Алматыда №7 қалалық клиникалық ауруханасының ортохирургия бөлімінің меңгерушісі Арнат Байзақов туа бітті дисплазияға шалдыққан әйелге ота жасады, деп хабарлайды
ҚазАқпарат тілшісі. Ота сәтті өтіп, балдаққа сүйеніп қалған әйел жұмысқа шығып кетті. 33 жастағы Балжан Мақұлбекова туғалы бері жамбас ұршығының туа бітті дисплазиясы дертімен ауырған. «Бала кезімнен бері 3 рет ота жасалды. Сан сүйегінің жоғарғы жағын сындырып, сүйекті қисық бітіріп ұршыққа қондырмақ болды. Бірақ оталар сәтсіз болды. Содан кейін балдаққа сүйеніп қалдым. Көп жүре алмайтынмын. Бір аяғым екіншісінен ұзын болды. Жиі ауыратынмын», - деді Балжан Мақұлбекова. Мүмкіндігі шектеліп қалған әйел №7 аурухана дәрігерлерінен көмек сұрап келген. «Екі ұршықтың басы туа бітті шығып кеткен. Бұрын кішірек кезінде сүйектерін сындырып ұршық басына отырғызуға тырысқан. Жамбас сүйегі дипслазиясы өте қиын ауру. Ол дұрыс емделмесе мүгедектікке әкелетіні рас. Содан Балжанның оң аяғына былтыр ота жасадық. Буынға эндопротез орнаттық. Ота сәтті өткені соншалық, пациент бірден балдағын тастады. Ауырсыну сезімі жойылды. Сол жақ аяғының емі күрделірек болды. Өйткені, ұршықтың басы жоқ, жамбас ұршығы жоқ болды. Қисық сүйекке протез орнату қиын. Ұршық басы жоғары кетіп қалған. Осылайша орнына қойып, протез салдық. Аяғын ұзартып екеуін теңестірдік. Ота 3-4 сағатқа созылды. Қазір аяғының ауырғаны қойды. Науқас өзі жүріп тұрып қозғалып жүр», - деді №7 қалалық клиникалық ауруханасының ортохирургия бөлімінің меңгерушісі Арнат Байзақов. Енді Балжанның аяғындағы протез 20 жылға шыдас береді деген болжам бар. Қазір әйел №1 аурухананың жанында ашылған оңалту орталығында оңалту процедураларынан өтіп жатыр. Мамандардың айтуынша, бұндай ота Қазақстанның кез-келген ауруханасында жасалмайды. «Ота жасау үшін мықты маман, қажетті құрылғылар керек болады. Кез-келген аурухананың ортохирургия бөлімі бұндай материалдық техникалық базамен мақтана алмайды», - деді Арнат Байзақов. Айта кету керек, операция портал арқылы квотамен жасалды.