Атырау облысы әкімінің бұрынғы орынбасары Бақытгүл Хаменоваға қатысты сот отырысында тараптардың жарыссөзі басталды, деп хабарлайды Halyq Uni.
Мемлекеттік айыптаушы Лаура Асанова Бақытгүл Хаменова мен Ақылбек Рысқалиевті (облыстық мәдениет басқармасының бұрынғы басшысы) 7 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады.
Сондай-ақ Хаменованың 14 жасқа толмаған баласының бар екенін ескеріп, жазасын үш жылдан кейін өтеуін сұрады. Ол уақытқа дейін пробациялық бақылау қоюды, сот үкімі заңды күшіне енгенге дейін Хаменованы қамауда ұстау туралы шешімді өзгеріссіз қалдыруды сұрады.
Сондай-ақ прокурор соттан Хаменоваға өмір бойына мемлекеттік қызметті атқару құқығынан айыруды сұрады. «Құрмет» орденінен де айыруды сұрады.
«...Құпия әңгіме барысында Хаменова Рысқалиевтен ол ақшаны қайдан және қандай жағдайда алғанын нақтылмайды. Ешқандай талқылау жүргізбейді. Бұл жағдайда Хаменова Рысқалиевтің не туралы айтып тұрғанын түсінеді және бірден алынған параны олардың арасында бөлуге көшеді. Әшкереленбеу үшін ол Рысқалиевке мәдени мекеменің басшысы Аманиязовқа (Атырау облыстық халық шығармашылығы орталығының директоры Жәнібек Аманиязов) сақтау үшін 2 миллион 500 мың теңге сомасындағы ақшаның бір бөлігін беруді тапсырады. Осы әңгімеден кейін 30 минуттан кейін Хайменова Рысқалиевті қайта шақырып алған», - деді прокурор Асанова жарыссөз барысында.
Прокурордың айтуынша, егер Хаменова бұл жағдайда пара беруден хабары болмаса, Рысқалиевпен талқылау жүргізуі қажет еді. Сондай-ақ басқа да адамдардың қатысуымен ашық әңгімелесе алатын еді.
Айта кетейік, сот процесі барысында адвокат Нұрлан Жолболов қорғауындағы Ақылбек Рысқалиевтің үш несиесі барын және оларды іс материалдарына енгізуге өтініш жолдады. Прокурор Лаура Асанова бұған қарсы болмады.
БАҚЫТГҮЛ ХАМЕНОВА ІСІ
2021 жылдың желтоқсанында сол кездегі Атырау облысы әкімінің орынбасары Бақытгүл Хаменова мен облыстық мәдениет басқармасының басшысы Ақылбек Рысқалиев ұсталды. Олар Абай ескерткішін орнатуға мемлекеттік сатып алу шартын жасағаны үшін 4,5 миллион теңге пара алды деген күдікке ілінді.
Келісімшарт облыстық мәдениет басқармасы мен «Балқыту» ЖШС арасында жасалған.
2021 жылдың 12 желтоқсанында Атырау қаласының мамандандырылған тергеу соты Хаменоваға қатысты үйқамаққа алу шарасын қабылдаған. 22 желтоқсанда Атырау облыстық соты екі айға қамауға алу туралы шешім шықты.
Хаменоваға қатысты қылмыстық іс Атырау қаласының №2 сотына 2022 жылдың 31 мамырында түсті. Сот процесі 3 тамызында басталды.
Процесс басында бұл істе Бақытгүл Хаменова және Ақылбек Рысқалиевтен бөлек үшінші айыпталушы бары белгілі болды. Бұл – «Балқыту» ЖШС директоры Өміртай Адамов.
Сот отырысына судья Жұмабек Тәшімов төрағалық етеді. Мемлекеттік айыптаушы – Атырау облысы прокуратура басқармасының прокуроры Лаура Асанова.
Екінші сот отырысында прокурор айыптау актісін оқыды.
Кезекті сот отырысының бірінде Бақытгүл Хаменова өзіне тағылған айыппен келіспейтінін айтты.
«Антикор маған келген алғашқы күннен кейін-ақ «кінәні мойындап, процессуалдық келісімге келіп, балаларыңызға барыңыз» деді. Егер осы шартты орындасам, олар сотпен мәселені шешетіндеріне, бас бостандығымнан айырылмайтыныма уәде берді. Егер менің тиіттей де кінәм болса, мен келісер ме едім? Бірақ менің арым таза, маған тағылған айыппен ешқашан келіспеймін», - деді Хаменова сот отырысында.
2022 жылдың 13 қазанында тараптардың жарыссөзі басталуы керек еді. Алайда жарыссөз басталмастан бұрын айыпталушының бірі – Ақылбек Рысқалиев бұған дейін сотта берген жауабын өзгертіп, Хаменованың пара алу-беру туралы білмегенін жеткізді. Ол өзіне сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің қызметкерлері қысым жасағанын айтты.
21 қазандағы сот отырысында мемлекеттік айыптаушы істе жаңа мән-жайлардың пайда болғанына байланысты сот тергеуін қайта бастауды сұрады. Осылайша, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің қызметкерлерінен онлайн форматта жауап алынды.
«Агенттік қызметкерлері қылмыстық істі тергеу барысында аталған тұлғаларға қатысты заңсыз тергеу тәсілдерін қолдануға жол берген жоқ», - делінген ресми жауапта.