Жамбыл облысының туристік әлеуетін арттыру үшін осыдан төрт жыл бұрын «Қараалма» тау-шаңғы туристік кешенін іске қосу жоспарланған. Алайда өңір экономикасына көл-көсір табыс әкеледі деген спорттық-туристік нысанның құрылысы тоқтап тұр, деп хабарлайды Halyq Uni.
ҚҰРЫЛЫСЫНА 4 МЛРД ТЕҢГЕ ЖҰМСАЛҒАН
«Қараалма» кешенінің құрылысы 2018 жылы басталған. Жобаның жалпы құны 7,9 миллиард теңгені құрайды. Тау-шаңғы базасы «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық транзиттік дәлізінен 8 шақырым, Тараз қаласынан 70 шақырым, Шымкент қаласынан 90 шақырым қашықтықта орналасқан. Қазірге дейін кешен құрылысына 4 млрд теңгеден астам қаржы жұмсалған. Соған қарамастан кешен иесі нысанда шана сүйреп, шаңғы тебетін күн жауық арада тумайтынын айтады.
Кәсіпкер мемлекет көмегіне мұқтаж екенін айтып, жергілікті биліктен қаржы сұрап отыр.
Қазір «Қараалмадағы» Еуропа елдерінен әкелінген түрлі техника тоза бастаған.
«Жобаны аяқтау үшін кем дегенде 1 миллиард теңге қажет. Егер мемлекеттен қаржылай қолдау болса, құрылыс жұмыстарын бір жылда бітіреміз. Кешенді кепілге қойып, несие ала алмаймыз. Өйткені нысан пайдалануға берілмеген. Оның үстіне несие пайызы жоғары. Ақша абаттандыру мен инфрақұрылым жұмыстарына ғана керек», - дейді «Altais group» ЖШС директорының орынбасары Данияр Серікұлы.
Кәсіпкер кешен құрылысы 90 пайызға аяқталғанын айтады. Бірақ тау басындағы нысан қашан толық бітетінін нақты айта алмай отыр. Сондықтан биыл да Австриядан жеткізілген жаңа қондырғылар қар астында қалғалы тұр.
«ІЗДЕП КЕЛІП ЖАТҚАН ТУРИСТЕР БАР»
Ал кешенге жақын жерде тұратын ауыл тұрғындары «Қараалма» тау-шаңғы базасына туристер қазірдің өзінде іздеп келіп жатқанын айтады.
«Жоғарыдағылар жақсылап тұрып жарнамасын жасады ғой. Содан адам көп келеді. Әсіресе, қыс мезгілінде жиі келеді. Келеді, бітпеген құрылысты көреді, кері кетеді. Олай болмайды ғой. Осы нысанды енді тезірек іске қосу керек. Сырттан адамдар келсе де, өзіміз бір мезгіл барып демалсақ та жақсы ғой. Бірақ ол күн қашан туатыны белгісіз», - дейді Жуалы ауданының тұрғыны Үсен Ырысбеков.
Тұрғын Қарашаш Есмұрзаева да нысанның іске қосылғанын қалайтынын жеткізді.
«Келіп жатқан туристерді Алматыға жібергенше, өзіміздің іргедегі «Қараалмаға» демалдырғанымыз жақсы ғой. Ертерек біткені елге тиімді. Шетел асып демалғанша, қасымыздағы демалыс орнына барсақ, ақшамызды да үнемдейміз», - дейді ол.
«ҚҰРЫЛЫСТЫҢ ТҰРАЛАУЫНА КӘСІПКЕР КІНӘЛІ»
Жамбыл облысы кәсіпкерлік басқармасы кешеннің ауыз су жүйесіне 443 миллион теңге қаржы бөлген. Енді қалған жұмысына қаржы бөлмейтінін жеткізді. Сондықтан кәсіпкер несие алуы қажет.
«Кәсіпкер құрылысты жалғастыру үшін 3 миллиард теңгеге дейін қаражат ала алады. 5 жыл субсидиясы төленеді. Мысалы, 18-19 пайызбен екінші деңгейлі банк несие берсе, кәсіпкер 6 пайызын өтейді. Қалғаны мемлекет тарапынан субсидияланады. Кәсіпкер несие алуға өтініш берген жоқ. Қаржыға сұрау салмағандықтан, құрылысы тоқтап тұр», - дейді Жамбыл облысы кәсіпкерлік басқармасының бөлім басшысы Дамир Досалянов.
«ҚАРААЛМА» ҚАШАН ҚОЛДАНЫСҚА БЕРІЛЕДІ?
Теңіз деңгейінен 3 200 метр биіктікте Талас жотасының солтүстік беткейінде орналасқан туристік база – облыстағы алғашқы көпсалалы демалыс орны. Алайда мақтаулы мега жобаның қашан аяқталатыны белгісіз. Жоба іске асса, 120 жұмыс орны ашылады.
Айта кетейік, жыл бойы жұмыс істеуге бағытталған демалыс базасында ұзындығы 2 500 метрді құрайтын арқан жолы салынған. Кешен құрылысында еуропалық үлгідегі 20 коттедж, 70 орынға лайықталған мейрамхана, шолу алаңы, қызмет орталығы, автотұрақ бар. Нысан аумағында тауға өрмелеу, жаяу жүру, ат және велосипед маршруты, волейбол, баскетбол және футбол алаңы, теннис корты, сондай-ақ шаңғышылар мен сноубордшыларды үйрету орны қарастырылған.