АҚШ президенті Дональд Трамп бүгін сенаттағы өзін қызметтен кетіру үшін берілген дауыс нәтижесіне қатысты пікір блдірді. Сенатта президентке тағылған екі түрлі айыпты да ақтап шықты.
Ақ Үйдегі сөзінде Трамп өзіне айып таққандарды «өтірікші», «өсекқұмар», «лас» адамдар деген-ді. Трамптың айтуынша, өзіне қатысты импичмент жарияланған кезден бері ешқандай президенттің басынан өтпеген уайым шеккен екен.
«Біз тозақтың табалдырығынан қайттық», - деді ол. Сондай-ақ, Украинаға қатысты және өзінің қарсыласы Джо-Байден тарапына заңға томпақ келетіндей әрекетке бармағанын айтып, ақталды.
Трамп өз сөзінде республикашыл достарына алғыс білдіріп, өзін ақтап алуға қосқан үлестері мен тигізген көмектерін атап өтті. Тек республикашылдардың арасындағы өзін қызметтен кетіруге дауыс берген Митт Ромнидің қылығына өкінетінін айтты.
Трамп үш жылдан бері демократтардың өзін қызметтен аластатуға ұмтылып келе жатқанын айтады.
«Олар өз қылықтарының дұрыс емес екенін біле тұра, мүдделерін мемлекеттен жоғары қояды», - деп түйді ол сөзін.
Еске сала кетейік, Трампқа өкілеттілігін асыра пайдаланды деген айыппен импичмент жарияланған еді. Ал Трамп АҚШ тарихындағы импичмент жарияланған үшінші және сенатта ақталған үшінші преидент ретінде тіркелді.