дақылдарды өсіріп, баптау кең өріс алып келеді. Одан басқа күріш дәнімен көмкерілген, жүгері жапырағымен жайқалған егістік алқаптар көлемі де көбейді. Ауылшаруашылығындағы бетбұрыстың бірі осы. Айтарлықтай дүние деуге келеді. Қазір халық қатал бұйрықты, қаһарлы нұсқауларды қабылдамайды. Мойынға артып қоятын міндеттемелерге мүлдем теріс қарайды. Бұрыңғы кеңестік заманның бюрократиялық – өктемдік ызғарлы саясатының сарқыншағы да қалмаған. Сондықтан қазіргі әкімқаралардың бірден – бір міндеті: адамдарды ұлы еңбекке жұмылдыру, табыс көзі болып табылатын жаңалықтарды барынша насихаттау, жақсы істің жолын ашу, жер – байлығымызды экологиялық жағынан қауіпсіз, экономикалық жағынан ысырапсыз игеруге ұмтылдыру, пайдалы іске үгіттеу. Бір сөзбен айтқанда жарқын істердің жаршысы болу.
Елді артына ерткен әкімнің де, көпті ауызына қаратқан ақынның да, Құдай бетін аулақ қылсын, көрқазушының да бағасын халық береді. Бірақ мына бір ақиқаттан аттап өте алмаймыз. Ол не дейсіз ғой. «Өзгелердің өнеріне, жасампаздығына құрметпен қарамау – барып тұрған іштарлық пен сана -сезімнің таяздығын аңғартады» депті бір дана кісі. Ендеше, жағымды ісімен, нанымды сөзімен, көпке танымал Жетісай ауданының әкімі Жамантай Бейсенбаев туралы мақтауды мақсат тұтпай, асыра сілтеп адаспай, ақиқатың айтсақ, бірінші кезекте әкімге емес, адамға деген құрметіміз болар еді. Болмысты боямасыз болған күйде айтқанға не жетсін.
Жамантай Қанайұлы 1992 жылдан бері әкімдік қазанында қайнап піскен, қалың көптің назары түскен қажырлы, қарапайым қызметкер. Ірілендірілген Мақтаарал ауданы қақ жарылып Жетісай ауданы жеке отау тіккенде Жамантай Қанайұлы әкім болып тағайындалған. Аудан әкімінің орынбасары, ауылшаруашылығы бөлімінің бастығы, қала әкімі, облыс әкімінің кеңесшісі қызметтерін абыроймен атқарған, билік сатыларынан сүрінбей өткен Ж.Бейсенбаев аудан басшылығына келгенде қалың жұртшылық дұрыс таңдау жасалғанын қуанышпен қарсы алған. Сенім үдесінен шығатынына титтей де күмән келтірмеген. Жамантай Қанайұлы Жетісай топырағының түлегі. Баяғыдағы бабаларымыз: «Арғымақтығынды білгін келсе, ат баптаған ауылға бар, құлыныңнан көрмедік деп, сипамай жібермес жалыңды, ақылдылығыңды білгін келсе, азамат өсірген ауылға бар, атаңмен табақтас болмадық деп, сындыра қоймас сағыңды», - деп текке айтпаған екен ғой. Әкімнің бүгінгі таңдағы қадамына баға беру үшін өткен жылдың қорытынды нәтижесіне көз тігіп, сандарды сөйлетіп көрейік. 2019 жылы Жетісай аудан бойынша жалпы өңірлік өнім көлемі 91,1 млрд. теңгені құраған. Ауданның өнеркәсіп кәсіпорындарымен өңдірілген өнім көлемі 7,6 млрд теңге. Шағын және орта кәсіпкерлік субьектілерінің саны 14 875 - ке жетіп, оларда 21,2 мың адам жұмыспен қамтылып, 41 657 млн. теңгенің өнімі өндірілген. Ауылшаруашылығы жалпы өнім көлемі 59 млрд теңгені құрап, 2018 жылмен салыстырғанда 3,5 млрд теңгеге артқан. Ауданда 2019 жылы 30 000 тонна дәнді және бұршақты дақыл, 125 000 тонна мақта, 556 000 тонна көкөніс және бақша дақылдары, 8 000 тонна жеміс-жидек және жүзім жиналған. 70 га жерге тамшылатып суғару технологиясы енгізілген. 2.07 га жерге жылыжай нысандары салынған. Ауыз су саласы бойынша 2019 жылы 3 нысанның құрылысын жүргізуге 823 млн теңге қаралған болса, 2020 жылы 10-нан астам елді-мекен толықтай ауыз сумен қамтылады. Ауданда 70 жалпы орта мектеп жұмыс істейді. Оның ішінде үш аусымды және апаттық жағдайдағы мектептер жоқ. 2019 жылы сметалық құны 10 млрд астам теңгені құрайтын 11 нысанның (9 мектеп, 2 тұрғын үй) құрылысы жүргізілуде. Қай саланы алсаңыз да өсіп-өркендеу бар, өткен жылмен салыстырғанда әлдеқайда жоғары көрсеткіштерге қол жеткізген. Байқағанымыздай, берекелі біткен іс көп, ал алда атқарылатын шаруа шаш-етектен. Бәріне де бір әкімнің ақылы мен парасаты, қажыры мен қайраты, ұлтжандылығы мен ұқыптылығы, әділдігі мен әдептілігі, қайырымдылығы мен жомарттығы, сондай-ақ ұйымдастырушылық қабілеті жетіп артылуы керек. Оған аялы алақаны мен жүрек жылуын қосыңыз. Елдің бірлігі мен татулығына, ынтымағы мен достығына сызат түсірмеу әкімнің бірінші кезектегі абыройлы міндеті.
Бір қарағанда қарбаласқа толы аудан өмірінде барлық шаруа жолға қойылып, дамудың даңғыл жолына түсіп, өзінен өзі күн өткен сайын күш алып, зымыран уақытқа ілесіп, көз ілеспес жылдамдықпен өтіп жатқандай көрінеді. Өмір заңы мұны құптамайды. Қайта күн өткен сайын проблемалар көбейіп, үдерістердің ырғағы жаңа жағалауларға жетелей береді. Аудан әкімі елді мазалайтын мәселелерді ұдайы көтеріп, жоғарыда отырған мәртебелі мырзалардың, қабырғалы қайраткерлердің құлағына құюмен –ақ келеді. Айталық, аудандағы егістік жерлердің құнарлығы кеміп, топырақтың тұздануы мен сорлануы апатты жағдайдың аз –ақ алдында тұр. Тұзданған топырақ мақта өнімділігін тұралатып тастайды. Осының салдарынан мақташы диқандардың еңбегі еш, тұзы сор болып жатады. Одан құтылудың бір-ақ жолы бар: жер асты су деңгейін төмен түсіретін дренаждар үздіксіз жұмыс істеп тұруы керек. Тұрғындарды сапалы таза ауыз сумен қамтамасыз ету жақын жылдарда күн тәртібінен түсе қоймайтын тәрізді. «Жомарттың қолын жоқтық байлайды» демекші, бәріне қол байлау болатын қаржы мәселесін шешіп, жарғақ құлағы жастыққа тимей, шыр-пыр болып жүрген Жамантай Қанайұлының жанайқайын түсінуге болады.
Мақаламыздың маңдайындағы эпиграфтың арқауын тарқатсақ: аудан әкімін елдің қамын жеген Едігедей етіп көрсетіп, жетістіктерін жалаулатып мақтау емес, атқа мінген азаматтарды аяқтан шалып, абыройын төгетін, арыздарды Ақордаға қарай қарша борататын жаман қасиетімізді айту еді. Қазіргі таңда ұрлықпен, тонаумен, қарақшылықпен айналысатын ұйымдасқан қылмыстық топтар бар. Олар күндердің күнінде қолға түсіп, құрықталып, жазасын алатын шығар –ау. Ал аудандар мен қалаларда берік орын тепкен ұйымдасқан арызқой ақсақалдар «алқасын» қайтпекпіз? Әкім біткен олардың бірінші қас жауы. Тырнақ астынан кір іздеп, төмпештегілері келіп тұрады. Сонда ақсақалдар азса арыз жазатын болғаны ғой. «Біріңді қазақ, бірін дос, Көрмесең істің бәрі бос» деген қайран Абайдың өсиетін құлаққа ілмейтіндерге не деріңіз бар. Абай заманында бар надандықтан әлі күнге арыла алмай келеміз. «Біткен іске сыншы көп» дейді қазақ. Әкімді сынап, қателігін бетке басып, әділдікті талап етудің артықтығы жоқ. Ал әкімдердің үстінен арыз ұйымдастырып, алтын уақытын зая кетіріп, қажытатынымыз қайбір онған тірлік дерсіз.
Нобель сыйлығының лауреаты Альбер Камю: «Патша біткеннің пешенесіне жазылғаны - жақсылық жасау мен өз атына айтылған ғайбаттауларға төзу» депті. Сол айтпақшы, аудан әкімі, НұрОтан партиясы Жетісай аудандық филиалының төрағасы Жамантай Қанайұлы абыройлы міндетін адал атқарып, жеткен жерде жығылмай, толған кезде төгілмей, «ақ алтыңды» аймақты алға сүйреп, әманда жасампаз, жарқын, жақсы істердің жаршысы болып жүре беретініне сенім мол.
Махамбет САПАРМҰРАТОВ,
Мақтаарал ауданының Құрметті азаматы,
Білім беру ісінің Құрметті қызметкері,
Жетісай ауданы,
Түркістан облысы