Алматыда менингококкты инфекция, токсокарозлямблиоз, безгек аурулары тіркелді. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Алматы қаласының санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Қасымхан Алпысбайұлы айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Спикердің сөзінше, қалада менингококкты инфекция, токсокарозлямблиоз, сырттан әкелінген безгек жағдайлары (Оңтүсьік Африкадан), және тұмаудың үш жағдайы тіркелген.
«Мегаполисте тамақтан улану, ботулизм, листериоз, серозды менингит, А вирусты гепатиті, жіті В вирусты гепатиті бойынша сырқаттанудың өскені байқалады. Денсаулық сақтау ұйымдарымен бірлесіп барлық инфекция және паразиттік ауру ошақтарында эпидемияға қарсы шаралар уақтылы жүргізілді», - деп атап өтті Қасымхан Алпысбайұлы.
Департамент басшысының айтуынша, Алматыда 50-ден астам қауіпті аурулар тіркелмеген, оның ішінде тырысқақ, оба, сібір жарасы, геморрагиялық қызба, дифтерия, қызылша, қызамық, сіреспе және тағы басқалары.
«Бұл жағдай эпидемиологтардың бақылауында, бір қуантатыны, бұл инфекциялар мегаполисте таралмаған. Нозологиялық сырқаттанудың 5 түрі, соның ішінде этиологиясы анықталған жіті ішек инфекциясы, ротавирусты инфекция, анықталған короновирустық инфекция, анықталмаған короновирус инфекциясы бойынша сырқаттану деңгейінің төмендеуі байқалады»,- деді ол.