Ресейдің тәуелсіз бұқаралық ақпарат құралдары экономика мәселесіндегі келеңсіздіктерді жарыса жазып, АҚШ-тың мемлекеттік хатшысы Майкл помпеоның көрші Қазақстанға келуінен күдіктеніп һәм алаңдап отырған жайы бар. Ал кей сарапшылар бұл сапардың сәтті боларына кәміл сенеді. Себеп – АҚШ инвестиция салуға қолайлы әрі жер көлемі кең дамушы мемлекеттен қытайлық инвесторларды ығыстырып, Ресейдің нарыққа иелік етуіне жол ашады деген ой.
Помпеоның сапары Белорусь, Өзбекстан және Қазақстанға жоспарланғанын білеміз. Ресейліктер осы бағыттардың ішінде ең үлкен нәтиже берген кездесу деп Нұр-Сұлтандағы жиынды бағалап отыр. Сондай-ақ, мұхит асып келген кәделі қонақтың сапары бұрынғы КСРО құрамына кірген елдердің әлі күнге Мәскеуге қол жаятынын көрсетіп берді-мыс.
«Біз әріптестік серіктестікті одан әрі кеңейтіп, бірлігімізді нығайта түсеміз», - деп жазды мемлекеттік хатшы Тоқаевпен кездесуден кейін.
Тоқаев та Помпеоға ыстық ықылас танытып, АҚШ-тың 1991 жылы Қазақстан тәуелсіздігін мойындаған алғашқы мемлекет екенін, содан бері тығыз экономикалық қарым-қатынас үзілмегенін айтты.
«Менің ойымша, аталған келіссөздерге сәйкес алыс-берісіміздің ауқымын одан әрі кеңейтуге мүмкіндігіміз бар», - деп қоштады мемлекет басшысы.
Америкалық дипломат Қазақстанның маңызды фигураға айналғанын еске түсіргісі келіп, экономикалық мәселелерден бөлек Ауғанстандағы жағдайды реттеуге атсалысқанын, Таяу Шығыстағы майдан даласындағы азаматтарды қайтарып алғанын жоғары бағалайтынын жеткізді.
Осындай бір-біріне көпшік қоя отырып жалғасқан әңгіменің соңында Помпео америкалық тарап Қазақстан үшін «үздік серіктес» екенін атады. Бұл, әрине, алыс-берісі ажырамаған көрші Ресейге мұрын шүйіре қарау еді.
Кездесу соңында Тоқаев пен Помпео үкіметаралық «ашық аспан» қағидасына сәйкес келісімшартқа қол қойды. Бұл келісімшарт Қазақстан мен АҚШ арасында тікелей тұрақты рейстердің ашылуына мүмкіндік береді.
Бірақ, бірақ...
Помпео Қазақстан нарығындағы америкалық компаниялардың әлеуетін қанша аспандатса да инвестиция көлемі бойынша Нидерландыға жол беріп отыр. Нидерланды 2005-2018 жылдар аралығында қазақстандық нарыққа 80 миллиард доллар ақша салған. Ал АҚШ-тың жұмсаған ақшасы 33,7 миллиард доллар шамасында. 30 миллиард долларын Швейцария беріпті, бұдан әрі Ұлыбритания, Франция, Бельгия сияқтты мемлекеттер мәрттік танытқан. Әрине, инвестицияны басыбайлы жомарттық деу әбестік шығар, бұл ақша олардың қазынасына еселеп қайтады ғой...
Ұлттық банк 26 жыл ішінде Қазақстан нарығын 121 мемлекет қаржыландырды деген ақпаратты алдыңа тартқанда өз әлеуетіңе күдіктеніп, тамақтан ас өтпей қалғандай екен. АҚШ, Нидерланды, Швейцария, Қытай сынды мемлекеттер арзан нарықты жаулау үшін таласады. Қызығы Қазақстан экономикасына ақша салған мемлекеттердің үздік бестігінде Ресейдің жоқтығы. Қойы қоралас жатқан елдің ахуалы нашар ма, әлде сенімі аз ба?!
Қазақстанды дамушы мемлекет ретінде қарастырғанымызбен, посткеңестік елдер арасындағы екінші және Орта Азиядағы ең ірі экономика екенін естен шығармаған абзал. Басты өндіріс мұнай шикізаты, табиғи газ және басқа да қазба байлықтар болып саналатын елдің халқының басым бөлігі ауыл шаруашылығымен айналысады. Ал Ресейдің инвестицияда басқадан бәсі жоғары болуына Еуразиялық экономикалық одақтың мүшесі екеніміз де әсер етпегені ме?!
Қазақстанның ішкі нарығындағы сауданың салмағы Қытайға түсіп отыр. Қытай 2005-2019 жылдар аралығында көрші ел экономикасына 26 миллиард доллар ақша салыпты. Ал Ресейдің үлес-салмағы небәрі 14 миллиард теңге шамасында.
Бұл сумма Омскідегі Тоқаев пен Путиннің кездесуінде айтылды. Дәл осы басқосуда тағы да бірқатар келіссөздер жасалып, ел экономикасына Ресей 40 миллион доллар тартылған-ды. Миллиард емес, миллиондық есеп шетелдік сарапшылардың күлкісін қытықтағандай...
Қытайды тықсырып, орыстың басынан сипамақ...
Ресейліктер өз үкіметінің жайбасарлығына ыза болып, алдыңғы толқынды технология жасай алмай отырғанын сынға алды. АҚШ Ресейдің «өз баласындай көріп кеткен нарығына ауыз салғанда олар да ашулана бастады.
Қазақстанға мұнай-газ, басқа да қазба байлықтарды өндіру үшін жоғары деңгейдегі технология керек. Сонымен қатар, Қазақстан көпвекторлы саясаттың сарынындағы мемлекет. Біз АҚШ-пен де, Қытаймен де, Ресеймен де достық қарым-қатынас орнатуды көздейміз. Помпеоның «Біз Қазақстанға қарым-қатынас жөнінде шектеу қоя алмаймыз, бірақ..» деген сөзінің астарында Мемлекеттік департамент Орта Азия елдерінің нарығын Қытай саудасынан босатып алуды көздейтіні анық байқалған-ды.
Ал дүйсенбіде Ташкент төріндегі Еуразиялық экономикалық одақтың өткізіп жатқан форумдарының аналогы іспеттес шара өтті. Бұл бағзыдан бар бағыт. Сойы – «С5+1»: Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түркіменстан, Өзбекстан және АҚШ. Бұл формат 2015 жылы сол уақыттағы АҚШ-тың мемлекеттік хатшысы Джон Керри мен миллиардер Джордж Соростың ойынан шыққан дүние-тін. Осыдан тура бес жыл бұрын АҚШ тарапы Орта Азия нарығына «марш-бросок» қадамымен келген еді. Бірақ «С5+1» форматы керемет нәтиже бере қоймады.
Қалай десек те, АҚШ Орта Азия елдеріне белгілі бір деңгейде мұқтаж: бірінің нарығына, бірінің энергетикалық әлеуетіне, бірінің Ауғанстанға жақын шекарасына дегендей... Ал олардың өз мүддесі үшін нарықты Қытайдың уысынан босатуы – біз үшін пайдалы. Елде өндіріс ашылып, жұмыс орыны көбейеді, сапалы нарық қалыптасады, тағысын тағы.
Помпеоның табаны тиген елде әжептеуір революция жүретінін білеміз. Тек бұл сапардан кейінгі өзгерісі оңынан болғай!