ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев Еуразиялық экономикалық одақ елдерінен әкелінген автокөліктерді тіркеу туралы пікір білдірді.
«Шетелден көлік әкелген барлық қазақстандықтар тіркеу үшін ақша төлейді, басқалай жолы жоқ. Ішкі істер министрлігінің мәліметіне сүйенсек, азаматтар Армениядан ондаған көлік әкелген. Алматы облысының азаматы, тіпті, 70 автокөлік алып келіпті. Атырау облысының екі азаматы қосылып 80 көлік әкелген. Бұл көпшілік айтып жатқан қалтаны қағып алған көлікке ұқсамайды. Олар заңның жұмсақ жерін пайдаланып ақша тапқысы келді», - деді ол.
Абаевтың айтуынша, шетелдік нөмірмен жүрген көліктер жол-көлік ережелерін шектен тыс бұзып жүр.
«Олардың жасаған заңбұзушылықтарының жалпы құны миллиард теңгеге жақындаған. Аталған сумманың 90 пайызы әлі төленген жоқ. Шетелдік нөмір таққан BMW маркалы көлік жол-көлік ережелеріне 450 мәрте бағынбаған. Қарап отырсаң, әдейі жасайтын сияқты. Осыған орай қатаң жазалар қолдану керек. Отыра қалып, мемлекетті әділетсіз деп ғайбаттау оңай. Ал айтыңызшы, дәл осы жүргізуші қанша адамның өміріне қауіп төндіруі мүмкін? – деп түйді министр.
Бірнеше күн бұрын армениялық және қырғызстандық нөмірмен жүрген көліктерге сары нөмір берілетін болып шешілді. ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің басшысының орынбасары Серік Түсіпов тіркеу құны туралы мәлімет берген.
Алғаш болып алматылық азамат өзінің шетелдік көлігін тіркеуден өткізді.