Белгісіз біреулер шіркеуге шабуыл жасап, 24 адамның өмірін қиған. Келеңсіз жайт Буркина-Фасоның солтүстігіндегі Сахель облысында орын алған. Бұл туралы облыс губернаторы Салфо Каборе мәлімдеді.
«Жексенбі күні қаруланған террорлық топ Панси кентіндегі бейбіт тұрғындарға шабуыл жасады. Әзірге 24 адам қаза тапты деген болжам бар», - деді губернатор.
18 адам жарақат алып, бірнеше адамды қылмыскерлер өзімен бірге ала кеткен. Губернатордың айтуынша, шабуыл жасамас бұрын қаскөйлер жергілікті тұрғындар мен қонақтарды ажыратып алған.
Шабуыл Панси кентіндегі шіркеуге, жексенбілік құлшылық өтеп жатқандарға жасалған.